Жуырда облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұловтың төрағалығымен өткен жиында жер қатыстарын реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жайы және Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы талқыланды. Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Ермек Карентаев, аталмыш комитеттің мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы Дәулет Бижанов, облыстық басқарма және аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары қатысты.
–Жерге қатысты туындаған сұрақтар бойынша арнайы комиссия құрылып, қоғамдық пікір туғызған мәселе бойынша мораторий мерзімі 5 жылға ұзартылды. Сондай-ақ жерді қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтап, оны дамыту туралы шешім қабылданған болатын. Комиссия қазақстандықтарға ауылшаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтау, жалға берілетін ауылшаруашылығы жерлерін шектеу мөлшерін белгілеу, шекара маңындағы аймақтарда ауылшаруашылығы жерлерін берудің талаптарын күшейту, халықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін елді мекендер маңындағы жайылымдардың алаңдарын анықтауды ұсынды. Берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында тұрақты мониторинг (жалға алудың алғашқы 5 жылында жыл сайын,суармалы егістікте әрбір 3 жылда, тәлімді жерде әр 5 жылда) жүргізіледі, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Ермек Карентаев.
Жиында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы Дәулет Бижанов «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына тоқталып, елдік құжаттан туындайтын тапсырмалар мен міндеттерді нақтылап өтті. Басқосу барысында күн тәртібіндегі мәселе кеңінен талқыланып, министрліктен келген мамандар жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ