©
Шетелдіктер деп отырғаным өзіміз күнде көріп, үйімізде құрылыс жұмыстарын жасатып, оларға ақша беріп жүрген Өзбекстан азаматтары. Өткен аптада үйімнің сыртқы бөлігін тазалап, сырлап жүріп, көршімнің үйінің осындай шетелдік жұмысшыларымен әңгімелесіп қалдық. Әңгімеге ашық екі жұмысшы сөз арасында еліміз туралы пікірін де айтып тастады. Айтылған әңгімелерді газет бетінде жазып, оқырманмен неге бөліспеске деген ой келді. Танысу былай басталды, басынан баяндайын.
– Апа, өзіңіз сырламақсыз ба үйіңізді? Бізге ақысын берсеңіз сырлап береміз ғой, – деген дауыс үйдің сыртын сырлауға дайындалып жүрген мені өзіне қаратты.
– Иә, бүгінгі демалысты пайдаланып қалайын. Көршімнің үйін сіздер әдемі қылып жасап жатсыздар, оның қасындағы біздің үйдің жаман болып тұрғаны жарамас, –деймін мен де әдейі қалыспай.
– Ақысын берсеңіз жасап береміз ғой.
– Сіздер қазақтардың барлығын бай деп ойлайсыздар ма, оның үстіне сіздер аз сұрамайсыздар ғой?
– Кредит алмадыңыз ба? Кредиті жоқ қазақ, қазақ емес-ау деймін.
– Бұл не деген сөздеріңіз, мазақтап тұрсыздар ма? Кредит аламыз, бірақ төлейтін ақшаны сіздерден сұрап жатқан жоқпыз, – деп мен де ашуланған болдым.
– Апа, ренжітіп алсақ кешірерсіз. Кредит, шынымен, көбіңізде бар екен. Біз де ақшаны сіздерден тектен-тек сұрамаймыз ғой, тек жасаған еңбегімізге қарай аламыз. Кейбір адамдар жұмыстарын жасатып алып, ақысын бермей қоятындар да бар.
– Иә, адамгершілік ұлттан емес, адамгершілік пенденің өзінен ғой. Ондай-ондай кейбіреулердің кемшілігін көргенде қазақтардың барлығы сондай деп ойламаңыздар.
– Әрине, апа. Сіздің елде қайта жақсы ғой. Еңбек етем деген адамға жұмыс бар, ақысы да бар. Біздің елімізде де ауылшаруашылық саласына 6 пайызбен несие беріп жатыр, тіпті алыңыздар деп үйлерімізге келеді. Біз алғанмен, оның ай сайынғы ақшасын қалай төлейміз? Сондықтан несие деген нәрсені алмаймыз. Одан да осылай Қазақстанға келіп құрылыс жұмыстарын жасап, түскен қаражатты ауылдағы отбасымызға жөнелтіп, қыста күнкөріп жүргеніміз жақсы.
Елдеріңізге қашан барасыздар деген сұраққа, «желтоқсанды аяқтап, 3-4 ай демалып қайта келеміз. Осы үйдің шаруасын аяқтағасын, тағы бір ірі тапсырысты орындаймыз», – дейді.
Мені апа-апалап, манадан әңгімелесіп тұрған Аманбек пен Ыхтиярдың жастары біреуі менен үлкен, біреуі кіші екен. Жиырманың енді үстіне шыққан кішісі Ыхтиярдың өзі Қазақстанға келіп жұмыс жасап жүргеніне 5-6 жылдан асыпты. «Әлі жас екенсің ғой, Аманбектің өзі Қазақстанда 2003 жылдан бері жұмыс жасап жүрмін дейді. 14 жылдың үстіндегі өмірінің тең жартысы біздің елде өткен екен. Ауылындағы екі баласын тек арасында барып көріп келеді. Сен мұнда көшіп келсең қайтеді? – деп Ыхтиярға сөзтарта сұрақ қойдым. Өз еліндегі мәселелерді, ондағы күнкөріс деңгейінің мәз еместігін айтып тұрса да, өз елін басқаға айырбастамақ емес.
– Жігітте бір ғана Отан болады емес пе? – деп маған қарайды. Сөз төркінін мәселелі сөздерден қашырып, басқа ауанға аударуды ойлап: – Сіздерде латын әліпбиі қашаннан бері қолданылады? – дедім. Манадан әңгімеге көп араласпай, тек менің жасаған жұмыстарыма қарап, арасында көмегін де көрсетіп тұрған Аманбек: – Тәуелсіздік алғаннан кейін пайдалана бастадық. 1993-94 жылдары болуы керек. Себебі мен ол кезде 4 сыныпта оқып жүрдім. Басында кирилицамен сауат ашып, кейін жайменен латын әрпімен оқи бастады.
– Оқушы болған екенсің, қиыншылығы болды ма? Қазір бізде осы латын әліпбиіне көшу туралы айтылып жатыр. Бұрынғы үйренген нәрсеміз жақсы емес пе деп күдіктеніп қоямыз.
– Әлем елдерінің барлығы латын әліпбиін пайдаланады. Сіздер қайта ең соңына қалып қоймаңыздар. Қиын болғаны есімде жоқ. Балалықпен тез қабылдап кеткен шығармыз. Есесіне қазір мен кирилицаны да, латынмен жазылғанды да жақсы оқимын, – деп ойыма ой қосты.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда білім саласына 120 маман қажетШын сөзім, жігіттердің істеріне де, сөздеріне де риза болдым. Еңбек етуге ерінбейтін, ақша жоқ деп отырмай, тірліктің ағымына қарсы жүзе білетін азаматтар екен. Менің кейбір таныстарым бар: ақша жоқ, жұмыс жоқ деп айтатын. Ал, шетелдіктер олай ойламайды екен. Қазақстанда жұмыс та бар, ақша да бар. Қазақтар үйін салуға бәрібір несие алады екен. Сол несиені басқаға бергенше, жұмысын жасайтын қазағына берсе жақсы емес пе? Бірақ құрылысшы болатын қазақ жігіттер аз болып тұрғаны. Құрылысты игеріп, соған қарай машықтанса, сұранысқа ие мамандық екені өз-өзінен көрініп тұр. Бұл – менің жоғарыда болған әңгімеден түйгенім. Сіздің қосар пікіріңіз болса ой бөлісіңіз, оқырман.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА