Іргесі берік, бірлігі бекем елдің берекесін кетірер теріс дін, кереғар көзқарас - қоғамның дауасыз дерті. Ақ пен қара алмасқан аумалы-төкпелі заманда жат ағымның жетегінде жүргендер жетіп артылады. Әсіресе, өресіздіктің құрығына жастар жағы тез түсуде. Діни жікшілдік әлемнің кейбір аймақтарында қанды қақтығыстар мен жанкештілік әрекеттердің жиілеп кетуіне де сеп болды. Бүгінгі күннің осынау көкейтесті мәселелерінің бірі бойынша ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбековпен жүздесіп, сұхбаттасудың орайы келген еді.
– Смайыл Серікұлы, бүгінгі қоғамда «дәстүрлі дін», «дәстүрлі діни таным» сынды тіркестерді жиі құлағымыз шалатын болды. Мәні мен маңызын түсінбейтіндер де бар. Алдымен «Дәстүрлі Ислам» ұғымына тоқталып кетсеңіз.
– Ата-бабамыз 1250 жыл бойы ұстанып келе жатқан Әбу Ханафи мәзһабы – дәстүрлі Ислам дінінің діңгегі. Тарихқа көз жүгіртсек, VII ғасыр басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыс жанданады. 751 жылы Тараз қаласының маңында болған Атлах шайқасында араб әскербасы Зияд ибн Салих қытайлықтарды ойсырата жеңеді. Тарихи оқиға Ислам дінінің қазақ даласында түбегейлі орнығуына зор ықпал етеді. Жетісу жерінде, Сырдария мен Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалаларға қарай қанат жаяды. Біртіндеп отырықшы халық ұстанған басты дінге айналады. Алтын Орда кезеңінде мемлекеттік дін дәрежесіне көтеріледі. Әбу Насыр Әл-Фараби, А.Йүгінеки, Ж.Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлы тұлғалар, озық ғұлама ойшылдар Ислам дінінің қайнар бұлағынан сусындаған. ХV ғасыр ортасында Керей мен Жәнібек негізін қалаған Қазақ хандығында Ислам кеңінен өрістейді. Хандық биліктің нығаюына, діни-дәстүрлік құқықтық жүйенің қалыптасуына, мәдени-рухани өмір мен ғылым-білімнің дамуына айрықша әсер етті. Қазақ хандығы Исламның сунниттік бағытының имам ағзам Әбу Ханифаның мәзһабын ұстанды. Қазақ халқына ежелден тән тәңіршілдік, шаманизм элементтері бар салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім жүйесімен бітеқайнасып, ажырамас бөлігіне айналды. Қазақ шариғат заңдарына жүгінген. Исламның ілімдік ұстанымына, құндылықтары мен қағидаттарына негізделген Тәуке ханның «Жеті жарғы» атты заңнамалық жинағы соның бір дәлелі.Қорыта айтқанда, тарихи тамыры тереңге кеткен дәстүрлі діни танымымыз– ұлттық болмысымыздың өзегі. Халқымыз дәріптеп, аса құрмет тұтқан Ислам құндылықтары – дәстүрлі дініміздің алтын тірегі.
– Қоғамда кең етек алған дәстүрлі емес діни ағымдардың ерекшеліктері мен идеологиялық астары қандай? Маңғыстау өңірінде өзекті мәселе қалай көрініс табуда?
– Жат пиғылды жандардың көксегені исламды көгерту емес. Көздегені – халық санасын сарсаңға салып, астыртын арандату, мұсылманды мұсылманға айдап салу. Олар Ислам діні атын жамылып, жымысқы әрекет етеді. Бірлігі бекем бүтін бір елді ыдыратып, айрандай ұйыған ел іргесіне іріткі салады. Қоғам тұтастығына жік түсіреді. Қазіргі таңда өңірде уаһһабилік немесе сәләфилік, тәкфіршілдік белсенділік танытып отыр.Уаһһабилік немесе сәләфилік ағым өшпенділікті өршіте түсіп, қарулы қақтығыстар, діни дау-жанжалдардың негізіне айналды. Басты мақсаты – адам санасына уаһһабилік базалық идеяны сіңіру арқылы экстремистік идеяларға жетелеу. Олар тәспі тартуға, мешітке садақа беруге, әулие-әнбиелер, бақилық болғандар әруағына Құран бағыштауға, жамағатпен дұға жасауға, мазарларға зиярат етуге, алақан жайып, бет сипауға, қабір басына белгі орнатып, қоршау қоюға үзілді-кесілді қарсы. Уаһһабилік идеология өкілдері ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты тәрк етеді. Мемлекеттік билікті мойындамайды. Конституциялық құқықтық жүйені жоққа шығарады. Зорлық-зомбылық, қатыгездікке баулиды. «Әт-Такфир уәл-Һижра» деструктивті діни ұйымы діннің ең қауіпті бағыты. Бұлай деудің өзіндік себебі бар.Ұйым белсенділері әртүрлі әдістермен сананы бақылау арқылы зымиян әрекеттерді іске асырады. Жеке тұлғаның физикалық және психикалық жағдайын бұзады. Көздегені – саяси жүйені күйрету арқылы «кәпірлерге» қарсы қарулы күрес жүргізу, өзгелерді күпірлікпен кінәлау, мұсылман мемлекеттерінің арасына сына қағу. Олардың сенімінде намаз оқып, ораза ұстамаған – «кәпір». Қолына қару алып, «кәпірге» қарсы соғыспаған – «кәпір». Шариғат заңын мойынсынбаған басшы – «кәпір». Жазықсыз жанды жапа шектіріп, қан төгіп, бас кесуді қасиетті жиһад санайды.
– Жат ағымның жетегіне көптеп ілігетін қоғамның қай бөлігі?
– Жат діннің құрсауында жастар жүр. Ақ пен қараның аражігін ажырата алмай, бәрі дерлік сергелдеңге түскен. Мұсылмандық қағидаларын жетік білмесе де, намазға жығылуға ден қойғандар, яғни діни сауатсыз жастар дәстүрлі емес діни ағымдардың қармағына тез ілігеді. Ал теріс пиғылды діни ұйым өкілдері бұл олқылықты ұтымды пайдаланады. Дінге ықылас танытқан жастарға діни әдебиеттер, терең діни идеологиялық астары бар, экстремистік мазмұндағы аудио-бейне жазбаларды таратып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Жат ағым жетегіне түсіп, ата-анасын зар илеткен жастар жайы қынжылтады. Жуырда мешітке бір ана келді. Өрімдей жас қыз біраздан бері намаз оқуға ниеттеніп, мешітке келіп жүрген. Алайда сәләфилік бағыттағы құрбылары әлгі қызбен анасына білдірмей байланыс құрып, өз діни идеологияларын үйретеді. Дін іліміне жетік кісінің есімін желеу етіп, өз уысына түсіреді. Жас қыз жат ағымның арбауына алданып, жалған сөзіне иланады. Ата-анасына, ағайын-тумасына қарсы келеді. Туған анасын тәрк етеді. Нәтижесінде, қаршадай қыз анасын тыңдамайтын халге жетеді. Әрине әрі-бері түсіндіруге тырысқаныммен тыңдауға құлық танытпай, тістеніп отырып алды. Осылайша, көкірек көзі тұмшаланған қыз ақыл-насихатты ой елегінен өткізуден бас тартты. Тағы бір мысал. Әлді әлсізге әлімжеттік көрсету жатақханада жиі орын алатын жайт. Қиын жайтқа душар болған жастың жанынан табылады. Достық қарым-қатынас орнатып, сеніміне кіреді. Өзгелердің қоқан-лоқысынан құтқарады. Уақыт өте, діни уағыздарын насихаттап, ой-санасын улайды. Жаңсақ ұғым, қате пайымға құрылған жат ағымның идеологиясын бойына сіңіреді.
– Облыста діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Ұлттық мүддеге кереғар теріс ағымдардан қоғамды арылту, өзгелерді сақтандыру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды деуге болады. Өңірлік «Ақпараттық-насихат тобы» құрылып, жоспарлы түрде жастармен кездесулер өткізіледі. Дәстүрлі дін жетекшілері теріс діни ағымдардың қауіп-қатері мен мақсат-мүддесі жайлы әңгіме өрбітеді. Дінаралық ауызбіршілікті насихаттау мен діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жас ұрпақ санасына ізгі адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, қайырымдылық пен ізгілік көмбесінің көзін ашып, рухани бағыт-бағдар береді. Өңірдегі барлық мешіттерде дерлік қазақ тілінде діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған. Себебі білім алу мұсылманға міндеттеледі. Бұған қатысты ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Білім алу әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз».Ұстаздардан діни дәріс алып, Ислам дінін терең әрі толық танып, тың мағлұматқа қанығу мүмкіндігі мол. Мешітке келушілерге ҚМДБ тарапынан ресми мақұлданған кітаптар, газет-журналдар қолжетімді. Екі намаз уақытының арасында діни ілімін жетілдіру мақсатында кітапқа көз жүгіртеді. Облыстық мешітке жамағаттың ең көп жиналатын сәті – кешкі уақыт. Асыл дініміздің кәусарынан сусындап әрі теріс бағыттың идеологиясына тосқауыл қою мақсатында «құптан» намазының алдында 20 минуттық уағыз-насихат айтылады. Тәжірибе-тәлімі, көргені мен көңіліне түйгені мол білікті теологтармен тығыз байланыстамыз. Дін мәселесінде өзіндік орны бар Әбсаттар Сыманов, Қабылбек Жұмабек, Бауыржан Отарбаев, Сансызбай Шоқанов секілді республикаға танымал теолог-мамандар аудан-ауыл, елді мекендерде бой көтерген мешіттерді аралап, рухани-ағартушылық бағытта жүйелі жұмыстар атқарды.
– Дін саласындағы мемлекет жүргізіп отырған саясатқа қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
– ҚР Конституциясына сәйкес Қазақстан зайырлы мемлекет. Яғни, отандастарымызға заң шеңберінде діни еркіндік беріледі. Мемлекет діннен және діни бірлестіктерден алшақ. Бұл саясат– адам мен азаматтың мүддесін қорғаудың, рухани келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаудың тірегі. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінде Елбасы Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін мақтан тұтатындығын жеткізді. «Біздің діни бірлестіктер туралы заңнамамыз теңдік пен ождан бостандығы қағидатына негізделген. Біздің ширек ғасырға жуық тәуелсіздігімізде Қазақстан рухани қайта өрлеу дәуірін бастан өткерді. Кеңес дәуірінде, оның ішінде Қазақстанда да атеизм бекітілген болатын. Бірақ халқымыз Құдайға деген сенімін жоғалтпады» деген керемет пікірді білдірді. Елімізде «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Экстремистік радикалды ағымдардың алдын алу, діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстарды болдырмау, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – дін саласындағы мемлекет саясатының басты бағыты. Бүгінде Қазақстан іргесі мығым, экономикасы мықты елге айналды. Ендігі ретте ұлттың құндылығы – рухани болмысы, мәдени мұрасына зор көңіл бөлген жөн. Руханияты мықты, діні берік елдің болашағы – баянды, келешегі – кемел.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Голрох ЖЕМЕНЕЙ