©
Малы мыңғырған, қойнауы қазыналы, киелі Маңғыстаудың топырағынан Асан Қайғының ізі, Тарақұлы Абылдың күйі, Қашаған мен Өтембеттің Абылының өлеңі, Нұрым мен Ақтанның сөзі, Ақбөбек пен Қайыптың сағынышы, Есірдің қайғы мен мұңға толы сазы естіліп тұрғандай.
Пай-пай дүние-ай, Құрманғазының қолына кісен салғызған, Есірді зорлықпенен ел шетіне барғызған, Сейтекті түрмеге қамап, жүрегіне өшпенділіктің уын тамызған, Есжанның көзін ағызған күйге деген құмарлық, сұрапыл күшпен қатыгез қараулыққа қарсылық емес пе? Есімде, 1976 жылы Тілеумұрат Қожабеков ағамыз Алматыдан Ақтауға ұшып келді. Біздер күйі болмағасын сұрап қарасақ, қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев қайтыс болған екен. Мұқаңның үш-төрт жол өлеңін оқып жіберіп, «Өмір керуен, келесің де кетесің» деген осы екен-ау деп терең демалды. Бұл ақынның ақынға деген қимас сезімі емес пе?
Белгілі ақын, күйші, қоғам қайраткері, қамқор әке, сүйікті жар, ағамыз Тілеумұрат Қожабеков 1948 жылы Шевченко ауданы, Құлалы ауыл советінде дүниеге келді. 1966 жылы Форт-Шевченко қаласындағы С.Киров атындағы орта мектепті бітірді. 1967–1972 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, туған еліне келіп еңбек жолын бастады. Комсомол комитетінде жұмыс жасады. «Балалар музыка» мектебін басқарды. Тілекең оқып жүріп университет жанынан «Аққу», «Қызғалдақ» ансамбльдерін құрды. 1980 жылдары мәдениет үйі жанынан Бисекеш Мұханов ағамыз екеуі «Ақ желкен» үгіт бригадасын құрды. 1982–1986 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болды.
1985 жылдың күзі еді. Мен Алматы мемлекеттік консерваториясында оқып жүрмін. Әскерден келген кезім, тентектеу болдым. Мені оқудан шығаратын болды. Не керек, Тілеумұрат ағама хабарласып: – Өзіңіз оқуға түсірдіңіз, тентектік жасап қойып оқудан қуылайын деп жатырмын, – дедім. Ағам әй-шай жоқ ертесіне Ақтаудан Алматыға ұшақпен ұшып келді. Қазақстанның халық әртісі, профессор, күйші Қаршыға Ахмедияровқа барды. Хабарды жеткізіп, содан халық факультетінің деканы, доцент Мүлкаман Қалауовты Қаршекеңнің үйіне қонаққа шақырды. Содан танысу басталды.
Қаршекең: – Тілекең Маңғыстаудың жігіті, студенттік кезден араласып келе жатырмыз, – дегенде Мүлкаман аға мырс етіп күліп жіберіпті.
– Неге күлдіңіз, Мәке? – деп Қаршекең сұраса, «Қарғабаевтың шаруасымен келді» десеңші депті. Мүлқаман Қалауов балалар үйінде өскен жігіт еді. Артынан екеуміз дос болып кеттік. Шай үстінде әңгіме жалғасады. Мүлкаман ағамыздың жолдасы ЦК-да жасайды. Әңгімеге бір уақытта сол кісі араласып: – Әй, Мүлкаман, анау Маңғыстаудан ел азаматы келіп отыр ғой. Талай алып жүрген партиялық сөгіс қой, көмектес, – дейді. Мен оқуда қалуым үшін екі адам сөгіс алу керек еді. Комсомолдық сөгісті өзім алдым, факультетіміздің деканы, доцент Мүлкаман Қалауов партиялық сөгіс алып, мен оқуда сөйтіп қалғаным бар. Жайықтың ақ шағаласы, ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыздың мынадай өлеңі бар:
Азамат – жігіттің екінші есімі,
Жұртшылық сынның қорытынды шешімі.
Азамат ауылда әр үйдің қонағы,
Ол үшін төр дайын ашулы есігі.
Азамат атану бір рет серт беру,
Тірлікте пасықтық күңкілді жек көру.
Азамат – халықтың үмітін ақтаған,
Ұлына қоятын екінші есімі.
Иә, ағамыз осындай азамат еді. 1986 – 1988 ж.ж. қалалық партия комитетінде Үгіт-насихат бөлімнің бастығы, жаңадан ашылған кәсіподақ ұйымының төрағасы болып істеді. 1990 – 1995 ж.ж. Түпқараған ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Кейін «Маңғыстау құрылыс инвест» мекемесінің Форт-Шевченко филиалында басшы болды. Мәдениет бөлімі басшысы болып тұрғанда оркестрге жетекшілік етті. Ағамыз қай салада жүрсе де жастарды оқытуға ден қойды. Аудан бойынша 50-ге тарта ұл-қызы өнер саласында білім алды. Соның бірі – мен.
Өнер ордаларына барып, басшыларымен келісімшартқа отырып, «мына балалардың артының сұрауы бар» деп қадағалап жүретін еді. Алматыға жұмыс бабымен келе қалса, үндемей-түндемей бөлмемізге келіп тексеріп кететін еді, қайран ағам. Тілеумұрат аға – жан-жақты сауатты кісі. 1980 жылы II республикалық ақындар айтысында III орынға, 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген республикалық айтыста II орынға ие болды. Халықтың ілтипатына бөленіп «Ең мәдениетті айтыс ақыны» аталымын да жеңіп алған.
Абайдың 150 жылдық мерейтойында ғылыми-зерттеу мақаласы республикалық журналистер сыйлығына ие болды. 1991 жылы «Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген құрметті атаққа ие болды. Мұрын жыраудың 130 жылдық мерекесін де үлкен абыроймен өткізді. Ұлт аспаптар оркестрінің 30 жылдық мерейтойын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді. Халық қаһарманы, халық әртісі Нұрғиса Тілендиев арнайы телеграмма жіберіп құттықтады. Біздің оркестрдің біраз мүшесі кезінде Нұрекең дайындаған ұлт аспаптар оркестрінің құрамында Гурьевте, Алматыда, Мәскеуде өнер көрсеткен Өмір Жүсіпов, Борис Бисенов, Ашығали Қомытовты жақсы танитын.
Ағамыздың екінші мамандығы «экономист – менеджер» еді. Өкінішке орай бұл салада қызмет жасай алмады. Тілеумұрат Қожабеков 60 жасқа толғанда еске алу кеші ұйымдастырылып, қаладағы бір көшеге есімі берілді. Өзі тұрған үйге ескерткіш тақта ілініп, аудандық жас ақындардың мүшәйрасы өтті.
Жас ақын Көпболдың Жандосы:
Жақсы ғой ақындардың еленгені,
Жүректен ақтарылған өлең кені.
Өнердің нұрын шашқан барша жұртқа,
Бір жұлдыз Тілеумұрат төбеңдегі ,– деп жырласа,
Тұрсынгүл қарындасымыз:
Сегіз қырлы, бір сырлы Тілеумұрат,
Көп нәрсені бітіріп кетті, бірақ.
Өнерпаз қаракөздер басын қосып,
«Ақбөбектей» ансамбль берді құрап.
Журналист, ақын, сазгер, домбырашы,
Ұстаған іс тізгінін – ел ағасы.
Ең бастысы, Адайдың азаматы,
Өзі өнген өлкесінің бел баласы! – деп жырға қосты.
Тілекең де студенттік кезде көп өлең жазды. «Арманы бар адам – адам, Арманы жоқ адам - надан» дейді. Жас кезінде «Арман» атты өлеңі жарық көрді.
Бал бұлақты тоқтатпашы,
Ағып жатқан далада.
Арманымды тоқтатпашы,
Шешек жарған жаңадан.
Ерен бұлақ тоқтап қалса,
Бұз бөгетті, адамдар,
Арманыма жөн сілтеші,
Қанат бітсін маған да.
Сүйеу болсаң арманыма,
Болашақты көреді:
Қиыстырып сөз саптайтын,
Ақын болғым келеді.
Музыканың тілін білген,
Бұлбұл болғым келеді, – деп жазды.
Ағамыздың артында жұбайы, үш ұлы, бір қызы қалды. Балалары жоғары білімді, бүгінде әр салада қызмет етеді. Немересі Гүл Тілеумұратина «Мұрын жырау» атындағы өнер мектебінде домбыра сыныбында оқиды. Қосымша менен де сабақ алады. Баяғыда өзіме Тілекең үйреткен Есірдің «Тоғыз түйеші», «Ел айырылған», Қазанғаптың «Қиту–қиту, қайт-қайт» күйін үйреттім.
Тілеумұрат аға терең білімді, талай ортаны көрген, марқасқалармен жұмыстас болып, іні-қарындастарын биікке көтерді, ортаға қосты. Біз Тілекеңе қарап бой түзедік, сондай болуға тырыстық.
Рафаэль ҚАРҒАБАЙ,
күйші, өнер зерттеушісі. Форт-Шевченко қаласы