Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиевтің электр энергия, жанар-жағар май, газ, су, бірінші қажетті азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында есебі тыңдалды.
Облыс жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып жүрген мәселенің бірі - электр энергиясының бағасының облысымызда өзге өңірлерге қарағанда жоғары екендігі. Монополист кәсіпорын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бағаның қымбаттауын шығынның көбеюіне сілтейді. Қазіргі таңда энергияға қатысты заңдылыққа байланысты заңды тұлға мен жеке тұлғаның пайдаланған электр қуатына бірдей ақша төлеуі, ортадағы делдалдардың өзінше баға қоюы, БН-350 ядролық отынын залалсыздандыру шығыны, газ құны, басқа да себеп-салдарларға байланысты көтерілген баға алдымен қарапайым халыққа батып отыр. Осыған байланысты халық тұтынатын өзге де қызметтер бағасы өсуде.
Басқосуда БН-350-ді сақтау шығынына бұрын МАГЭТО жауапты болатын. Енді бұл міндет «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп»-ке жүктелген. Бұл дегеніңіз - шығын ауыртпалығы тұрғындардың иығына түседі деген сөз.
- БН-350-ді сақтау шығынын МРЭК-тен алып, Ұлттық ядролық орталық қарауына өткізген дұрыс. Осы бағытта келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ МАЭК пайдаланатын газдың 50 пайызын «ТеңізШевройл» кәсіпорнынан делдалсыз алсақ дейміз. Біздің бұл ойымызды министрлік, Премьер-Министр қолдап отыр. Мұның да баға тұрақтандыруға септігі тиер еді, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев.
Қоғамдық кеңес отырысында келтірілген мәліметке сүйенсек, облыста 47 май құю стансасы, «Қазмұнайгаз», «Гелиос», «Ценол» сияқты 3 ірі жанар-жағар май жеткізуші оператор бар. Мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге тұруына байланысты қиындықтар болған. Қазір жағдай тұрақталған. Бағаны көтеріп сату фактілері жоқ. Бензиннің бір, солярканың екі айлық қоры тұр. Облыста газ бағасы электр энергиясы, сумен салыстырғанда орташа, яғни өзге өңірлермен салыстырғанда қымбат емес. 2017 жылы 8 мың көлік газбен жүрген. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
- Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес газдың литрі 55 теңге болып белгіленді. Өзге өңірлерге қарағанда Маңғыстауда және Ақтөбеде осы баға, бұл өзге өңірлерге қарағанда төмен. 9 мың тоннадай қорымыз бар. Тағы да қажет болса Атыраудан алдырамыз, - деді Серік Қалешұлы.
Басқосуда бірінші қажетті азық-түлік бағасына 850 миллион теңге қаралғаны, 650 мың халқы бар облыс үшін ол қаржының түйінді шешпейтіндігі айтылды. Мұнайлы ауданында 500 тонналық қойма іске қосылатындығы, бұл өзімізде өндірілген көкөніс өнімдерін сақтау үшін қажеттігі, мемлекеттік және жекеменшік серіктестік арқылы осы бағытта жұмыстана беру керектігі сөз болды.
Еліміздің кей өңірлерінде қақаған қыста үйлерін жылыта алмай, көмірге жарымай отырған ауылдарды көріп отырмыз. Біздегі жағдай, шүкір дейік, өзге аймақтармен салыстырғанда жақсы. Әкімдік өкілі келтірген деректе 64 елді мекеннің 53-інде газбен қамту жолға қойылғаны айтылды. Қазіргі таңда, жалпы саны 1200-дей халық тұратын 8 елді мекенде ғана газ жоқ.
- Бекітілген ережеге сәйкес, экономикалық тиімділікке байланысты 30-40 үйі бар елді мекенге газ тартуға ұлықсат етілмейді. «Солай екен» деп орнынан үдере қозғалып, көшіп жатқан жатқан халық жоқ. Осыны ескеріп, Тиген, Тасмұрын елді мекендеріне газ тартуға сметалық-жобалық құжаттама жасалуда. Үкіметтен бөлінбесе де, басқа да қаржы көздерін тауып, газ жеткізудің мүмкіндіктерін қарастырамыз, - деді Серік Қалешұлы.
Қоғамдық кеңес отырысында кеңес мүшесі Орынбасар Тоғжанов күн тәртібінде қаралып отырған мәселеге байланысты қосымша мәлімет берді:
- Ел ішінде газдың бағасына қатысты реніштер жоқ емес. Қосымша құн салығын есептемегенде газ тоннасы 37701 теңгемен жіберілуде. Қосымша құн қосылғандағы баға 43 мың теңге болып отыр. Ортадағы делдалдар 6,5 мың теңге қосып, тоннасын 50 мың теңгеден өткізеді. Одан әрі литрлеп сатылады. «Газдың 93 пайызын өз жерімізде шығарып отырып, бағаны өсіру қисынға келмейді» дейді көпшілік. 2017 жылғы мәлімет бойынша қолданыстағы 142 мың автокөліктің 83500-і, яғни, 62,4 пайызы газбен жүреді. «Қансу» кенорнын игеруге өткен жылы қаржы бөлінбеді. Тығырықтан шығу үшін қосымша кенорындарын ашып, іске қоспаса болмайды.
Тұрғын үй кешендерін, өндірістік нысандарды газбен қамтудағы түйткілдер де айтылды. Газ жеткілікті. Дегенмен, тасымалдау, жеткізіп беру жүйесінде жетілдіретін тұстар, жүзеге асыратын жұмыстар баршылық. Айталық, «Шығыс-3» шағын ауданында 240 үйге газ, су жүйесі тартылмаған. Жол салу үшін әуелі газ, судың жәйін шешіп алу керек.
Түсінік бере кеткен облыстық мәслихат хатшысы Серікбай Тұрымов бұл мәселенің бақылауда тұрғандығын, рет-ретімен шешілетіндігін жеткізді. Ақтаудың Солтүстік бағытында да жергілікті инвесторлардың көмегімен 2025 жылға дейін атқарылатын газ, су тарту, электр қуатымен қамтамасыз ету үшін трасформатор орнату сияқты жұмыстар баршылық.
Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Мұханбет Жүнбасов қаралып отырған мәселеге қатысты нақты бірнеше ұсыныстарын білдірді:
- Көлік иелері түбі толықтай газға көшеді. Сондықтан газ өңдеу зауытының қуатын арттыру қажет. Инвесторлар тартып, Қансу сияқты газ алуға болатын кенорындарын игеру-кезек күттірмес шаруа. Газды делдалсыз жеткізу үшін сақтау қоймасын ашқан жөн. Жылда жеміс-жидек сақтайтын қойма керек дейміз. Жер беріп, орнын белгілеп, 80 мың тонналық дейміз бе, нақты қажет ететін есебін шығарып, өзгеге тәуелді болмай көкөніс қоймасын өзіміз салайық. Бюджеттің күші жетпесе инвестор іздейік. Ақтаудан мұнай өңдейтін зауыт салынбай проблема шешілмейді.
Отырыста кеңес мүшелері тарапынан әр өңір үшін төменгі күн көріс деңгейінің бөлек қаралуы керектігі, инфляция мөлшеріне орай өтемақы төлеу қажеттілігі, электр энергиясын үнемдеу жолдары жайында ой-пікірлер айтылды.
Қат-қабат түйінді бір ғана отырыс барысында шешіп тастау мүмкін де емес. Дегенмен, өзекті мәселеге назар аударту, оны шешудің жолын бірлесе талқылау барысындағы бүгінгі белсенділік көңіл марқайтқаны рас. Басқосуды қорытқан қоғамдық кеңес төрағасы Сағын Қырымқұлов кеңесте айтылған ұсыныстар облыс әкіміне жеткізілетіндігін жеткізді.
Болат ҮМБЕТОВ
Тағы оқыңыз: Бейнеудегі алты ауыл: бүгіні мен болашағы