Бүгінгі білім беру ісінің мақсаты – тек білім, білік дағдыларын меңгеру ғана емес, өзін-өзі дамытуға ұмтылған, ақылды да алғыр, жан-жақты тәрбиеленген жоғары мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу. Осы бағытта «Дарын» облыстық қосымша білім орталығында «Мектепте оқушыларды бейнелеу өнеріне баулу» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды.
Бейнелеу пәні сабағын түрлендіріп өткізу, оқушыларды табиғатқа, теңіз жағасына, мұражайға әкеліп сурет салдыру олдарды шабыттандырып, өнерге деген қабілетін арттыра түседі. Сурет байқаулары мен конкурстарда Маңғыстаудың нақыштарын, болмысын, өзіндік стилін көрсететін ұлттық бұйымдарды, ұлттық киімдермен нақышталған бейнелерді және киіз үйдің интерьерін салу, өлке стилінің ерекшеліктерін республикаға насихаттау туралы ұсыныс- пікірлер айтылды.
Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен семинарға аймақтағы мектептердің бейнелеу пәні мұғалімдері мен бейнелеу өнеріне ынталы оқушылар қатысты. Шарада Маңғыстау өнер колледжінің ұстаздары Ж.Жолдасбаева, М.Тоқсанбаева және Ақтау қаласындағы №20 орта мектептің мұғалімі Р.Жанбыршиева баяндама оқыды. Сондай-ақ Ақтау қаласындағы №10 орта мектептің мұғалімі М.Бекенов, Ақтау қаласының №7 орта мектебінің мұғалімі Ф. Алиева және «Оқушы» орталығының қосымша білім педагогы Д.Аралбаев ашық сабақ пен шеберлік сыныбын өткізді. Бейнелеу өнерін оқыту мен тәрбие беру барысында іс-тәжірибе алмасу және өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуды мақсат тұтқан семинарда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері «Ә.Қастеев көрмесімен» таныстырып, мұражайға экскурсия ұйымдастырды.
Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Т.Жұмалиева ауылдардан шыққан қарапайым зергердің керемет қолөнер туындылары, табалдырықтан шаңыраққа дейін оюлап, өрнектелген ағаш үйлерді жасаған әжелеріміз бен апаларымыз суреттен сабақ алмаса, оқымаса да, керемет дүниелерді жасағанын айтып өтті. Балаларды анықтау үшін зергерлер мен шеберлердің тұқымдарын зерттеуді, ата-әжелері ұста, мүсінші болған, бау-басқұр тоқыған, түрлі қолөнер шеберлерінің ұл-қыздарын, немере, шөберелерін анықтауды ұсынды. Маңғыстау өнер колледжінің мұғалімі Ж. Жолдасбаева бейнелеу өнеріне талпынған жастарға бағыт- бағдар беру туралы ой-пікірімен бөлісті. Атақты мүсінші Микеланджело «Сурет – түрлі ғылымдардың қайнар көзі және нәр беретін тамыры» демекші, Ж.Жолдасбаева, «Оқушы» орталығының қосымша білім педагогы Д. Аралбаев ашық сабақ үстінде бейнелеу өнерінің түрлерін түсіндіріп, сурет салудың қыр-сырын ашуға тырысты. Шебер сынып барысында оқушылардың салған суреттері тексеріліп, оларға мамандар ақыл-кеңестерін берді.
Назгүл ЖАҚАЙ, «Дарын» облыстық қосымша білім орталығының әдіскері