©
Тәуелсіздік үшін ата-бабамыз ерлікпен от кешіп, аңсаған асыл армандарының жолында белін бекем буды. Кең байтақ жеріміз жаудың қолында кетпеу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреген ерлердің ерлігі тарихта таңба басқандай із қалдырды. Сол еңбектің жемісі бүгінде халқымыз тәуелсіздік туының астында бейбіт күн кешуде. Шекарасы бекіді, туы тіктелді, әскери құрылымы нығайды. Осындай аманатты қорғай білу – бүгінгі жас өрендердің парызы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Отпан» тарихи-мәдени кешенінде әскер қатарына аттанушы жастарды «Отан қорғау – азаматтық парызың» патриоттық шарасы өтті. «Отан қорғау парызым» деп патриоттық сезім бойын кернеген жастарға ақ жол тілеуге келген «Отпан» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынының директоры Н. Мұсаев, Маңғыстау ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің келісімшарт бойынша қызметшілерді қабылдау және әскерге шақыру бөлімшесінің бастығы Н. Шегебаев, «Отпан» ауылдық округінің әкімі О.Күзембаев азаматтық борышын өтеуге аттанғалы тұрған жастарға ағалық ақылдарын айтты.
Туған жерді, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Біздің де сонау ғасырлардан бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Бәйтеректей жайқалған қазақ жерін көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті және азаматтық парызы. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы, дастарханы ырысты атамекеніміздің тарихы да терең ойлы. Сондықтан осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу, ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел тыныштығымен қатар рухани бірлікті сақтау – әрбір жас сарбаздың парызы, деп Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагері, запастағы майор Б. Қуанбаев жігіттердің жігерін жанады.
Сондай-ақ, әскер қатарынан жақында ғана оралған сарбаз Досымов Мағжан замандастарына әскердегі қиындығы мен қызығы қатар жүрген күндерінен естеліктермен бөлісті. Мағжан болашақта әскери қызметке орналасып, елінің тыныштығын күзетуге әлі де атсалысатынын айтты.
Дәстүр бойынша әскер қатарына аттанып бара жатқан ұландарға «Ата жұрт аманатын» тапсыру құрметі кәсіпорын ардагері Данияр Аралбаевқа берілді. Салтанатты сәтті Тұщыбек ауылының ақсақалы, еңбек ардагері Берекет Төлепбергенов әскер қатарына аттанып бара жатқан жас ұландарға аталық ақ батасын берді.
Сонымен қатар шараға қатысушылар Е. Айшуақұлы атындағы орта мектептің оқушылары дайындаған «Ел қорғаған Есек мерген» этнографиялық қойылымды тамашалады.
Жомарт АЙДАРБЕК,
«Отпан» тарихи-мәдени кешенінің қызметкері