Таяуда Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясында мемлекеттік қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тақырыбына арналған жиналыс өтті.
Кездесуді ашып, жүргізіп отырған инспекция басшысы Қ.Мырзатов сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселе екендігін айтып, бұл жөнінде ұжымда жиі әңгіме қозғалатынын қаперге берді.
- Сыбайлас жемқорлыққа жол берген қызметкер өзімен қоса басшысына да зиян тигізеді, - деді ол. - Жемқорлық дегеніміз лауазымын пайдалана отырып, оны жеке бас мүддесіне пайдалану болып саналады. Бұл, әсіресе, мемлекеттік органдарда қауіпті. Тәжірибе көрсеткеніндей, жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзады, экономиканың дамуына шектеу қояды, әсіресе экономика саласында ұйымдасқан қылмыстың өсуіне мүмкіндік береді. Алайда көп жағдайда осындай қадамға баруға лауазымды қызметкердің өзі себеп болады. Сондықтан заң бойынша алушыға да, берушіге де жауапкершілік болды. Осы уақытқа дейін де сыбайлас жемқорлыққа қатысты семинарлар, жиналыстар өткізіліп жүр. Барлық қызметкерлерге айтарым: сақ болыңыздар, біреудің арбауына түсіп, сөзін сөйлеп, бұзушылық фактілерге апарып соқтыратын іс жасамаңыздар. Мұның арты қылмыстық жауапкершілікке апаратынын естен шығармау керек.
Сөз кезегін алған Ауған соғысы ардагерлерінің Ақтау қалалық «Боевое братство» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Матжан Шаулиев аталмыш мәселенің балалар арасында да көтеріліп тұратынын жеткізді.
- Бұл тақырыпты естіп те, көріп те жүрсіздер. Баршамыздың негізгі мақсатымыз —сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау. Әрине, бұл мәселені бірден жойып жіберу де әзірше мүмкін емес. Дегенмен осындай басқосулар, талқылаулар арқылы мұны жолға қоюға болады деп ойлаймын. Қазіргі таңда тек мемлекеттік органдар ғана емес, орта білім беретін мектептерде де «Адал ұрпақ» бұрыштары ашылып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жайы балалардың санасына сіңіруде. Осы мақсатта балалар арасында ұйымдастырылып жататын тәрбие сағаттары сияқты түрлі шаралар жемісін берерінен үміттіміз, - деді Матжан Рамазанұлы.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабай:
- Біздің департамент осындай тақырыпта ақпараттар, сауалдарыңызға жауап беруге әрқашан да дайын, есігіміз ашық, - деді. - Халықаралық тәжірибелерге тереңдеп қарасақ, Жапонияның мемлекеттік қызметкерлерінің қарапайымдылығы көп елдерді таң қалдырып келеді. Осы жөнінен үлкен жетістікке жеткен Жапонияның моделін алып отырғандықтан біз де сондай дәрежеге жетеміз деп ойлаймыз. Жалпы, мемлекеттік қызметкерлердің ешкімнен алмағаны да, бермегені де дұрыс. Өйткені мұның жауапкершілігі ауыр.
Жиналыс барысында тақырыпқа орай бейнефильм көрсетіліп, қызметкерлердің сауалдарына жауап берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Тағы оқыңыздар: Жасанды жарықтандыру талапқа сай болса