©
1998 жылдың қыс айы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев іссапармен Маңғыстау еліне келіп, дүйім жұрттың алдында тұрып былай деген еді. - Сіздер - Жалау Мыңбаев сынды арыстардың, Тобанияз, Ортабай, Құрмаш сынды ерлердің елісіздер. Олардың өршіл рухы өлмейді. Сіздердің жадтарыңызда жаңғырып, жаңа биіктерге бастай береді! Қадір қасиетіңнен айналып кетейін, Маңғыстау, марқасқа перзентке де кенде болмаған қай кезде де қай заман да. Жалау Мыңбайұлы - солардың бірегейі, сүт бетіндегі кілегейі. Өпірем өктемдік қылыштың жүзіндей қылпып тұрған қиын-қыстау кезде өзінің басында тұрған қас қабағына жалтақтамай қарашасының қасынан табылып, қамын жей алған қаһарман. Оның есімі көпке дейін жұртқа белгісіз болып келсе, ол - қырық құбылған заманның кінәсі. Баба тарих қашан да әділ таразы. Оны түзететін халық зердесі қашанда керегін қалдырып, кебегін ұшырып отыратын елек. Кезеңі келгенде дәл солай болды да шықты. Тарихтағы алар орны айырықша, бүгінгі тәуелсіздігімізге бағдаршам болып, сонау 20-шы жылдардың алмағайып кезеңінде ел тізгінін ұстаған абзал ағалардың ұлтжандық, елжандық қаситтерін көрсету. Жылдар бойы шетқақпай болып келген Маңғыстау елінің де елдік үрдісін ту етіп көрсетіп, соның жолында жанын да, қанын да беріп, шүберекке түйген Жалаудай аймаңдай ұлдарын қалың елге паш ету борышымыз. Жалау кім еді, кім болды деген сауалған жауап беретін күн туды, сәті соңынан оралды, иншалла! - деп, Елбасы сөзін аяқтаған еді. Бұл да Елбасының елге, жерге деген, ерлерге деген құрметінің бір көрінісі, бір айғағы. Өткенімізге ой бойлатар болсақ құнды тарихи деректер жинағы - шежіре. Қазақтың әр руларының шежіресін жазып ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдыру, сөйтіп оған өміршең сипат беру үрдісі арқылы Адай шежіресі жасақталған. Ата-бабаның ақ жолы бойынша тегіміздің түп-төркінін айқындайтын деректі шежіре десек, Жалау Мыңбайұлының арғы тегін төмендегіше өрбітер едік: Адай - Құдеке, Келімберді. Келімберді - Құнанорыс - Ақпан, Бұзау, Балықшы, Мұңал, Тобыш. Құнанорыс - Жантуған, Жанбай. Жантуған - Жортыс. Тегенбай - Өткен, Адайауыл, Өтеғұл, Еспенбет. Қайдауыл - Өтеп, Ажан, Дәуіт, Орыс. Орыс - Аташ, Құрым, Қалақан. Қалақан - Итқара, Кенжеқара, Құттыбай. Итқара - Иман, Шолақ, Құлпыбай. Шолақ - Мыңбай, Кенбай. Мыңбай - Жалау. Адай бабамыздың Құнанорыс атамыздан тараған ұрпақтарының арасында ес білген ескі замандастардан күні бүгінге дейінгі аралықта ел ішіне танымал абырой-беделі зор, қалың адай былай тұрсын, мұқым қазаққа мәшһүр болып өткен айтулы жандар көп шыққан. Сонау «балапан басына тұрымтай тұсына» кеткен жаугершілік дәуірлерде осы атадан өрбіген Шабай мен Сүгір, Бердәулет пен Жоламан, Есен мен Лабақпай батыр-бағландар елінің тұтастығын, халқының ар-намысын жауынан қорғап, талай-талай аңыз-әпсаналардың кейіпкерлеріне айналып небір қым-қуат әңгіме хикаялардың желісін әрлендіріп жіберуге сеп болып келе жатқан тұлғалар болса, темірден түйін, ұсталық пен зергерліктің сан қырлы үлгі өнегесімен жарқырай көрінген, он саусағынан өнер тамған, сегіз қырлы бір сырлы хас шеберлер Жомарт, Аманша бозжігіт, Жұмағазылар елінің ыстық ықыласы мен пейіліне бөленіп өткен жандар. Қожық, Сарыбек, Бекмұрат, Қалмұрат, Өрбіш әулиелер елден ерекше дара қасиеті мен дарынының арқасында абыройларын асқақтатса, елді имандылыққа ұйытып, ұрпаққа ұлағат дәмін сепкен, қажылыққа барып мұсылмандылық парызын өтеген Жаңабай мен Алдияр ишандар, алқа торқа додаға түспеген,ауыз толтырып айтуға тұрарлық айтулы жандар болған. Ел арасында уақытында Құнанорыс ауылы туралы «Мұңал - кісі бойы қол созым, Тобыш - кісі бойы, Құнанорыс - кесіп те, тесіп те өтетін көк найза» деген сөз қалған екен. Мұның осы елден шыққан азаматтардың билік айту, шешендік өнеріне, қара қылды қақ жарған әділдігі мен қайтпас қайсарлығына берілген баға деп білеміз. Ресей патшалығы мен кешегі Маңғыстау өлкесінің астанасына айналған Кетік қаласынан шығып, ел билігіне араласып, халқына бас та қос та бола білген Құананорыс ұрпақтары Дауылов Орынбасар, Құзылғұл және Алспысбай Құлшаровтар, Селбаев Құдайберген, Қызылбаев Жазмағанбет, Бейнекеев Сенбай, Бозжігітов Бақыт, Құрбанбаев Мұрат сынды азаматтар екенін ескерсек Жалау Мыңбаев ХХ ғасырдың басында осы қалада түскен зиялы қауымның аз ғана шоғырының арасынан дараланып аладаспандай жарқылдап, өзінің телегей теңіздей білімімен, етінің тірілігімен, ақылымен «Бүкіл қазақстандық ақсақал» дәрежесіне дейінгі даңғыл жолды кесіп өтіп, өрге көтерілген тұңғыш Адай баба Құнанорыс ата ұрпағы екені елге аян. Жалау Мыңбайұлы 1892 жылы Түркістан губерниясының Сыртқы Каспий облысына қарасты Маңғыстау уезінің Келінберді болысының 1-ші Құнанорыс ауылында дүниеге келген. Көшпелі негізгі күн көрісі мен кәсібі мал шаруашылығымен айналысқан ауылдың қоныс тепкен жерлері Бағыржы, Жаңабай шаңырауының маңы мен Сарбас қыстау айналысы болған. ХІХ-ғасырдың 40-жылдарынан бастап патшалы Ресейдің қырына іліге бастаған өлкеге бекініс қамалдар салынып, балық, тұз кәсіпшіліктері бірінен соң бірі ашылып, кәсіпкерлікпен құлқынын толтырған жатжұрттық келімсектер жұмысшы қолын жергілікті халық есебінен ұстай бастаған кез. Мал шаруашылығынан қол үзіп, нәпақасын өндіріспен қала маңынан іздеген, Жалаудың арғы атасы Орыс ұлы Итқара Фортқа қоныс аударушылыардың алғашқы легінен болатын. 1856 жылы Итқара өзінің үлкен ұлы Шолақты сол кездегі қала коменданты болған И.Усковтың үйінде қызметші болып жүрген жетім қыз Ботагөзге үйлендіреді. Шолақ ол кезде Николаевск сатнциясындағы кеме тоқтайтын айлақта жүкші болып жұмыс жасайтын. Қала коменданты И. Усковтың үй қызметшісі болған апалы-сіңлілі жетім қыздар Ботагөз бен Қаракөздің тағдырлары аса аянышты еді. Қарагөз кісі есігінде телміріп жүріп 19 жасқа толар толмастан құрт ауруынан көз жұмды. Тағдырлары тәлкеге түскен бейкүнә жандардың аянышты хәлі сол кезде жер ауып келген украйн ақыны Т.Шевченконы да бей-жай қалдырмаса керек. Олардың күнәсіз жүзінде қасірет табы байқалып тұрған бейнелері ақынның «Қазақ қызы Катя» туындысының өзегіне айналды. Ботагөз тағдырына қатысты ел ауызында тағы бір әңгіме дерек сақталып қалған. Саудагер жігіт ақалды да, көрікті, ісіне тындырымды Ботагөзге көзі түсіп оның орыс үйінде қызметші болып жүргені жүрегіне тікендей қадалып, алып қашпақ әрекетін жүзеге асырудың орайын күтіп жүреді. Жаман ойы оңынан оралып, сәті түскен бір күні Далба сенімді адамдарымен келіп қызды ұрлап алып әкетеді. Ауылына әкелген соң Ботагөзге өзіне әйел болуға ұсыныс жасайды. Қыз бұл ұсынысқа қасарысып көнбейді. Қызды көндіре алмайтынын әбден сезген Далба сол жерде «шариғат» сотын шақырып, оны «кәпір» болып кетті деп жариялап, күн ұзаққа дүре соқтырып есінен тандырады. Ботагөзді бұл зорлық-зомбылықтан И.Усковтың жіберген адамдары ғана аман алып қалады. Күндер өте келе Шолақ пен Бөтагоздің тату-тәтті жас отауынан Мыңбай мен Кенбай атты ұлдар дүниеге келеді. Осылай енді ғана етек жеңін жинап үй болып іргесі кеңейе бастаған жас отбасының қатал тағдырдың тәлкегіне ұрынып, тағы да оның ащы сынына төтеп беруіне тура келеді. Патша үкіметінің әумесерлері салған зобалаң адай халқын атақты Досан Тәжіұлы бас болған көтерілістің тұтануынан түрткі болғаны белгілі. Көкірегі ояу, көзі ашық Шолақ балықшы жүкшілермен бірге осы көтеріліске қатысып, ол басылып жанышталғаннан кейін елден жыраққа бой тасалап бас сағалауға мәжбүр болады. Досан батыр бастаған көтеріліс басшылары қолға түсіп, азапталып өлтірілгеннен кейін Шолақ із-түссіз жоғалып кетеді. Әкесіз қалған қос жетімекті асырап, бағып-қағып, адам қатарына қосу үшін Ботагөздің тіршілік тауқыметі оны амалсыздан екінші рет тұрмысқа шығуға мәжбүр етеді. Қамалда тілмаш болып қызмет жасайтын Қосым Мырзабаев оның екі ұлын кеудесінен итермейді, қайта аса қамқорлықпен қарайды. Қосым Мырзабаев сол кезде қолына қалам ұстай алатын азын-аулақ сауатты жандардың бірі болған. Халықтың бас көтеруінен әбден зәрезап боп, шошынған үкімет жергілікті халықты басқару ісін жат жерліктер емес, сол жерден шыққан адамдарға тапсыру қажет деген ұйғарымға келеді. Ел билігі Қосымның қолына шоғырландырылады. Қосым бұл істі, яғни әкімшілік істерді Ботагөздің ақыл-кеңесіне сүйене отырып жүргізсе керек. Сондықтан ел арасында кеңінен таралған «Адай билігі Қосымда, Қосым билігі Ботагөзде» деген сөз қалған. Алайда жазмыштан озмыш жоқ дегендей, тағдырдың тәлкегіне не дауа бар, Ботагөзбен ұлдарына бар ықыласымен қарайласқан Қосым «Ақалтеке жорығынан» елге оралмай қалады. Ер жетіп есейе бастаған жетімектердің мұң-мұқтаждығына қарау тағы да Ботагөздің иығына түседі. Қосым тірі кезінде Мыңбай мен Кенбайға жәрдемақы тағайындаттырып кеткен болатын, соның айтарлықтай көмегі тиеді. Орыс тіліне жетік оқу қадірін жете түсінетін Ботагөз ана жетім балаларға деген үкімет тарапынан қаралған жеңілдікті пайдаланып, Мыңбайды 1873 жылы қалада ашылған орыс-қазақ мектебіне береді. Мыңбай еңбекқор сауатты азамат болып өседі. Ол уақытта кез келгеннің қолы жете бермейтін пошта қызметкері болып Шағадам Гурьев қалаларына қайта қатынайды, артынан өкіметтен жер алып бау-бақша өсірумен шұғылданады. Кетіктегі тау баурайларындағы сол жерлер әлі күнге дейін сақталып, бейне бір Мыңбайдың тұрмыс тіршілігінің ізі болып қалған «Мыңбай кеуек» қазір де жоғалмаған. Ал Шолақтың Кенбай атты ұлынан дерек жоқ. Соған қарағанда ол ерте шетінеген деген болжам жасауға болады. Тағдыр талқысына төтеп беруге шамасы жеткен анасының жігері жасымай көкірегіндегі арман-тілегіне айналды. Ананың бұл арманы Алланың бұйрығымен орындалып, Мыңбайды өздерінің аталас ағайындарының қызы Айтаразыға қосып, өз алдына отау көтереді. Осы бақытты жас отаудан күндердің күнінде бүкіл қазаққа тұтқа болар азаматтың дүниеге келерін ол кезде кім болжап біліпті. Дүние есігін ашқан жалғыз жұлдыз Жалау да, Торша мен Жауқасын атты екі қызғалдақ та ананы тең еміп, жапырағын жайған жас қайыңдай боп, желкілдей өседі. Оған көзі ашық, өмірдің ащылы-тұщылы қатар безбендер әжесі өмірдің тура жолын таңдауына едәуір септігін тигізген болуы керек. Іштегі сырды дөп басып, дәл аңғартатын байқампаз әже немересінің болашағынан зор үміт күткені аян. Сол себепті де Жалауды қаладағы үш сыныптық орыс-қазақ мектебіне жетектеп апарады. Бұл мектепте Жалау өзі құралпылас Нұрсұлтан Оңғарбаев, Төлеусін Әлиев, Зұлқарнай Бамұрзаев, Нәдірбай Айтақов сияқты жастармен бірге оқыды. Мектепте оқитын жастар арасында өкімет жеңілдігімен, стипендия арқылы білім алған кедей балалары да болады. Осы мектепті тәмамдаған сол кездегі жастардың көпшілігі Қарабұғаздағы өндіріс орындарын ашып, оның өркендеуіне мұрындық болады. Түрікместан, Қазақстанның алғашқы Халық комиссарлары, Қазақтың тұңғыш әскер полкын ұйымдастырушы, тұңғыш ихтиолог-ғалым, жоғарыда айтып кеткен жастар арасынан шыққан дәл осы білім ордасының түлектері болатын. Сол білім ордасың бір түлегі, тұңғыш Қызыл Ту орденінің иегері, 1919 жылы Мәскеуде өткен әскери шеруге қатысқан Қылыш Нәдірбай ағасы Қалабай өз естелігіне Жалау, Нұрсұлтан, Төлесіндер туралы айта келіп, «Олардың біліміне, зерделілігіне жететін жан жоқ қой, олар сөйлесіп тұрып та қазақшаны орысшаға, орысшаны қазақшаға қолма қол аударып айта беретін», - дейді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ отбасы үшін ауыр кезеңде тұрмыстың бар тауқыметі Жалаудың мойнына түседі. Тек қана оқудан басқа кәсібі жоқ Жалауға 12 жасар Жауқасын мен бір жасар Торша қарындастары, шешесі Айтаразыны, бір сөзбен айтқанда 4-5 жанды үйелменді асырап, бағып-қағу оларға талғажау етерлік нәпақа табудың азабы арқасына аяздай бата бастайды. Оған қабаттаса «Жұт жеті ағайынды» дегендей 1910-1911 жылдардың қысы бүкіл елді жұтатып, өз алдына бір қасірет әкеледі. Аранын ашқан аштықтан ығып, Үстірт арқылы жер ауған түрікмен ағайындар Шағадам, Жебелі, Қызылқыя, Қызылқұм маңдарын жағалады. Барар жер, басар тауы жоқ жергілікті халыққа тағдыр тәлкегіне мойынсұнбастан басқа амал қалмады. Ал жер танып, тіл түсінетіндері Астрахань, Мақашқала асып, орыс, армиян көпестеріне жалдануға тура келеді. Осындай амалсыздықтың кебін киіп, оқуын тастап кетуге мәжбүр болғандардың бірі Жалау еді. Оқуын әрі қарай жалғастыра алмайтынын бірден түсінген ол алғашында Саурадағы Дубскийдің балық кәсіпшілігінде жүкші, кейін Қатықбұлақтағы Анановтың тұз кәсіпшілігіне арбакеш болып жалданады. Кәсіпшіліктегі жұмыс адам төзгісіз ауыр болды. Арба толы тұзды қолмен тасымалдау қайдан жеңіл бола қойсын. Әйтсе де жас бозбала барлығына да бір үзім нан үшін шыдап бақты. Жалау кейінгі уақыттарда өзінің осы алғашқы кәсіби мамандығын аса мақтаныш тұтқан тәрізді. Өз қолымен толтырған өмір деректері мен мінездемелерінде «аробщик» деп баса көрсетуі соның бір айғағы іспетті. Мақтаныш тұтатын тағы да бір себебі болуы ықтимал. Ол әрине арба толы ауыр тұзды белі қисайып, бейнеттеніп, таңның атысы мен батысына дейін азабы мол еңбек атқарғаны үшін емес, ол дәл осы балық және тұз өндірістерінде жүріп ащы тер мен ауыр бейнеттің қандай екенін тұңғыш рет сезінуі, осында жүріп шиеттей қарындастары мен анасына отбасының ұйытқысы тек өзі екенін көрсете білуі, ең бастысы жұмысшылық – пролетарлық жолдан өтіп, көкірегі ашылап, көңілі оянды, күрес атты қасиетті ұғымның қадірін түсініп, өмір атты асау өзеннен ескекті қалай ұстап, қалай өтудің тәжірибе-сынағынан өте білді. Жалаудың отбасына нәр берген тұңғыш кәсібін мақтан еткен ел аузында жүрген ауызекі әңгімелер де қуаттайды. Соның бірі Жалау өлкенің басшылық қызметінде отырғанында өзінің жандай құрдасы, әрі сыйлас, дәмдес досы Назарбек Раевтың әзіл-қалжыңмен шығарып, сәлемдеме ретінде жолдаған өлеңінен төмендегідей жолдарын оқуға болады: «Екеуміз бір кездері арбашы едік, Арбаның кірейіне алжас едік. Тұз тиеп, арба айдап, ойнаған жер, Қатықбұлақ құм іші, қала Кетік. Көрдім ғой арба айдап әкеңнің, Шешеңнің тезек тергенін. Есіңде ме сол жылдар, Жалаңаяқ, жалаңбас Соңынан оның ергенің», - деп келеді. Жалау осы өлең жолдары жазылған парақты өмірінің ақырына дейін төс қалтасына салып сақтап жүріпті. Біле білген адамға мұның өзі де үлкен адами болмыстың, асқан зиялылықтың белгісіндей. Жастайынан жетімдік көріп, буыны қатар-қатпаста бір үйлі жанды асырау тауқыметі пешенесіне жазылған Жалау ерте есейіп, алдынан көлденең келген кедергіге мойынсұнбастан, тірлік азабын жеңе отырап, арасында өз бетімен білімін де шыңдап, елдіктің ұранын өрге көтерер, алда келе жатқан қасиетті күрестің бел ортасында жанартаудай жалын атып жүрерін, әрине, өзі де сезген жоқ еді. Ауыр жұмыс пен мезгілінде тамақтанбау көптеген азаматтарды денсаулығынан айырды. Сүзек, безгек, кезік сияқты жұқпалы сырқаттардың белең алуынан өлім-жітім де көбейді. Талай боздақтарға жат жерден топырақ бұйырды. Ауруға шалдығып, әлсірегенде дәрігер Қ.Сарғожаев барынша қолғабысын көрсетіп бақты. Көптеген ауыл жігіттерінің тіл білмеуі өздеріне құдайдан тілеп алған қорлықтай көрінді. Арақ ішіп құтырынған орыс офицерлері оларды болмашы нәрсе үшін балағаттап, дырау қамшының астына алатын болған. Ал ол бейбақтарға Жалау, Төлесін сияқты көкірегінде намыс оты тұтаған азаматтар үнемі ара түсумен болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарапайым халыққа айтарлықтай ауыр азап пен жоқшылық әкелді. Патша үкіметінің жүргізген жүгенсіз саясатына бүкіл Ресей империясындағы халықтар наразы болды. 1917 жылғы 27-29 наурыз күндері Фортта жергілікті басқару органына сайлау өткізіп, оған 12 адам өтеді. Уездің бұрынғы бастығы Л.Быков қызметінен түсіріліп, оның орнына қайта сайлау арқылы кәсіпкер З.Дубский тағайындалды. Осы сайлауға Ж.Мыңбаев Қатықбұлақ тұз кәсіпшілігі жұмысшыларының атынан делегат болып қатысады. Ж.Мыңбаев қоғамдық істерден де шет қала алмады. Бұл оның жаңашыл көзқарасы мен белсенді өмірлік позиция ұстануынан туындап жататын ізгі ниет еді. Ол өндіріс орындары мен кәсіпшіліктер де жылдап жиналып, шешімін таба алмай тұрған өткір мәселелердің тұрғанын бір кісідей білетін. Сол себепті өз үлесін мұнда да қосуға тиісті деп білді. Жалау Мыңбаев – Қазақстан тарихында өзіндік орны бар тұлға, ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас тағдыр иесі. 22-жылдардың ортасында Республика кеңестерінің басшылығында болған оның өмір жолы көпшілік қауымға да, тарихшы мамандардың өздеріне де жұмбақ көрінеді. Оның себебі - осы күнге дейін Ж.Мыңбаевтың ғұмыры мен қызметінің зерттеушілерге ыңғайсыз болып келуінде. Тоталитаризм дәуірінде ол лениншіл-коммунист делініп мадақталғандар қатарында аталмады. Сол кездегі ғылыми әдебиетте оның есімі Қазақ ОАК-нің 1925-27 жылодардағы төрағасы ретінде амалсыз жазылып, негізінен, оппортунистер жайында айтылғанда кеңірек сөз болып келеді. Тек қана қараланып, қудаланған заманда Ж.Мыңбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі, қызметінің жағымды сипаттары, оның коммунистер өзіне тірек еткен жұмысшы табының өкілі болғандығы тағы басқа оң сипаттағы іс-әрекеттерінің өзі де айтылмай келеді. Мұрағаттық және түрлі басылымдарда жарияланған әртекті деректерді саралау Ж.Мыңбаевтың күрделі өмірі мен атқарған қызметінің бел-белестерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл жәдігерлер оның қарапайым жұмыскеден саналы ұлттық қайраткер, саяси күрескер, мемлекеттік басшы қызметкер дәрежесіне дейін өсіп-жетілуінен хабардар етеді. Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып сайланған соң Ж.Мыңбаев ауыртпалығы мен жауапкершілігі мол басшы қызметінің өзіне үлкен сын екендігін түсінеді. Өзгелер партия мен еңбекші тап алдындағы істерін сөз етіп жүргенде Ж.Мыңбаев: «Біз қазақ елі алдында, тарих алдында әшкере болғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз түрлі деректер мен нұсқауларға қол қоюшылар болу ғана емес, іс бітіріп, болашақ ұрпақ «ия, олар шынымен де тырысып еді» дейтіндей дәрежеге жету деген еді. Ж.Мыңбаевты коммунистік партияға оппозиционер еткен де оның осы өткір ұлттық сезімі еді. Жалаудың ісі де, сөзі де оның бәрінен бұрын ұлттық мүдделерді жоғары ұстағанын айқын көрсетеді.» "Жалау кезінде Фортқа жақын Қаңғадан жетім балалар үйі ашылып, Форттан ауысқан азық-түлік, киім-кешек, отын солай тасылатын еді. 29-шы жылдан соң бәрі керісінше бола берді", - дейді көнекөздер. Осы күнге дейін жеткен бұрынғы тұрмыстық қамту үйіне жақын тұста мешіт болған екен. Әуелде ол түрікмендер салдыруына байланысты түрікмен мешіті, келе-келе мұсылман мешіті аталған. 20-шы жылдардың басында әсіре қызыл белсенділер оны бұзбақ болғанда Жалау бастаған басшылар бұздырмаған. Баутин поселкесіндегі шіркеуді де сақтап қалған. Мешіт 30-шы жылдардан соң бұзылған. Байырғы форттық, ғұлама ғалым Құрбан Аманиязов оны бұзған белсендінің Фортта жын қағып өлгеніні айтады. Ал шіркеу Ленинградтағы мұнай геологиясы ғылыми зерттеу институтының филиалының орталығы ретінде 70-ші жылдар аяғына дейін елге қызмет етсе керек. Салақтықтан өртеніп кеткен. Тау басындағы қамалды бұзуға да Жалау кезінде қарсы болған екен. Ойы - оны патша отаршылдығының музейі күйінде сақтамақ болыпты. Амал не, ол орындалмады. Қамал үйлері қабырғасы құлатылып, құрылысқа пайдаланылған. Гарнизон шіркеуі арнайы сенбілік жарияланып құлатылды. Бірде мынадай бір оқиға болыпты. Қудалау науқанының жаңа қарқын ала бастаған шағы. 1929 жылы Жалаудың теперіш көріп, партиялығы тексеру үстінде жүрген кезі. Басқан ізі аңдуда. Бір күні үйіне НКВД жендеттері сау етіп келіпті. Жалау бұл кезде жастыққа шынтақтай жатып, зайыбы Күмістің құйып берген шайын сораптап ішіп, әңгімесін айтып дегендей отырса керек. Қастарында тұла бойы тұңғыштары Алтыны да бар екен. Қанша дегенмен талай құқайды көріп, тіс қаққан тарлан емес пе, шайын сораптаған күйі абыржымастан шақырылмаған қонақтарға «қандай мақсатпен келдіңдер» дегендей белгі беріп, иегін қаға, зілдене қарап жата беріпті. Сонда олардың ішіндегі біреу қипақтап, «осы үйде алтын бар» деген айғақпен келіп тұрғандықтарын айтыпты. Үйді тінтетіндерін де ескеріпті. Сол кезде Жалау ешқандай саспастан, әлгілерге мысқылдап күле: «Бұл үйде іздесеңдер алтын да, күміс те табылады», - деп шайын сораптай беріпті. Аналар не істерін білмей бір-біріне қарап аңырап тұрып қалса керек. Осы кезде зайыбы Күміс Жалаудың нені меңзеп айтқанын түсіндірсе керек. Содан кейін әлгілер үйді тінтпестен шығып кетіпті. Міне, Жалау осындай қиын сәттерде өзінің ұтырлы сөздерімен, шебер тапқырлығымен жол тауып кететін болған. Ақиқатында, 1920 жылы Жалау уездік атком мүшесі қызметінде жүргенде, Маңғыстауда шегініп келе жатып, В.Толстов әскерінің жергілікті халыққа бір үзім нанға алтын, күміс бұйымдарын айырбастағаны, кейін оны халықтан жинау мақсатында арасында Жалау да бар комиссия құрылып, жұмыс істегені белгілі. Міне, сонда жиналған алтынның ішінен өкіметке өткізбей, шетінен жырып алып, Форттың айналасындағы бір құпиялау жерге жасырып, тығып тастаған деп әлдекімдер Ж.Мыңбаевтың үстінен жоғарыға құпия түрде сөз жүгірткен. Әлгілердің келісі де сол тапсырманы орындау екен. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» демекші, Жалау олардан айласын асырып кеткен. Жалаудың Жауқасын және Торша атты қарындастары болған. Олар төңірегінде күні бүгінге дейін ешкім ешқандай дерек білмейді. Соған қарағанда екеуі де ертерек, жастау кездерінде дүние салмады ма екен деп ойлаймыз. Тастайбек 1915 жылы туған. 1929 жылы 14 жаста, яғни оң-солын танитын, жақсы мен жаманды айыратын кез. Ол сирек кездесетін ерекше қасиетке ие болған. Оның Алтын, Раушан, Тастайбек атты ұл-қыздары болғанын білдік. Барлығы да әкесіне тартқан зерек, пысық, ақылды болған. Қасиетті Маңғыстау топырағы... Қаншама құпия сырларыңды ішіңе бүгіп жатсың... Сол құпиялар сырына әбден қанық әрі Каспийдің ақшулан тентек толқындарына, алыстан менмұндалап мұнартқан Тынымбайдың биік шоқысына, Сауысқан мен Түйесудың бұйрат-бұйрат шағыл құмдарына, Ебелектің елу аңғары мен Жабайыұшқанның дала қыраны ұя салған, адам аяғы қия баспас құз жартасына көз салып тұрып, ұзақ ойдың жетегіне беріліп кеткеніңді бір сәт байқамай қаласың. Кешегі бір жан беріп, жан алысқан, арғымақ ауыздығымен арпалысқан заманда, ақ пен қызылға бөлініп, қан судай төгілген сұрқия уақытта, «коммунизм жұмағын» орнатамыз деп әулекіленген кезеңде бұл жердің де қағазға түсіп қалған өз зары, өз мұңы болды. Халел Досмұхаметов «өз жұртына жұмыс қылып еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу –елдіктің белгісі» деп жазған екен. Жалау Мыңбаев мақтауды керек етпейтін, мақтануға тұрарлық халқымыздың біртуар перзенті ретінде тарихымызда өзіне лайық орын алуы тиіс.А. ЖАНАЙЫСОВА,
мұражай маманы