©
Құтыру ауруымен үй жануарлары: түйе, сиыр, жылқы, қой, ит, мысықтар мен жабайы аңдар, құстар және адамдарда ауырады. Аурудың қоздырғышы – вирус.
Құтыру індетін жұқтырушылар: қалалық жерлерде, елді мекендерде – ит, мысықтар, ал далалық жерлерде ауырған жабайы аңдар: қасқыр, қарсақ, түлкілер. Адамға жұғу жолдары: осы індетпен ауыратын үй жануарлары ит, мысық және түйе, сиыр, жылқы, есек, қой ешкі малдарынан жұғады. Кейде тікелей құтырған жабайы аңдар қасқыр мен түлкілердің талап тістеуінен де жұқтыру жағдайлары кездеседі. Тосын осындай жағдайлардан соң, ағзаға енген вирус нерв жолдарын қуалап, миға тұрақтайды. Мида өсіп өніп, оны зақымдайды, одан әрі нерв жолдары арқылы сілекей бездеріне өтеді, сондықтан құтыру індетін жұқтырған жануарлардың барлық түрінде ауыз қуысынан тоқтаусыз сілекей бөлініп тұрады. Бұл аурудың ка уіпті болу себебі, алғашқы белгілері байқалмай тұрып, сілекейі арқылы таралып отырады.
Ауырған үй жануарларын күтіп ұстау кезінде сілекейден бөлінген вирус адам ағзасына жарақаттар арқылы тез енеді. Сол себепті ауру үй жануарлары адам үшін, әсіресе балалар үшін өте қауіпті. Құтыру індеті негізінен қыс және көктем мезгілінде қозып, өршиді. Құтыруға шалдыққан үй жануарларында аурудың даму белгілері барлық жануарлар ауруымен ұқсас ортақ белгілер байқалады: мазасыздану; елеурейді; басын оңды солды қозғап, тісін қайрайды; езулерін, танауын жалай береді; түлік түріне қарай мекіренеді өкіреді; ыңырсиды; оқыранады; күн сәулесін жаратпай жасқанады; көзінен жас ағып, жер тарпып, айбат шегеді; тістеу, сүзу, қасындағы малға артылу сияқты тосын қимылдар жасайды. Аурудың оқтын-оқтын арпалысып өтетін, оған керісінше тыныш, ұяң бұйығы өтетін түрлері болады. Барлық жағдайда да мал үйірден қалып, жұтына алмай, күйісін тоқтатып, шатқаяқтап, жүрісі бұзылады. Паралич соғады. Артқы аяқтары жүруден қалады. Кейбіреуінің жағы түсіп, басын жерге соғып астыңғы жағын сындырады. Жалпы ауру 3-11 күнге созылады, көбіне 3-4 күннен аспай мал өліп қалады. Құтырумен ауырған малды емдеуге немесе аурудың артын күтіп отыруға болмайды. Олай ету адамға да, малға да қауіпті. Сондықтан селолық округы ветеринариялық инспектордың, дәрігерлердің араласуымен бөлектеп, өлген малдың миын сараптауға жолдап, өлексесін өртеп, қалдығын терең көму керек. Тұрған жерін залалсыздандырады. Мұндай ауру ошағы күн сайын селолық ветеринариялық инспектордың бақылауында болады. Күдіктілерді бөлектеп, сау малдарды жоспардан тыс егуден өткізеді. Міне, осы күннен бастап, 60 күн ішінде ауру шыққан ошақтан ауру байқалмаса, мал иесіне малын союға, сатуға рұқсат етіледі.
И.ТҰРЫМОВ,
ветеринар дәрігері Боранқұл ауылы
Тағы оқыңыздар: Мұнайлы ауданында балабақша кезегінде тұрғандар саны басым