©
Қазіргі таңда елімізде жастарға көп көңіл аударылуда. Білім алған әрбір жас оны өз кәдесіне жарата отырып, қоғамға өз үлесін қосуы қажет.
«Арман» жастар орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жұмыссыз жүрген жандардың жұмысқа орналасуына көмектесіп, сұранысқа ие мамандықтарды ұсыну шараның басты мақсаты болып табылады. Жәрмеңкеге қала тұрғындары мен жастары белсене қатысты. Аймақтың 7 ірі компаниясы бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыз жастар жұмыс ұсынушы тараппен кездесті. Жұмыс ұсынып келген компаниялар кеңсе қызметкерлері, оқытушы, инженер, монтажшы секілді мамандық иелерін іздейді. Сондай-ақ «Жаңа серпін» орталығының өкілдері жастарға барынша ақпарат берді.
- «Жаңа серпін» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2015 жылы Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен құрылды. Орталық 17 қызмет түрін көрсетеді. «Жаңа серпін» бағдарламасы мекеменің сұранысы бойынша жұмысшы мамандарды мемлекет есебінен тегін оқытады. Аталған бағдарламаның ерекшелігі, еліміздің барлық аймағында, ең озық деген оқу орталықтарында оқытады. Оқуға түскен әрбір жас оқу ақысы, шәкіртақы, жол ақысы, үш мезгіл тамағымен, жатақханамен қамтылады. Біліммен сусындап, оны тәмамдағасын тұрақты жұмыспен және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда Ақтау қаласында аталған бағдарлама бойынша білім жетілдіріп, тұрақты жұмыспен қамтылған және өндірістік тәжірибеден өткен азаматтарға арналған 800 орындық 3 жатақхана пайдалануға берілді, - дейді «Жаңа серпін» орталығы коммуналдық-мемлекеттік мекемесі мониторинг бөлімінің басшысы Меруерт Досанова.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Шайыңды құйшы, келінжан!Жұмыс ұсынушы тараппен жұмыс іздеп келген жастар арасында еркін әңгіме өрбіді. Жұмыссыз жастар арнайы мамандардың кеңестеріне жүгініп, сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар шара кезінде үстел үстіне бос орындардың тізімі жазылып қойылыпты. Өз мамандығыңызға сәйкес жұмысты таңдап, түйіндемеңізді көрсетілген мекен-жайға жіберу арқылы немесе телефонға қоңырау шалып, сұрақтарыңызға жауап алуыңызға әбден болады. Ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңке алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтты.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР