©
Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың халық алдындағы есептік кездесуінде мәлімдеді.
Тұрғындарды орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші 64%.
- Елбасының жаңа Жолдауында атап көрсетілгендей, ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтуға үкімет жыл сайын 100 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлетін болады. Ағымдағы жылдың бюджетінде осы мақсатқа 4 млрд.теңге қарастырылды. Бұған қосымша республикалық бюджетті нақтылау барысында жаңа 16 жобаның іске асыруға 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Бөлінген қаржыға осы жылы Бейнеу ауданы Боранқұл, Сарға; Мұнайлы ауданы Басқұдық, Маңғыстау-4; Қарақия ауданы Бостан; Маңғыстау ауданы Жармыш, Жыңғылды ауылдарында ауылішілік су құбырының құрылысы аяқталады.
Бейнеу ауданы Бейнеу, Есет, Толеп; Қарақия ауданы Жетібай, Сенек, Кұланды; Мұнайлы ауданы Маңғыстау 3 және 5; Түпқараған ауданы Ақшұқыр, Сайын, Таушық ауылдары сумен қамту нысандарының құрылысы басталады.
Осы жұмыстардың іске асуы облысты жыл соңында орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткішін 69%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.
Өткен жылы «Каспий» су тұщыту зауытын жаңғырту жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды. Бүгінгі таңда зауыт қуаты тәулігіне 30 мың текше метр су шығаруға жетеді.
Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде қазір Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданы және Құрық ауылы сумен толықтай қамтылып отыр. Қазір зауыттың қуаттылығын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-кезең жұмыстары жүргізілуде (10,6 млрд.теңге).
Нәтижесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында игерілетін 11 мың жаңа жер учаскелері сумен қамтылады.