Жақында Жармыш орта мектебінде мұғалімдер Г.Манашева мен М.Тоқтарбаевтың ұйымдастыруымен 9-10 сынып оқушылары арасында «Жігіт сұлтаны – 2017» сайысы өтті. Жас ұрпақты батырлыққа, шешендікке, тапқырлыққа, имандылыққа тәрбиелеу, білімділікті, мәдениеттілікті қалыптастыру, жан-жақтылыққа баулуды мақсат тұтқан байқауға 5 оқушы қатысты.
Алғашқы бөлімде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші кезеңде салт- дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап берді. Содан соң өнерлерін ортаға салып, спортқа қаншалықты бейімді екенін, ептіліктерін байқатты. Тартысты өткен сайыстың 6 бөлімінде мектебіміздің сегіз қырлы, бір сырлы жігіттері анықталды. Жоғары сынып оқушылары арасындағы қызықты сайыс нәтижесінде Жатани Ғизат 1-орынды, Оразалы Сағынтай 2-орынды жеңіп алса, 3-орынды Майлыбай Ғибрат қанжығасына байлады. «Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» аталымы бойынша Болат Дархан, «Шымыр жігіт» аталымы бойынша Қуаналы Ерден марапатталды.
Нұржихан ТАҢАТАРҚЫЗЫ, Жармыш орта мектебінің педогог-психологі.