©
Облыста күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осыған орай Ақтаудағы «Мемлекеттік рәміздер» алаңында әскер қатарына шақыртылған маңғыстаулық жігіттерді салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін Маңғыстау облысынан 50 жігіт Алматы облысы, Сарыөзек ауылындағы Әуе-десант әскері қатарына жіберілсе, 10 жігіт Алматы облысындағы мемлекеттік күзет қызметіне аттанбақ. Күзгі шақырту бойынша облыстан 700-ге жуық адам әскер қатарына қосылмақ. Салтанатты рәсімге қорғаныс істері жөніндегі облыстық, қалалық басқармалар қызметкерлері, әскерге қабылданушылар мен олардың ата-аналары, дос-жарандары қатысты. Көңіл көтерер әскери оркестр сазымен сахна төріне лауазымды адамдар шығып, әскер қатарына қабылданушы жастарға ыстық лебіздері мен өнегелік өсиеттерін арнап, ақ жол тіледі. - Бүгінгі шара – ер азаматтардың өміріндегі маңызды сәті, үлкен өмірге деген алғашқы қадамы. Отан қорғауға аттанушыларды салтанатты түрде шығарып салу дәстүрге айналған. Бүгінде әскери бөлімдерде барлық жағдай жасалған. Жастар әскер қызметіне төселіп, білікті де тәртіпті жауынгерге айналып, биіктерден көретініне үміттенемін. Әрбір азамат үшін әскери қызмет – үлкен өмір мектебі. Бұл мектептен жақсы тәлім алып, елге аман-есен оралып, ел үшін табысты еңбек етулеріңізге тілектеспін. Сіздерге сәт-сапар! - деп Маңғыстау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Еділ Лұқпанұлы жүрекжарды тілегін білдірді. Болашақ Отан қорғаушыларға Ұлы Отан соғыс ардагерлері, Қарулы күштерінің ардагерлері, ата-аналар игі лебіздерін жеткізді. Әскер қатарына қабылданушыларға кітаптар сыйланып, шағын концерт ұйымдастырылды. Көңілді ән жастар жүрегін лүпілдетіп, сезімдерін көкке самғатты. Жүректері Отанға деген сүйіспеншілікке бөленді. - Күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасын таба береді. Болашақ сарбаздардың білімі жоғары, денсаулығы мықты. Барлығы әскери қызметке дайын. Біз оларды бүкіл қала, аудандардан мұқият тексеріп, іріктедік, - деді Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, әскери қызметшілерді келісімшартпен шақыру бойынша басқарма бастығы Шынболат Ақмұратов.Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39792,39790,39789,39788"]