Ақтауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмысына көңілі толатындар саусақпен санарлықтай болар. Бірнеше жылдар бұрынғы уақыттармен салыстырғанда ТКШ-на сын айтатындар азайғанымен, әлі де тұрғындарды қапаландыратын мәселелер баршылық.
Таяуда Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Маңғыстау облыстық комитетінің ұйымдастыруымен «Бітпейтін дау… ТКШ-ның таусылмайтын мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде аталмыш мекемелердің түйткілді жағдайлары сөз болды. Оны ашып, жүргізіп отырған партия филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова қарапайым халық үшін тарифті белгілеу жүйесін түсіну қиын екендігін, коммуналдық қызмет үшін төленетін тариф неден құралатынын мамандар ғана білетінін және бүгінгі таңда мұның жұртшылыққа түсіндірілуі керектігін айтты.
Дөңгелек үстелге қатысқан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің директоры Марал Қадырдың айтуынша, Ақтауда ұмытылуға таяған тарақандар мен қандалалардың қайтадан пайда бола бастағаны байқалады. Өңіріміз оба ауруының табиғи ошағы болып табылатындықтан ауру тарататын тышқандар мен бүргелер де тұрғын үйлер маңында болмауы тиіс. Ол үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығымен айналысатын мемелер уақытында улау және тазалық шараларын сапалы жүргізуі керек.
Сондай-ақ жиналыста өсіп тұрған талшыбықтарға су құю, қысқа дайындық, су сапасы мен құбырлар, тарифтің көтерілуі сияқты мәселелер, жалпы жүріп жатқан жұмыстардың сапасы талқыланды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының өкілдері өздеріне тиісті уақытта ағаштарға су құйылатынын, жылыту маусымына тыңғылықты даярлық көретінін және кейбір мәселелердің ТКШ міндетіне енбейтінін айтты. Сондай-ақ олардың сөздеріне қарағанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметінің бағасы әзір өспейтін сияқты. Дегенмен, су, электр жарығы немесе жылу тарифтері көтерілген кезде кейбір тұрғындардың бұларға ТКШ-ны да қосып, байбалам салатындары бар көрінеді.
Ақтаудағы қалаішілік және тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету мәселелеріне жан-жақты тоқталған қалалық мәслихат хатшысы Марат Молдағұлов қалада бірнеше процедурадан өтіп, тұшытылып, бақылауда болатын ауызсу сапасына қатысты ешқандай сын болуы тиіс еместігін атап өтті.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА