Маңғыстау облыстық аумақтық инспекцияның ұйымдастыруымен браконьерлермен күрес мәселесіне арналған жиын өтті. Іс-шараға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Атырау облыстық аумақтық инспекциясы, облыстық мамандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы, табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Ішкі істер басқармасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі аймақтық басқармасы өкілдері қатысты.
Браконьерлікпен күресте мүдделі құрылымдардың күш біріктіруі, ортақ мақсат жолында біресе күресуінен нәтиже күтуге болады. Осы ретте, көкейдегі көп ойды ортаға салып, ұсыныстарды екшелеу, өзгелердің тәжірибесін таразылып, жақсы үрдісті күнделікті қызметте іске асыру,кеңесе отырып, келелі міндеттерді белгілеу маңызды. Өткізіліп отырған жиын осы мақсатты көздеді. Кемшіліктер, қолбайлау болып отырған кедергілер, жұмысты ширата түсу жолдары жан-жақты сөз болды.
- Жылда жасақталатын 130 –дей бригада құрамында 450-дей балықшы жұмыс істейді. Десек те, мемлекеттен бөлінген балық аулау лимитін толықтай игеріп жүрген жоқпыз. Биылғы жылдың өзінде 1880 тонна балық аулауға лимит берілген болса, соның 60 пайызы ғана орындалды, - деп Маңғыстау облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Түменбай Қалжанұлы баяндамасында кемшін тұстарды да айтып өтті.
Мұның бір себебі, әркім көрпесіне қарай көсіліп, жағалау беттен ұзай алмай жүргендіктен. Теңіз айлағынан балық аулау қолға алынып жатқан жоқ. Әрине, қол қусырып қарап отырды деуге болмас. 2015 жылы кәсіпкерлердің сұрауы бойынша 20 мың тоннаға дейін лимит сұралған. Оның ішінде 12 мың тонна май шабақ аулауға бағыт ұсталған. Техникалық жағынан дұрыс жарақанбауы, құрал-жаблық тапшылығы, басқасын сөз етпегенде кеме жүргізетін маманға дейін жетіспеушілігі сияқты себептерге байланысты бұл жоспар іске аспай қалған.
Баяндамада сөз болғандай, аумақтық инспекция табиғат пайдаланушылардың басын қосып, ай бойғы қызметтеріне талдау жасайды. Лимит игеру, балық шаруашылығын жүргізу жөнінде келісімшарттардың орындалысын бақылау, өздеріне тиесілі жағажайды қорғау-атқарылар жұмыстардың негізгі бағыттары. Бірлескен іс-қимыл шарасы шеңберінде жергілікті билікпен, табиғат қорғаумен айналысатын мемлекеттік органдармен, прокуратурамен бірлесіп «Браконьерлікке жол жоқ» деген тақырыпта іс-шаралар, рейдтер өткізілді.
Облыстық аумақтық инспекцияға қарасты жануарлар дүниесін қорғау бағытымен тікелей айналысатын «Балық шаруашылығы», «Бозашы», «Түпқараған ауданы бойынша инспекция» сияқты үш бөлімнің әрқайысында 6-7 қызметкер жұмыс жасайды. Көпшілігінің осы салада 10-12 жылдан еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар.
- Соған қарамастан қаскөйлермен күресте дәрменсіз екенімізді, өзімізге тиесілі аумақты бақылауға күшіміз жетпейтіндігін, инспекторлардың жүктемесі көптігін де айтпасқа болмайды. Аумақтық инспекцияның жарақтандыруы өте нашар. Су көлігі жоқ деуге болады. 2015 жылы дағыстандық браконьерлерден тәркіленген бір байдамыз бар еді, бізге дейін әбден тоналған. Қараша айында іске қосып, теңізге түсіргіміз келеді.Былтыр алған тағы бір байдамыз бар, бар «байлық» осы. Есептен шығаруға дайын тұрған жеті автокөлік бар. Шығарсақ жаяу қаламыз, жамап-жасқап пайдаланып жүрміз. Бізге тиесілі 1350 шақырымға созылып жатқан аумақты осындай болмашы, «әлжуаз» техникамен қамту мүмкін де емес. Байланыс жайы да тым нашар. Мәселе алдағы уақытта шешілер деп ойлаймын, - дейді Маңғыстау облыстық аумақтық инспекцияның басшысы.
Каспий теңізі жағалауында өткен жылы екі төтенше жағдай тіркеліпті. Былтырғы маусым айындағы 247 итбалықтың өлімі бірталай әңгіме болды. Техногендік ахуалға немесе ауруға байланысты екендігі анықталған жоқ. Тексеру нәтижесінде «табиғи жағдайда өліп, батыстан шыққан желдің екпінімен жағаға шығып қалған» деген қорытынды жасалды.
- Браконьерлер көбіне көрші республикадан келеді. Қайығы аса қуатты моторлармен жабдықталған, «бес қаруы сай» оларды қуып ұстауға біздің күшіміз жетпейді. Мына фотода көріп отырғаныңыз Аташ кенті жағалауында тұрған «қыдыруға» деп шекара қызметінен ұлықсатын алған қайықтар. Иелері қыдыруды, демалысты желеу етіп заңсыз бекіре аулаумен айналысады. Оларды бақылау, қылмысын әшкерлеу мүмкін емес ,себебі тұрақты орны жоқ,-деді Түменбай Қалжанұлы.
Жиында ең көп сөз болған, «қыдыру, демалу» мақсатында қолданыстағы қайықтардан туатын проблемалар. Бұл жерде сұрақ көп. Қыдыруға арналған қайықтарға қуатты моторлар неге керек? Есепке алуға, бақылауға мүмкін болуы үшін арнайы, қоршауы, қарауылы бар, тұрақ неге белгіленбейді? Жүретін бағыт, барып-келу жол кестесі неге көрсетілмейді? Жолаушылар тасуға, демалысқа ыңғайлы емес, қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін мұндай қайықтарға теңізге адам қыдыртуға ұлықсат неге беріледі? Неге, неге?...
Басқосуда осы сауалдарға жауап ізделіп, ұсыныстар да айтылды. Инспекцияның, шекара қызметінің бақылауына қолайлы болуы үшін бұл қайықтарға арнайы, ақылы тұрақ жасақталуы керек. Келіп-кетуі, жүріс–тұрысын бақылау сонда ғана мүмкін болады. Заңда көрсетілгендей, жергілікті әкімшілік қаражат қарастырып, жер бөліп, жоба жасап, қайықтар тұратын орынды іске қосуы қажет. Бұл мәселе Түпқараған ауданы әкімдігінде өтетін жиналыста арнайы мәселе ретінде қаралатын болды.
Өткен жылы Ақтау-Форт-Шевченко жолы бойында 5 тоннадай қызыл балық тәркіленгені айтылды. Жоғарыдағы айтылған жағдай шешім тауып жатса нәтиже бұдан да жоғары болар еді. Қазіргі жағдай «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарадының» көрінісі болып отыр.
Жиында сөз сөйлеген Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сарапшысы Данияр Тілеукенов браконьерлікпен күрестегі өзге өңірлердің тәжірибелерін қолдану, заңға өзгерістер енгізу, броконерлікке байланысты заңды күшейту қажеттігіне көпшілік назарын аударды. Облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокурорының орынбасары Смағұл Хасниязов, облыстық ішкі істер департаменті табиғатты қорғау бөлімі бастығы Досбек Серіков, ҚР ҰҚК Шекара қызметі аймақтық жағалау қызметі басқармасының өкілі- «2018» әскери бөлім командирі, подполковник Талғат Тілеумағанбетов, аймақтық басқарманың штаб бастығы, 1- рангті капитан Данияр Малчубаев табиғатты, жануарлар дүниесін қорғау бағытында өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар хақында сөз етті. Әсіресе, көбірек қозғалған мәселе «қыдыруға, демалуға арналған кемелерге ұлықсат беру жайы. Бұл ретте, шекара қызметі өкілдеріне бағышталған ұсыныстар да айтылды.
- Мемлекеттік қызмет көрсету регламенті талабына сай өз міндетімізді атқарып жатырмыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер органы, әкімдік, транспортқа жауапты мекемелердің қолы қойылған, келісімі берілген, құжаттары заңды болғандықтан біз қайық иелеріне ұлықсат беруге тиістіміз,- деп әскери бөлім басшысы Талғат Сламғалиұлы бұл істе өздерінің заң шеңберінде жұмыс жасайтындықтарын ашып айтты.
Атырау облыстық аумақтық инспекция бастығы Данияр Баймағанбетов өз тәжірибелерімен бөлісті. Жанбай елді мекенінде браконьерлерден қызылбалық тәркеленіп, 370 миллион шығын анықталғаны, істің сотта жіберілгені айтылды. Жалпы мұнда шекарашылармен, әскері бөлім, ішкі істер органдарымен тығыз байланыста жұмыс жасалады. Қызылбалықтың уылдырық шашар кезінде олардың жүретін жолдарына бақылау орнату, бірлескен рейдттер ұйымдастыру жақсы жолға қойылған. Атырауда тәркіленген иесіз байда,қайық, тор, құрал-жабдықтар облыстық аумақтық инспекцияға тапсырылады екен. Маңғыстауда осылай істеуге не кедергі?!
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Салалардың жұмысы сараланғанда…- Бір шешілмей келе жатқан мәселе- атыраулық браконьерлер қашып, Маңғыстау облысы аумағына кіріп кеткенде амалсыз кері қайтатындығымыз. Сіздермен байланыс жасай алмаймыз. Шыны керек, Аташта тұрған қайықтардың біразы Атыраудан келгендер. Осы ретте, бірлескен іс-қимыл қажет. Уақытын, аумағын белгілеп күштік құрылымдарды, әскерилерді қатыстырып, күш біріктіріп, бірлесе рейдттер өткізсек, біраз нәтижеге қол жеткізер едік,-деді Данияр Асылкерейұлы.
Басқосуда Ресей, Қытайдан келетін балық аулайтын торларды Маңғыстау облысына жеткізбей жоюға, жолын кесуге қатысты да құнды ой-пікірлер айтылды. Ақтаудағы балық аулауға қажетті құрал-жабдықтар сататын дүкендер қатаң бақылауда. Дегенмен, қызылбалыққа арналған торлар контрабандалық жолмен жеткізіп жүргендігі оларға қарсы күрес тәсілін жетілдіре түсуді қажет етеді. Сондай-ақ, бүгінгі басқосуда Бозашы инспекциясының бөлім бастығы Хабиб Алихаджиев жанар-жағар майды бөшкелеп Ақтаудан таситындықтарын, азық-түлік жеткізуде де осындай қиындықтар бар екендігін, соған қарамастан инспекция қызметкерлерінің өз міндеттерін аброймен атқарып жүргендерін жеткізді. Айтылған ұсыныстар қаперге алынып, бірлесе атқаратын жұмыстар мерзімі нақтыланып, браконьерлікке қарсы күресті күшейтуге бағытталған шешім хаттамада көрініс тапты.
Болат ҮМБЕТОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48586,48583,48585,48584"]