Маңғыстау облысындағы «Бейнеу-Ақжігіт» автожолы 2019 жылы пайдалануға беріледі, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 85 км «Бейнеу-Ақжігіт» автожолын қайта жаңарту жобасы аясында тас жолды техникалық II санаттағы нормативтерге дейін жеткізу көзделген.
"2018 жылдың қорытындысы бойынша бұл учаскенің 60 шақырымында қозғалыс ашылды. Қалған 25 шақырымда құрылысшылар 18 су өткізгіш құбырды орнату, жылыту пунктін қайта жаңарту, сондай-ақ 2 демалыс алаңын орнату жұмыстарын жүргізеді", - делінген министрліктің хабарламасында.
Бүгінде жөндеу жұмыстарына 80 бірлік техника мен 163 адам жұмылдырылған. Жобаның бас мердігері – «ТЖЖ-Автодорстрой» ЖШС. Мамандардың жоспары бойынша қайта жаңғыртудан кейін «Бейнеу-Ақжігіт» автожолдың өткізу қабілеті 7 есеге жуық артып, тәулігіне 7000 жуық автокөлікті құрайтын болады.
Сондай-ақ, «Бейнеу–Ақжігіт» автожолы «Құрық» порты арқылы көлік транзитін ұлғайтуға ықпал етеді және Транскаспий дәлізінің Өзбекстан және Орталық Азияның басқа да елдерімен жаңа қатынасын қамтамасыз етеді.
«Бейнеу-Ақжігіт» автожолы бойындағы жөндеу жұмыстары 2019 жылы аяқтау жоспарланып отыр.