©
Ш.Есенов атындағы жоғары оқу ордасында абыз ақсақалдар, арда азаматтар мен кіл жақсы-жайсаңдар бас қосты. Алашқа адал қызмет еткен арда азамат, өз ұлтын шексіз сүйген Жалау Мыңбайұлы есімі ардақталып, туғанына 125 жыл толуына орай «Елім деп өткен ер Жалау» тақырыбында ғылыми конференция өтті. Маңызды іс-шараға «Ақ жол» Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақжол-жастар» жастар қанаты ұйытқы болды. Өскелең ұрпақ өкілдері өткен тарих парақтарына зер салып, қоғам қайраткері турасында көңілге түйіп, түйсінген дүниелерін, том-том архив түбінен тапқан дерек-дәйектерін, жіліктеп, жіпке тізгендей жан-жақты талқылады. Жастар зор ізденіспен, табанды зерттеумен айналысқан. Ж.Мыңбайұлының өнегелі өмірі және елеулі еңбек жолы, ағартушылық және қоғамдық-саяси қызметі турасында мол мағлұмат берілді. Жаңаөзен қаласының тумасы Салтанат Мұратқызының дерегіне сүйенсек, «Жалау Форт-Александровскідегі екі сатылы орыс-қазақ мектебінде білім алады. Ол Төлесін Әлиев, Зұлқарнайын Баймырзаев, Нәдірбай Айтақов сынды ірі тұлғалармен бірге оқыған. Оның замандастары «Жалаудың білімі мен зерделілігіне жететін жан жоқ. Ол сөйлесіп тұрып та орысшаны қазақшаға, қазақшаны орысшаға қолма-қол аударып айта беретін болған». Бұл әрине, Жалаудың жастайынан алғыр, зерек те зерделі, көзқарас көкжиегі кең, сана-сезімі сергек жас боп ержеткені жөнінен хабардар етеді. - Қазақ публицистикасында тұңғыш жарық көрген басылым – «Қазақ» газеті. Алайда сол кезеңде қоғамның идеологиялық жауы саналған «Қазақ» та, ұлы демократтар есімі де Кеңес билеген 73 жыл бойғы дәуірде ұлт тарихынан өшіріліп тасталды. Кеңес өкіметі кезіндегі баспасөз тарихын зерттеуге арналған еңбектерде ара-тұра «Ауыл тілі» газеті жайлы қысқаша болса да баяндалғанымен, оның алғашқы редакторы кім екендігі жөнінде тыс жарып айтылмайды. Мәселен Қайыржан Бекхожиннің 1981 жылы шыққан «Қазақ баспасөз тарихының очеркі» атты зерттеу монографиясында 1913 жылдан бергі газет-журналдар тарихын жазып, олардың барлығының редакторларын көрсетіп, жалғыз «Ауыл тілі» басылымының редакторы көрсетілмейді. Жалаудың журналистік кәсіпке қызығушылығы Адай уездік ревкомын басқарып тұрған кезде басталды деуге негіз бар. Сол кезде газет шығаруға өңірде талпыныстар жасалып, өмірге келген алғашқы баспасөз үндері қолжазба түрінде шығарыла басталды. Қазақ шаруаларының мүддесін күйттеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған «Ауыл тілі» басылымы 1929 жылы 12 ақпанда өз жұмысын тоқтатты. Дұрысы тоқтатылды. «Ауыл тілі» жабылғаннан бері күні кешеге дейін, ауыл өміріне араласып, оның тұрмыс-тірлігі жайлы қалам тербеген басылымдар шыққан жоқ. Ауыл тілі тек қана 1991 жылы «Дала дидары» деген атпен қайтадан жарыққа көрді, уақыт өте «Ауыл» атты көлемі шағын апталық ретінде оқырманға жол тартты, - дейді жас маман, ұстаз Сандуғаш Есембетқызы. Басқосуда Ж.Мыңбайұлының тау тұлғасы, ізгі адамгершілік қағидатынан тайқымаған қажырлы-қайсар болмыс-бейнесі бедерлі баяндама, сындарлы сөзбен сомдалды. Гүлзада Мырзағалиева «Жалау Мыңбайұлы өмірі – ұрпаққа үлгі» еңбегінде өз сөзін «Халқының қалаулы перзенті Жалау Мыңбайұлы атындағы мектепте тәлім алғандығымды мақтан тұтамын. Ол бір ауылдың, ұлыстың, өңірдің ғана емес, бүкіл халықтың ұлы» деп аяқтайды. Мені қуантқан жайт, еліне адал әрі қалтқысыз қызмет қылған, алыс-жақын, жақсы-жайсаң, үлкен-кіші, кәрі-жастың зор құрметіне бөленген, ұлт зиялыларының үлгі тұтар, үміт артар арысына айналған Жалау Мыңбайұлы жайында орыс тілді шәкірттеріміздің ізденісі. Мәселен, Марал есімді жас өркен Жалау ата жайында дерек іздеп, облыстық кітапхана мұрағатын бірнеше мәрте ақтарған. Осылайша, саясат сардары, мемлекет қайраткерін өзгеше қырынан танытуға тырысқан. - Ж.Мыңбайұлы жаны өнер мен мәдениетке жақын болған. Көне әндерді жинақтаған. Ән салуға әуес екен. «Қазақ халқының 1000 әні» музыкалық-этнографиялық жинағын ұйымдастыруда маңғыстаулық 14 корреспонденттің бірі болады. Ол жинаққа «Қараторғай», «Жуас қоңыр», «Ақбөбек», «Ақтаң» әндерін ұсынған. Қазақ шекарасының аумағын белгілеу, елтаңбасын бейнелеу, астананы көшіру сынды саяси шешімдерде Жалау Мыңбайұлы рөлі зор болған, - дейді жас зерттеуші. Жастар назарына ілігіп, қошеметіне бөленген, тіпті таңданыс тудырған Жалау Мыңбайұлы бойындағы ар-намыс, өжет рух пен батылдық, мір оғындай өткір сөзге шешендік, ақыл-ойға кемелдік десек артық айтпағандығымз. Осы жерде ойға Әбілқайыр Спан ағамыздың «Жалау Мыңбаев» кітабындағы осы бір үзінді оралады. «Республика басшыларының ішінде Голощекиннің ең бірінші, ең батыл, өжет қарсыластарының бірі КазЦИК төрағасы Жалау Мыңбаев болған ғой. Қазақтың тыныс-тірілігінен бейхабар, бар білімі тіс технигі, кеудемсоқ, əпербақан Голощекиннің бəдік пікірлері үнемі Жəкең тарапынан тойтарысқа кезіге беретін болған. Алматыдағы президент архивінде сақталған сол кезеңнің құжаттары - жиналыстың стенографиялық есептерінде Жəкеңнің Голощекинге "Сен осы көп сөздеріңде не ішіп, не апиын тартып алып айтатын кісі сияқтанасың" деген ескертпелері жазылып қалған». Іргелі өнеркәсіп басшысы Қолғанат Нұржаубайұлы «Емші» кітабында Ж.Мыңбайұлы турасында бірқатар қызықты деректер ұсынады. Өз басым сол кітапты бастан аяқ оқып, Хақ Тағала құдіретімен қасиет дарыған, «тарыққанда жебеп, зарыққанда демеген» әулие-әнбиелеріміздің батасын алыған көріпкел, емші ата-бабалар жайында көңілге түйгенім мол еді. Осы жинақта Жалау Мыңбайұлы мен Сталиннің кездесуі, дәлірек айтқанда тұз кәсіпшілігінде қызмет еткен Жалау Мыңбайұлының Баку сапарында Сталинмен бір түрмеде жатуы ықтимал екендігі айтылған. Әрі көкірегі ояу, жанары ойлы, сұңғыла жасқа Сталиннің назары сол кезден бастап түскен көрінеді. Сол секілді қызықты әрі тың деректер тыңдарман талқысына түсті. Ш.Есенов атындағы КМТИУ профессоры Жанат Жанашқызы мәуесі мол, мәні зор тарихи тың мағлұматпен бөлісті. Ерік-жігері, күш-қуаты, қажыр-қайраты мығым Жалау Мыңбайұлы замана заңғары, зиялы қауым өкілдері құрмет тұтқан тұлға болған. - «Ақ жол» партиясы өңірлік филиалына алғысым зор. Тарихи тұлғалар, ел азаматтары, «Алашорда» үкіметі жайлы тың тақырыптарды қозғайды. Зерттеу еңбектерінде қателер де бар. Өзім назар аударған жайттарға тоқталсам. Жалау Мыңбайұлы ескерткіш тақтасында «Жалау Мыңбайұлы милиция бастығы – ревком төрағасы» жазуы енген. Ревкомды милиция деп түсінетіндер бар. Бұл жаңсақ пікір. Ревком – билік. Кеңес үкіметінің алғашқы баспалдағы, ұйымдастырушы билік. Төтенше орган. Милиция – қоғамдық бақылау бөлімі, тәртіп сақтау саласы. Сондықтан тақтадағы жазба «милиция бастығы, ревком төрағасы» деп өзгертілуі жөн. Адай ревкомының атағы шығуында өзіндік себеп бар. Ревком екі ай жұмыс жасап билік тізгінін Кеңес үкіметіне табыстайды. Ал Адай ревкомы жеті жыл бойы жұмыс жасады. Яғни жеті жыл бойы Кеңес үкіметі орнамады. Бұған себеп - жер шалғайлығы, байланыс жоқтығы, ауылдардың шашыраңқы орналасуы. Бұны Үкімет бұрмалап, адайлардың Кеңес Үкіметіне қарсылығы деген баға берді. Жалау Мыңбайұлының ревкомға қатысты деректері облыстық жазба-жариялынымдарда шатысып жүр. Зерттеуші жастар осы жайтты ескергені жөн. Ғаламтор деректеріне сене беруге болмайды. Архивтік деректерге сүйенген дұрыс. 1918 жылғы Маңғыстау туралы көркем фильм түсіруге болады. Өңірде барлық зұлмат сол жылы орын алды. Үкімет жоқ, байлар босып кеткен. Халық бірін-бірі талап, бандитизм белең алды. Хиуа тарапынан қарақшылар тобыры қазақ ауылдарын шапты. Ал Жалаудың қайраты, Фортты қоныстанған бүткіл саудагерлер еңбегі дәріптеуге тұрарлық. Жалаумен елде үлкен тәртіп, қатал қоғамдық бақылау орнады. Түнгі оннан кейін арақ ішкендерге айыппұл салынды. Әр рудың өзіндік ақсақалдар кеңесі қызмет етті. Тағы бір ескерер дерек, Ә.Спанның «Жалау Мыңбаев» атты кітабында «Бұл кезде Шолақты өлдіге жорыған Ботагөз уездік тілмаш Қосым Мырзабаевқа тұрмысқа шығады...Шолақтың баласын қабылдамайтынын болғандығы себепті аты-жөнін Қосымов Мыңбай деп жазған» деген дерек бар. Республикалық архивте қолыма тиген бір деректе « 1881 жылы юнкер Қосым Мырзабаев Текеліктерге қарсы күресте ержүректігі мен батырлығы үшін күміс медаль алады. Сол жылы Мыңбай Қосымов деген кісі, шабарман, дәл сондай медальге ие болады» деп көрсетілген. Сонда Жалаудың әкесі кім деген сауал туындайды. Сондықтан Жалау Мыңбайұлының үрім-бұтағын әліде болса зерттей түсу қажет,-дейді белгілі тарихтанушы Жанат Жанашқызы. Өте өзекті мәселе - Жалау Мыңбайұлы мен «Алашорда» арыстары арасындағы тығыз байланысты зерттеу, ел үшін істеген игі істері мен өте маңызды елдік шешімдері жайлы халықты хабарландыру. Аға буын өкілдері жастарға осы жайтты құлаққағыс етті. Ал ақын Қаржаубай Рейімбайұлы Ж.Мыңбайұлы жөнінде тарихин жырын толғады. Арайлы Ақкеттікте Жалау Мыңбайұлы есімімен оқу ордасы және көше атауы аталған. Баутино ауылы атағын Жалау Мыңбайұлы есімімен өзгерту бойынша жұмыс істелуде. Белгілі тұлға есімін бір мекенде үш мәрте қолдану онамастикалық комиссия талабына қайшы. Қазіргі таңда бұл мәселе облыстық онамастикалық комиссияда талқыланып жатыр екен. Бұл жөнінде басқосуда бабаның тікелей ұрпағы Дәуіт Нөкенов мәлімдеді. Сонымен қатар, Ж.Мыңбайұлының 125-жылдығына орай Райымбек көшесі бойындағы зиратта жерленген баба рухына тағзым ретінде ескеркіш орнату жобасы қолға алынған екен. - Ескерткіш материалы, сапасы, бейнесі ойластырылып, құжаттар жасақталды. Осы жобаны облыс әкімдігіне жолдап, тез арада жүзеге асыру ойымызда бар. Жалау бабамыздың жатқан жерін гүлдендіріп, зияратын жандандыруға ұсыныстар түсті, - деп атап өтті белгілі сәулетші Мұрат Тілеубаев. Конференция соңында Қойлыбай Қаражан Ж.Мыңбайұлының туғанына 125 жыл толуына орай облыс көлемінде өтетін іс-шаралар ретімен таныстырды. Әсіресе, Маңғыстау облысы тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасымен бірлесе Ж.Мыңбайұлы жайлы деректер қорын ашу, деректі фильм түсіру жайына басым тоқталды. Сонымен қоса, осы өнегелді іске ұйытқы болған «Ақ жол» Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы басшысы, арда азамат Жаңбырбай Матаевқа алғыс айтылды. Зерделі, зерек, жас зерттеушілерге арнайы сертификаттар табысталып, келелі жиын өз мәресіне жетті.Голрох ЖЕМЕНЕЙ