2017 жылы сотталып шыққан азаматтар арасында жасалған қылмыстар 9,7 пайызға өскен. Демек, 10 пайызға жуық сотталушылар кері қарай қапасқа қамалды деген дерек бар. Бұл статистиканы қалай азайтуға болады? Бостандыққа шыққан азаматтар қандай пайдалы іспен айналысқаны жөн? Оларды қалай кәсіпппен айналысуға тартуға болады? Осы мақсатта "Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру - қылмыстық атқару-жүйесінің басты міндеті" деген тақырыпта «Атамекен» ҰКП басшылары ІІД, ТЖД, ҚАЖД қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.
- Темір тордан босап шыққандарды кәдімгі өмірге бейімдеу оңай емес. Жергілікті полиция қызметі бұл жөнінде дұрыс жұмыстар атқарып келеді. Статистиканы қарап отырсақ, екінші мәрте қылмысқа барушылардың көбі – өзге облыстан қылмыстық іспен тіркелген азаматтар. Олар заңсыз түрде басқа қалаларға өтеді, сөйтіп ұрлық-қарлық, өзге де қылмыстарға барып жатады, - дейді Маңғыстау облысы ІІД жергілік полиция қызметінің маманы Анна Данилова.
Сонымен Маңғыстауда қанша сотталушы қамауда отыр? Олар немен айналысып жатыр? Осы сауалдарға Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Асылбек Анарбаев жауап берді:
- Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру қылмыстық атқару жүйесінің басты міндеттерінің бірі ретінде ішкі және сыртқы факторлар деп екіге бөледі, соның ішкі факторы адамдардың жүріс-тұрысын оң жағынан өзгертсе, сыртқы факторы – еңбекке бейімдеу, білім, медициналық көмек, әлеуметтік кепілдікке алуға мүмкіндік жасау. Тәжірибеде көрсеткендей, сотталғандар арасында білім алу жоғарылауда. Негізінен, олар 40 жастағы адамдар арасында байқалады, - дейді Асылбек Анарбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесі бүгінгі күні реформа сатысында, мекеме сотталғандар толық жазасын өтеп шығып, бостандыққа шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласуын реттеп отыр.
- 2018 ж. 1 қаңтардағы жағдай бойынша, облыстық мекемелерінде барлығы 567 сотталушы қамауда отыр, оның ішінде ГЭМ-172/6 мекемесінде 531 болса, ГЭМ 172/8 мекемесінде 36 адам жазасын өтеуде. Босатылғандар саны 2017 жылы – 140 адам, 2016 жылы – 342 адам, оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар – 91, мерзімі аяқталуына байланысты босағандар – 18, жазасы жеңілдетілгендер – 40 азамат. Шартты түрде мерзімінен бұрын шыққан бір азамат қылмыс жасап, қайта темір торға тоғытылды. ГЭМ-172/6 мекемесінде 5 мамандық бойынша арнайы орта білім беріліп отыр (колледждік деңгей), олар – ағаш ұстасы, штукатурка-маляр, сантехник, электрик, тігінші т.б. Сотталғандарды жұмыспен қамту шағын және орта бизнес өкілдерімен байланыса отырып, түзету мекемесінде өндірілетін тауарлар және қызметтерді ұйымдастыру керек» , - деп атап өтті Асылбек Анарбаев.
Бостандыққа шыққан азаматтар адамдық өмірге үйрене алмай сарсаңға түсетіні рас. Қоғамға бейімделе алмай жатады, әсіресе жұмыссыздық мәселесі толғандырады. Олардың темір тордан босап шыққанын естігеннің өзінде, көп есіктің жабылатыны шындық. Сондықтан оларды жаңа өмірге бейімдеудің бір жолы – екі қолға бір күрек тауып беру, кәсібін дөңгелетуді үйрету.
«Кез келген азаматқа кәсіптік білім беру, кеңес беру – «Атамекен» палатасының басты міндеті. Қазақстанның әрбір азаматы бизнес бастауда көмек алуға құқылы. Олардың сотталған-сотталмаған болуы маңызды емес». Бұл «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Мирлан Құсайыновтың пікірі. Ол cотталғандарды кәсіпкерлікке баулу және оларға дискриминациясыз қолдау көрсету керек деп есептейді.
- Біз алдымен келген адамның бизнес туралы жалпы түсінік алуына, бизнес-жоспар құруына көмектесеміз. Идея пісіп-жетілген соң, азаматтардың статусына бола алаламай пайызы өте аз мөлшерде несие беру арқылы бизнесін бастауына мүмкіндік жасаймыз. Сөйтіп, бизнес жасау кезінде кездесетін олқылықтар мен кедергілерді шешуге де барынша көмектесеміз, - дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының директорының орынбасары Мирлан Құсайынов.
Бүгінгідей қымқуыт заманда біреуге жалданып жұмыс істеумен шектелсек, жағдай қиындайтыны сөзсіз. Тағам, киім, жолақы ай сайын қымбаттаған дәуірде әрекетке берекет етпесе, қарапайым халықтың тұрмысы жақсармайды. Ал темір тордан шығып келетіндер үшін жағдай тіптен қиын. Қанша жерден Үкімет жағдай жасаса да, сотталған адамды жұмысқа қабылдамайтын мекемелер өте көп. Сол себепті ебі бар жұмысты кәсіпке айналдырып, бизнес жасап жатса, «Атамекен» қызметкерлері оларды қолдаймыз деп отыр. Әзірге өңірімізде, ұзақ жыл түрмеде отырып, кейін кәсібін ашып кеткендердің нақты саны жоқ. Демек, бұл істің нәтижелі аяқталуы да уақыттың еншісінде.
Айгүл ДӘДЕН Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН