©
Жақында мектебімізге қорғаныс бөлімінен мамандар келді. Олардың келуі менің өмірімде көп нәрсені өзгертті десем де болады. Кездесу кезінде еліміздегі біраз әскери жоғары оқу орындары туралы ақпарат алдым. Соның ішінде маған ұнағаны «Құрлық әскерлерінің Әскери институты» болды және сол оқу орнына барамын деген ой пайда болды.
Кейін сол оқу орны туралы тағы да толығырақ мағлұмат алдым. Елімізге әскери мамандар даярлау ісінде нағыз ұстахана саналатын Құрлық әскерлерінің Әскери институты офицерлік кадрларды 11 мамандық бойынша дайындайды екен. Мен «Автокөлік әскерлерінің командалық – тактикалық даярлығы» мамандықта оқимын деп шештім.
Институт заманауи оқу материалдық базамен, техникалық оқу құралдарымен қамтамасыз етіліпті.Болашақ оқу орным жөнінде біраз ақпарат та жинап қойдым. Өйткені менің онда қалай білім алатыным өте маңызды. Училищенің лекциялық аудиториялары, кабинеттері және кластары ғылым мен техниканың заманауи даму деңгейінде әскери мамандарды дайындауға керектінің барлығымен жабдықталған екен. Оқу үдерісінде оқытудың заманауи техникалық құралдары компьютерлік және есептеу аппараттарын пайдаланумен кеңінен қолданылатын көрінеді. Кәсіби тәсілдерді жақсартумен қатар институтта курсанттардың демалысын ұйымдастыру да қарастырылыпты. Осындай қызықты мәліметтердің арқасында болашақ мамандығымды таңдап, алдыма үлкен жоспар қойдым.
Ендігі арманым әскери оқу орнын бітіріп, әскери қызметші болу. Қазір мен мектеп бітіруші сыныппын. Үйдің кенже баласы болғандықтан өзімді отбасымның жауапты адамы деп есептеймін. Бос уақытымда спортпен айналысамын. Бұл менің таңдаған мамандығым үшін де қажет. Спорттағы жетістіктерім де жоқ емес. Өз қызығуыма байланысты мектепте бастапқы әскери даярлық сабағын, сайыстарын да қалт жіберген емеспін.
Ыбырай ШОЛПАНОВ,
№1 орта мектептің 11-сынып оқушысы
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН