Маңғыстау облысында 14 мамырда ҚР Жер заңнамасын түсіндіру бойынша call- орталығы іске қосылған-ды. Сағат 7.00-ден бастап 19.00.-ге дейін тұрғындардың сұрақтарына облыстық жер қатынастары басқармасы мен жер кадастр ғылыми-өндірістік орталығының мамандары жауап беруде.
Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Бақытжан Орынбасаровтың айтуынша, осы уақытқа дейін арнайы орталыққа тұрғындар тарапынан жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлу, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану жөнінде және бұл салаға қатысы жоқ сұрақтар да келіп түскен.
– Тұрғындар 60-51-09 нөміріне қоңырау шалып, сұрақтар қоюына немесе ұсыныс-пікір білдіруіне болады.Сондай-ақ Астанадағы орталықтың 14-34 нөмірі арқылы бізге байланысқа шыға алады. Осы уақытқа дейін сall- орталықта 4 маман 300-ге жуық сұраққа жауап берді. Тұрғындар тарапынан ұсыныстар айтылса, орталықтағы комиссияға жолданады,-деді аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Орынбасаров.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ