Жүктілік - адам өміріндегі ең маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл кезде өзіңмен бірге болашақ сәбиіңнің өмірі үшін де алаңдап, ойланасың. Материалдық әл-ауқат мәселесі де бірінші кезекке шығады. Осы бір ерекше жағдайда мемлекет қалай көмектеседі? Мемлекет қандай төлемдер төлейді? Жүктілік және бала күтімі бойынша жұмыс және еңбек демалысы қандай мерзімге ұсынылады деген сауалдар пайда болады.
Декреттік демалыс - еңбек ететін азаматтарға ұсынылатын демалыс /әйелдерге де ерлерге де/. Әйелдерге – бала туғанға дейін және туғаннан кейін, ерлерге – бала күтімі бойынша 3 жасқа толған мерзімге дейін. Көп жағдайларда декреттік демалысқа жүктілігіне 30 апта толуына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын ұсына отырып, әйелдер шығады. Аталмыш еңбекке жарамсыздық парағының негізінде әйелдер оған тиісті декреттік демалысқа, туғанға дейін және туғаннан кейін де, сондай-ақ бала туғаннан күннен бастап 3 жыл ішінде бала күтімі кезеңіне шығады. Декреттік демалысқа шығуы бойынша мемлекет еңбекақыдан ұсталатын әлеуметтік аударымдар негізінде жәрдемақы төлейді:
- Жүктілік бойынша /еңбекке жарамсыздық парағы негізінде, жүктіліктің 30-аптасында/;
- Босануы бойынша;
- Бала өмірінің бірінші жылы ішінде бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы /қалған 2 жылда әйел ақша төленбейтін декреттік демалыста болады./
Еңбек Кодексінің 113-бабына сәйкес, жүкті әйелдерге, баланы /балаларды/ туған әйелдерге, жаңа туған баланы /балаларды/ асырап алған әйелдерге /еркектерге/ баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар:
- Жүктілікке және босануға байланысты демалыс;
- Жаңа туған баланы /балаларды/ асырап алған қызметкерлерге демалыс;
- Бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі.
Кодекстің 193-бабына сәйкес, жүктілікке және босануға байланысты демалыс ұзақтығы босануға дейін 70 күнтізбелік күн және босанғаннан кейін 56 күнтізбелік күнді құрайды. /қиналып босанған жағдайда немесе екі одан да көп бала туған жағдайда – 70/.
Жүктілік және босану бойынша демалыстан басқа, баланың 3 жасқа дейінгі күтімі бойынша еңбекақы сақталмайтын демалыс ұсынылуы мүмкін. Кодекстің 195-бабына сәйкес, осындай демалысты баланың әкесі немесе анасы, ал егер бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалса, онда баланың тәрбиесімен нақты айналысатын жақын туыстары ала алады.
Бала күтімі бойынша демалысқа шыққанда, жұмыстан айырылып қаламын деп уайымдамауға болады. ҚР Еңбек Кодексінің 59-бабына сәйкес, жұмыс беруші жүктілік және босану бойынша демалысқа шыққан қызметкерді жұмыстан шығара алмайды. Сондай-ақ 104-бапқа сәйкес, бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыт еңбек өтілі ретінде есептеледі және кезекті төленетін демалыс ретінде есептеуге мүмкіндік береді.
Декреттік демалыстың тиісті мерзімінен бұрын жұмысқа шыққан әйел толық емес жұмыс күніне құқылы. Бұл баланы емізу 1,5 жасқа дейін жалғасу қажеттілігімен түсіндіріледі. ҚР Еңбек Кодексінің 188-бабына сәйкес, 1,5 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, анасыз тәрбиелеп отырған әкелерге баланы /балаларды/ тамақтандыру үшін жұмыстың кемінде әрбір үш сағаты сайын:
- Бір баласы барға – әр үзіліс 30 минуттан кем емес;
- Екі немесе одан да артық баласы барға – әр үзіліс 1 сағаттан кем емес уақытқа қосымша үзілістер ұсынылады.
Үзілістің дәл ұзақтығы жұмыс берушімен жеке келісіледі. Баланы /балаларды/ тамақтандыруға үзілістерді түскі үзіліспен бірге немесе барлық үзілістерді жинақтап жұмыс күннің басында немесе аяғында пайдалануға болады. Баланы емізуге арналған үзілістер орташа еңбекақының сақталуымен жұмыс уақытына қосылады.
Егер әйел жұмыс берушіге 12 апта және одан да артық мерзімдегі жүктілік туралы анықтаманы ұсынса, онда жұмыс беруші онымен еңбек қатынастарын бұзуға құқысы жоқ. Егер еңбек қатынастары аяқталу мерзіміне ие болса, онда жұмыс беруші әйелдің жазбаша өтініші негізінде еңбек шартының мерзімін баланың 3 жасқа толғанға дейінгі мерзімдегі күтімі бойынша демалыстың аяқталу мерзіміне дейін ұзартуы тиіс.
Егер 12 апта немесе одан да артық мерзімдегі жүктілігін растаған әйел «декреттегінің» орнына жұмысқа қабылданған болса, негізгі қызметкер жұмысқа шыққанда жұмыс беруші оның біліктілігіне сай келетін және оның денсаулығына зиянын тигізбейтін кез-келген басқа жұмысты ұсынуы қажет. Ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда ҚР Еңбек кодексінің 59-бабының негізінде жұмыс беруші еңбек қатынастарын бұзуға құқылы.
Штат қысқарған жағдайда жұмыс беруші мынадай адамдарды жұмыстан шығаруға құқылы емес /ҚР Еңбек Кодексінің 185 бабына сәйкес/:
- жүкті әйелдер;
- 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер;
- 14 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп жатқан жалғызбасты аналар /18 жасқа дейінгі мүгедек бала/.
Егерде мекеме таратылған жағдайда жүкті әйелмен еңбек қатынастары тоқтатылуы мүмкін. Жұмыс беруші жұмыскерді алдын ала бір ай бұрын жазбаша хабардар ету керек. Осының негізінде жұмыс беруші 1 ай бұрын орташа еңбекақы мөлшерінде, сондай-ақ пайдаланылмаған жыл сайынғы еңбек демалысы болғанда – демалыстың пайданылмаған күндері үшін өтемақы төлейді. Бұндай жағдайларда жүкті әйел міндетті әлеуметтік сақтандырылуға жатады /жұмысты жоғалтуға әкелетін әлеуметтік тәуекелдер, жүктілік және босануына, бала бір жасқа толғанға дейінгі баланың күтімі міндетті сақтандыруға жатады/.
Баланың тууына байланысты төлемдер мен жәрдемақыларға келсек, жәрдемақының төлемнен ерекшелігі жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатындар және қатыспайтын адамдарға бюджеттен төленеді, төлемдер болса әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысынан жүзеге асырылады және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын адамдарға ғана төленеді. Жүктілік және босануына байланысты әлеуметтік төлемдер - бір рет, ал бала бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметтік төлем – ай сайын төленеді. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың құрылымдық бөлімшелері әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажетті құжаттарды қабылдағаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде оларды әлеуметтік төлемдерді тағайындайтын уәкілетті органға /Халықты әлеуметтік қорғау және бақылау бойынша аумақтың департаментке/ береді.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындайтын уәкілетті орган 10 жұмыс күні ішінде әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешімді қабылдайды. Әлеуметтік төлемдерді тағайындаудан бас тартқан жағдайда ол өтініш берушіні жазбаша хабардар етуге және ұсынылған құжаттарды өтініш берушіге қайтаруға міндетті. Әлеуметтік төлемдер алушыларға әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешім қабылдағаннан кейін әр айдың 20 жұлдызына дейін төленеді. Жүктілігі және босануы бойынша жәрдемақы тағайындауға құжаттарды бала туғаннан бастап 12 айдан кешіктірмей беру керек.
Сонымен бала туғанда келесі жәрдемақылар мен төлемдер ұсынылады.
- Баланың тууына байланысты мемлекеттік бір рет төленетін жәрдемақы / жұмыс істейтіндер үшін де, жұмыс істемейтіндер үшін де/ - бекітілген жәрдемақы;
- Баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы /жұмыс істемейтін әйелдер үшін/
- Баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем /жұмыс істейтін әйелдер үшін/
- Табысының жоғалуына байланысты жүктілік және босануы бойынша бір рет төленетін әлеуметтік төлем / жұмыс істейтіндер үшін/;
Егер декреттік демалыста болған уақыт ішінде екінші балаға жүкті болған жағдайда, онда төлемдердің 4 түрін тек баланың тууына байланысты жәрдемақыны ғана және баланың күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақыны ғана ала алады. Екінші бала туғанда еңбекақының сақталуынсыз декреттік демалысты ұзарту туралы өтінішпен жұмыс берушіге жүгіну қажет.
А. ЕЛЕУСІНОВА, Маңғыстау облыстық сотының талдау және жоспарлау бөлімінің бас маманы