Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне бейімдеу, кедергісіз тұрмыс кешуіне жағдай жасау мәселесі біздің елімізде күні бүгінге дейін өзекті. Қоғамда мүгедектер қарым-қабілеті мен ой-өрісіне күмәнмен қарау, мінез-құлқы мен іс-әрекетін әркез талқылау, еңбекке жарамдылығын жоққа шығару сынды таяз түсінік кең етек алған. Тіпті жарымжан жандармен өзара қарым-қатынас орнату, ортақ ой алмасу, тілек-пікіріне құлақ түру, бірлесе іс қылу мүмкін емес деп ойлайтындар бар. Кейде туа бітті не жүре пайда болған ауру нәтижесінде қимыл-қозғалысы ебедейсіз не икемсіз болса да, ақыл-ойы толық, есте сақтау қабілеті зор, таным-түсінігі мол мүгедектер бар екенін естен шығарамыз. Олардың арасында сана-сезімі бұлыңғыр, ойлау-сезу қабілеті бұзылған, сырт дүние бейне-ақпарын қабылдауы кем жандар да кездеседі. Дегенмен олар әлеуметтендіру, тұрмысқа бейімдеу сынды білікті мамандар көмегі нәтижесінде толыққанды өмір сүре алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар тағдыр жолында тап болған сын-сынаққа мойымай, зор құштарлықпен өмірін жалғауда. Мүгедектерге қамқорлық таныту, оларға көмек қолын созу ең алдымен қоғамдық ортада кезігетін кедергілер мен шектеулерді жоюдан бастау алады. Дегенмен жауыр тақырып төңірегінде ой-пікірлер таласы, ұсыныс-түйіндер легі толастаған емес. Әлі күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай істер атқарылмай келеді. Мәселен, қарапайым қоғамдық көліктер, жаяу жүргіншілер жолағы, тротуарлар, тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттардың мүгедектерге оңтайлы дүниелермен, құрал-жабдықтармен жасақталмауы түйіні тарқамаған басты мәселе екендігі баршаға аян. Бұл орайда кәрі құрлық елдерінен не мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тан алар үлгі көп.
Мәселен, АҚШ халқының 19 пайызын мүмкіндігі шектеулі жандар құрайды. Қызметке орналасу, қоғамдық көлік және байланыс қызметін пайдалану, қоғамдық немесе коммерциялық мекемелерге қатынау барысында мүгедектер құқы қатаң қорғалады. Елдегі қолданыстағы заңнамаға сәйкес автобустар мен таксилер қоларбаларға ыңғайлы арнайы көтергіш құралдармен жабдықталады. Метро стансалары толықтай жарықтандырылып, сауда-саттық және көңіл көтеру орталықтары арнайы жеделсаты, мейманханалар мен кафелер дәретханалармен жасақталады. Тұрғын үйлерде, коммерциялық және әлеуметтік нысандарда, мемлекет меншігіндегі мекеме ғимараттарында талап-ережеге сәйкес пандустар орнатылған. Банкоматтарда соқыр-мылқау жандарға арнайы аудио және бейне ақпар беру қызметі қарастырылған. Сондай-ақ, қоғамдық тыңдаулар мен кездесулерде сурдоаудармашылардың атсалысуы міндеттеледі. Ал Еуропада мүгедек балалар құқығын қорғау, толыққанды отбасыда өмір сүруін қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарға алынған. Швецияда ақыл-ой кемістігіне душар не тірек-қимыл жүйесінде ақауы бар балалар «әлеуметтік отбасы» қамқорлығына алынады. Қаржылай қолдауға ие әлеуметтік отбасы мүгедек балаға жан-жақты тәрбие беру, сапалы білім нәрін сіңіру, отбасы қадір-қасиетін ұғындыру жұмыстарымен айналысады. Мұндай әлеуметтік отбасылар әркез мемлекет көмегіне жүгіне алады. Бұндай мысалдар әрине жетіп артылады.
Біздің елде мүгедек-балаларды қоғамдық ортада кедергісіз іс-әрекет етуге, еркін ойлауға бейімдейтін орталықтар бар. Мүгедек балалардың ішінде қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауы, өзгелермен тіл табысуы біршама қиындық тудыратын топ - аутизм сынды күрделі дертке душар болған бүлдіршіндер. Аутизммен ауыратын балаларға ерекше күтім, инвидуалды қарым-қатынас, төзім мен сабыр қажет-ақ. Ақыл-есі мен ой-санасында ауытқуы бар мұндай балалар әркез ата-ана мен қоршаған орта қолдауына зәру. Себебі аутист бала өздігінен әрекет етуге, тіл қатуға, тысқары дүниемен байланыс орнатуға бейімсіз келеді. Ауыр дертке душар болған балдырғандар ата-ана жетегінсіз жеке-дара әрекет ете алмайды. Тамақтану, гигиена ережелерін сақтау, шомылу, киіну, жүріп-тұру үздіксіз үлкен назарды қажет етеді. Қазақстанда аутист-балалармен тығыз жұмыс жасайтын мамандар тапшы. Себебі мінез-құлқы құбылмалы, ашу-ызаға бейім, тілі мүкіс бала психологиясын зерттеу, әрі оның ақыл-ойын жетілдіру бағытында жұмыс істеу кез келген маманның қолынан келе бермесі анық. Бұл жерде халықаралық зерттеу мен тәжірибе ұштастырылған, терең ізденіс пен нақты нәтиже тоғыстырылған кемел білім, жоғары білік қажет. Қазақстанда аутизмге аса мән беріліп, оның белгілері мен себеп-салдарына зерттеу жүргізу жобамен бес не алты жылға жуық уақыт бұрын бастау алған екен. Бұған дейін отандық ғалымдар бұл дерттің түп-төркініне терең бойлап, тісі бата қоймағаны рас. Сондықтан болар, аутист балалар жан-дүниесі мен ішкі әлемін, ойлау-сезу қабілетін зерделеу енді ғана қолға алынып келеді. Аутизм ауруын дер кезінде дәл анықтау, өмірге бейімдеу әрі денсаулығын оңалту үрдісін тез арада бастау, психолог кеңесі әрі нұсқауы шеңберінде әрекет ету - ата-ананың ең басты міндеті.
Ақтау қаласындағы “Ерекше әлем” бейімдеу және әлеуметтендіру орталығы биылдан бастап аутист балаларды қоғамға бейімдеуді қолға алды. Психолог-маман, әрі аталған орталық директоры Айжан Карипова ақыл-есінде ауытқуы бар бүлдіршіндермен қарым-қатынас орнату сатылы іске асатындығын әрі табанды төзімді талап ететіндігін айтады.
“Аутизм сынды туабітті дертке душар болған балаларды емдеу белгілі бір мерзім аясында мүмкін емес. Аутист балаларды өмірге бейімдеу бір ғұмыр бойы жалғасын табатын үрдіс. Біздің орталықта өтетін дәрістердің 66 пайызы нейроспортқа бағытталған. Яғни сырқат баланың жүйке жүйесімен кері байланыс орнату арқылы іс-жаттығулар жасату, жаңа ақпарат беру, білімін үстеу, белгілі бір тәртіп не дағды қалыптастыру көзделген. Аутизммен ауыратын балалар тәртіпке бағынбайды. Уақыт өте, жүйелі нейрожаттығулар нәтижесінде ғана баланың сана-түйсігінде дағды мен тәртіп түсінігі пайда болады. Сондай-ақ біздің орталықта академиялық білім беру қарастырылған. Аутизм балаларды тамақтандырудың өзі ата-ана үшін үлкен мәселе. Белгілі бір тағам түрлерін ғана жейтін бүлдіршіндер кездеседі. Сол себепті ұстаз бен науқас бала арасында тығыз психологиялық байланыс орнауы қажет. Бейімдеу дәрістерінің аутист баланың психологиясы мен мінез-құлқына оң әсері күні бүгінге дейін дәлелденді. Оған біздің орталық тәлімгерлері жеткен түрлі жетістіктер негіз бола алады. Жуық арада шетелдік мамандармен бірлесе логокабинет іске қосуды көздеп отырмыз”, - дейді “Ерекше әлем” бейімдеу орталығының директоры.
Жуырда ғана «Билайн» компаниясының «Шексіз мүмкіндіктер» әлеуметтік жобасы аясында орталықта арнайы сенсорлы кабинет ашылып, толықтай ғаламтор желісімен жабдықталды. Бүгінгі таңда орталықта аутизм дертіне душар болған 30 бүлдіршін тәлім алады. Аутизм дертіне шалдыққан балалар саны жыл санап артып келеді. Нақты диагнозы қойылмай, ем-домсыз қалған бүлдіршіндер де жетіп артылады. Әрине, бұл жерде ата-ананың селқос көзқарасы, бала денсаулығы жөнінде білімсіздік, тәрбиеісіндегі олқылықтар үлкен рөл ойнайды. Күрделі дерт белгілері анықталған бойда білікті мамандармен бірлесе әрекет ету баланың ақыл-ойын, қарым-қабілеті мен мүмкіндіктерін дамытуға негіз болады. Ауру баланы қоғамнан тасада ұстау, ол жайлы жария етуден гөрі жасырын қалдыру дерттің дендеуіне әкеп соқтырары белгілі жайт. Сол себепті, өзгелерден ойлау қабілеті ерек, десекте мүмкіндігі шектеусіз бүлдіршіндерді қоғамның толыққанды тұлғасы ретінде қабылдау қажет. Әрине, күрделі кеселден айығуға қолдау көрсетуде, «кедергісіз келешек» арқылы қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруда атқарылар істер әлі де көп. Ең бастысы мүгедек өмір мұңаймасын, ойдағы ізгі арман-тілегі орындалсын демекпіз.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ