Қазір жүз жасаған көзі тірі қариялар кемде-кем. Сондай жандардардың бірі-Басқұдық ауылында тұрып жатыр. Жақында ғана «Мұнайлы» газетіне 100 жасқа толған Түркменбаев Тәжібай ата жайында шағын ақпарат берген болатынмын. Енді ата жайлы молырақ жазуға мүмкіншілік туып тұр.
«Қариясы бар елдің дариясы бар» демекші, қарттардың ақыл-парасаттылығына кейінгі ұрпақ – біз әрдайым мұқтажбыз. Тәжібай ата бір ғасырды артқа тастаса да жүріс-тұрысы ширақ, әлі де болсын өз сөзін саралап, әңгімесін байыппен айтатынын байқадық.
Түркменбаев Тәжібай Түрменстанның Ташауыз облысы Калинин ауданында 1917 жылдың 10-қаңтар күні дүниеге келген. Сол ауылдың 7 жылдық мектебінде білім алып, 1935 жылдары еңбек жолын Байрамалы Түркменқала, Жөлетен деген аудандардағы аурухана, мектеп, балабақшаларға сексеуіл дайындаушы болып жұмыс жасаған. Аталған жұмыс орнының өз пункті болып, сонда сұраныспен келген көліктерге сексеуіл тиеп беретін болған. Осы салада 1958 жылға дейін еңбек етеді.
1963 жылы Өзбекстанның Бұқара облысы Тамды ауданына көшіп барып, сол жылдан бастап осы ауданға қарасты Ленин колхозының №5 фермасында ферма басқарушысы болып қызмет істеген. 1983 жылы зейнетке шықса да осы қызметті басшылардың өтінішімен 1989 жылға дейін атқарады.
Ол кезде еңбекті мал басының көбеюімен есептегендіктен Тәжібай ақсақал мал басын көбейтудің жаңа бағытымен жұмыс жасай бастайды. Буаз биенің қанын алып ешкі, қойларға салатын болған. Сонда малдың жатыры кеңіп бір туғанда 3-4 төлді қатар әкеледі екен. Осылайша малдың санын бір жылда бірнеше есеге көбейтетін болыпты. Бірақ, мал басы көбейгенмен әлсіз болып туған қозыларды жолға салу үшін көп еңбек ету керек екен. Ол кезде төрт түлік мемлекет тарапынан түсетін тегін жем, шөптің арқасында аман қалатын болған-ды. Мал бағу ісінің қыр-сырына қаныққан қарияның елеулі еңбегін ескерген Совет Үкіметі пен Партия 1970 жылы «Лениннің 100 жылдық» медалімен, 1971 жылы «Октябрь революциясы» орденімен, 1975 жылы «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен марапаттайды.
Ал, Тәуелсіздік алғаннан кейін ақсақал 1992 жылы Қазақстанның Мақтарал ауданына қоныс аударады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлы Жеңістің 60 жылдық, 65 жылдық және 70 жылдық медальдарымен марапатталған. Еңбек және тыл ардагері атағы беріліп, қазір өзі тұрып жатқан үйге «Еңбек және тыл ардагері» деген тақтайша орнатылған.
«Отбасымызда 2 қыз 3 бала болдық. Олардың барлығы қазір өмірден өтті. Мен екінші бала едім. Ол кезде тамақ жесең соның өзі ойынмен тең еді. Біздің күнімізді ешкімге бермесін. Біздің жас кезіміз аштықпен арпалысып, қиындықпен қарсыласып жүргенде өтіп кетті. Мектепте оқып, әріп танығаннан кейін, жұмысқа ерте араласып кеттік. Балалық шағымыздың өзінде Түркмендердің егін егетін жеріне құнарландыру үшін арбамен малдың қиын тасып, соның ақысына 1-2 келі бидай алып табыс табуға ұмтылатынбыз.
1932-33 жылдары қатты ашаршылық болды. Біздер сол жылдары Ташауыз облысының Көнеүргеніш ауданында болдық. Сол кездерде жан бағу үшін күнжара жегендердің бәрі қырылып, сүт ішіп, айран ішкендер ғана аман қалды. 1933 жылы мамыр айында Түркменстанның Байрамалы ауданына келген едік. Мамыр айында олардың халқы бидай егеді екен. Басқа аудандарға қарағанда Байрамалының жерінің күнкөрісі, тұрмысы жақсы болғасын біраз уақыт сонда тұрақтадық. Ақ бидайды орып, қырманға арқалап тасып сол уақытта еңбегімізге бидай беретін. Аман қалу үшін жайлы жер іздеп көшіп-қонып жүретінбіз. Осылайша аштықтан аман қалдық. 4-5 түйеміз болды айран, сүтімен күн көрдік. Осы ауылдың бір жағы құм болатын. Сол құмнан сексеуіл жинап әкеліп сатып, бидай сатып алатын да кезіміз болды. Он шақты жыл Байрамалыда тұрып, Түркменстанның Шаржау облысының Дейнеу ауданына келдік. Бұл жердің халқының көпшілігі өзбектер болды. Олар жүгері егеді екен. Бұл жерде де сол түйемен бір әкелген отынымызға 2-3 келі жүгері алып, жан бақтық. 1-2 жылдан кейін Түркменстанға қайта келдік.
Біздің бір көңіл жұбатқанымыз- қуғын-сүргіннен аман болдық. Түркменстанда ондай қиындық көп болмады. Жалпы Түркмендердің аузы бір болды. Ол кездердегі қуғын-сүргіннен талайлардың малы мен пайдаға асар үлкен кісілерін айдауға алған. Өз көзіммен көрмесем де естіп жүретін едім. Барлығы Сталиннің саясаты ғой. Бүгінгі балаларымызға біздердің қиын күндерімізді бастарына бермесін. Қазіргі заман, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш заман. Дәл осындай заманды осы кезге дейін көрмегенмін. Дастарханымыз жайнап тұр одан артық не керек»,-дейді ғасыр куәсі.
Бүгін қара шаңырақтағы ұл-келіні Айтқали мен Ақзира атаның бар жағдайын жасап отыр. Келіні Ақзираның айтуына қарағанда, енесінің қолынан іс келетін текемет, кілем тоқитын шебер жан болыпты. Көпшілікті аузына қарата білетін ауызы дуалы кісі екен. Қиын заманның кейбір тоқырауынан шығуына осы кісінің де көп көмегі болған.
-Ұзақ жасау Алланың адамға берген сыйы. «Не ексең, соны орасың»,-деп дана халық бекер айтпаған. Әкем Түркменбай 96-ға келіп өмірден өтті. Атам Оразбай 100-ден асқан. Нақты нешеге келгені есімде жоқ. Ол кісі Хиуа хандығының кеңесшісі болған екен. Жасы 90-нан асқан шағында, жанарынан айырылған кезде үнемі баратын жеріне жетектеп жүретін едім. Қасында болып, керек заттарын алып беретінмін. Жанарынан айырылса да, аттқа қарғып мінуші еді. Мүмкін сол кісілердің ақ батасы шығар осы күнге жеткізген,-дейді Тәжібай ата.
Қайырымдылықты да жанына серік еткен ақсақал мал бағып жүріп жағдайы төмен отбасыларға мал беріп көмек көрсететін болған. Атаның өскелең ұрпаққа үлгі болар тағы бір қасиеті бірде-бір рет арақ, темекі, шылым атаулыны аузына алмаған. «Елімізде бейбітшілік мәңгілік орнасын. Елбасымыз аман болсын. Бүгінгі жастар барды бағалап, ел ертеңі үшін аянбасын. Әрдайым тоқшылық болсын. Алланың көзі түзу болсын»- деп ақсақал ақ батасын бізге берді.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА