©
Қазақстан халқының 1-форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы институтын құруды ұсынған болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігіне 25 жыл толды. Осыған орай «Маңғыстау – татулық пен келісім аймағы» атты мерекелік жиын өтті.
Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, облысымыздағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігін айтулы мерекемен құттықтай отырып, ел игілігі үшін еткен еңбектеріне табыс тіледі:
«Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен еді. Бүгінде олар тегі басқа болғанмен теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.
Қазақстан Республикасы Президентінің саяси ерік-жігерінің арқасында біздің мемлекетте бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Біздің болашақ ұрпаққа беретін ең басты байлығымыз – бұл халықтың бірлігі».
«Халық келісімі» қоғамдық бірлестігінің 25 жылдық мерекесіне орай қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін облыс әкімі Ералы Тоғжанов ЭМБ мүшелеріне алғыс хат табыстады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі