©
Жылдағы дәстүрмен халық пен биліктің арасындағы байланысты нығайтатын, қала, ауыл билігінің жыл бойы тындырған жұмыстары мен алға қойған мақсат-міндеттері тыңдалатын барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулері биыл апта басында Қызылсай ауылынан бастау алып, Теңге, Рахат ауылдарында жалғасын тапты. 2017 жылы қалаға іргелес орналасқан үш ауылдың жеткен жетістіктері мен шешімін таппаған мәселелері, алдағы жұмыс жоспары кестеге сай өткен әр ауыл әкімінің есептік кездесуінде баяндалды.
Сәрсенбі күні Теңге ауылында ауыл әкімі Үбін Максимов, қала әкімі Әділбек Дауылбаев 2017 жылы атқарылған шаралар жөнінде халыққа есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Былтырғы есеп беру кездесуде көтерілген көшелерді жарықтандыру, су құбырларын жаңалау, қоқыс жәшіктерін орнату, ауылға пошта ғимаратын салу секілді сұраныстар бойынша жобалық жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Сондай-ақ Қосай ата мешітіне, футбол алаңшасына, балалар ойын алаңшаларына жүргізілген жөндеу жұмыстары жайында, ауылдың орталық бөлігінде орналасқан бастапқы медициналық- санитарлық көмек көрсету орталығына жергілікті бюджеттен 60 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілгенін, жұмыссыз ретінде тіркелген 466 адамның 282-сі тұрақты, 149-ы қоғамдық жұмысқа, 15-і жастар практикасына, 20 адам әлеуметтік жұмысқа жолданғанын айтты. Сондай-ақ былтырғы мектеп бітіруші түлектер арасында Теңге ауылынан 5 «Алтын белгі» иегері шыққанын, «Маңғыстау жұлдыздары» облыстық байқауындағы «Атамұра» мәдениет үйінің де жетістіктерін атап өтті.
Алдағы жылы көшелерді асфальттау жұмыстарын жалғастыру, ауылға дене шы- нықтыру-сауықтыру комплексін салу, жарықтанбаған көшелерді жарықтандыру, ауылды толықтай телефонмен қамтамасыз ету сияқты міндеттер тұрғанын айтты.
Үбін Максимовтың есебінен кейін қала әкімі Әділбек Дауылбаев өткен жылы қала бойынша атқарылған негізгі шараларға тоқталып өтті.
Баяндамалар тыңдалған соң тұрғындар сұрақ қойып, көкейтесті мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін айтты. Ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтқан тұрғындармен қатар басшылық жұмысына көңілі толмайтын жандар да кездесті.
Былтыр жыл соңында Теңге ауылында қалың жұрттың қабырғасын қайыстырған қайғылы жол апаты болғаны белгілі. Көптеген сұрақтар мен ұсыныстар осы оқиғаға байланысты айтылды. Қоғамдық көліктерден ГАЗель автокөліктерін алып тастап, орнына үлкен автобустар жүргізу, көліктердің темір жолдан кедергісіз өтуі үшін өткел салу мәселесі қозғалды. Одан бөлек қоғамдық тәртіп, ұрлық, жұмыссыздық, тұрғын-үй, көшелерге жарық, асфальт орнату және тағы да басқа өзекті мәселелер көтерілді.
- Кешегі жол апатында немерем екі бірдей аяғынан айырылды. Оған бір адам күтуші керек. Келінім қазір жұмыстан шығып, немеремді қарап отыр. Балам жұмыссыз. Өзім де жасым келген адаммын, денсаулығым күнара сыр береді. Қазір немереме қажетті дәрі-дәрмекті сатып алып отырмыз, оның алдағы өмірі қалай болады деп ойласам жүрегім қан жылайды. Аяғына протез жасату керек, қаншама операциялар қажет. Сіздерден балама тұрақты жұмысқа орналасуға көмектесулеріңізді сұраймын, - деді өткен жол апатынан зардап шеккен кішкентай қыздың әжесі, Теңге ауылының тұрғыны Ағзер Оразова.
Аталған мәселе бойынша қала әкімі Әділбек Дауылбаев Жаңаөзен орталық ауруханасының басшысы Мұрат Сариевке тапсырма беріп, орындалысын қадағалауды жүктеді.
Жиын соңында ауыл тұрғыны, зейнеткер Қозыбағар Насыров: «Әрине, күрмеуі көп мәселе жетерлік, бірақ жақсылықтарды да айтқан дұрыс. Атқарылған шаруалар аз емес. Атқамінер азаматтардың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін», - деп ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде қала және Теңге ауылының әкімі қойылған сұрақтар мен айтылған ұсыныстардың барлығы қаперге алынып, ескерілетінін жеткізді.
Айжан ЕРЕЖЕПҚЫЗЫ
Тағы оқыңыз: Ақтаудағы шоқыну рәсімі (ФОТО)