Көптеген көршілес өңірлерден Бейнеудің артықшылығы - ұлутас байлығы. Ауданда ашылған алғашқы ұлутас кенішінің қазіргі иесі, «Ақтас», «Фирма Сабытай» жауапкершілігі шектеулі сан салалы серіктестіктерінің құрылтайшысы, ауданның Құрметті азаматы Оразбаев Еркінбек Салиұлымен осы саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттасқан едік.
- Еркінбек Салиұлы, алғашқы кенорыны сіздің қолыңызға қашантиді?
- 1991 жылдың қараша айында аудан басшыларының ұйғаруымен кен орыны бұрынғы ГОРЕМ мекемесінің есебінен шығарылып, оның өндірістік базасы негізінде «Ақтас» мемлекеттік шағын кәсіпорыны ұйымдастырылып, басшылардың сенім білдіруімен мен осы кәсіпорынның жұмысын басқардым. 1994 жылы осымемлекеттік шағын кәсіпорынныңбазасында «Ақтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ұйымдастырып, ұлутас қоры бар 51 гектар жерді ұзақ мерзімге жалға алдым. Кәсіпкерлікке ауданның азаматтары арасында бірінші болып мен қадам бастадым. Ауылды жұмыссыздық жайлап алған, ұлутасқа сұраныс күрт төмендеген, қаражат тапшы, ақша жоқтың қасында, техникалар ескірген, қосалқы бөлшектері табылмайды. Еңбек ақының мардымсыздығы, уақытылы төленбеуінен жұмысшылардың көпшілігі жұмысты тастап кетіп жатты. Бұл — жалғыз біздің мекемеде орын алған келеңсіздік емес, бүкіл еліміздегі ауыр кезеңге тән құбылыс еді.
- Ең қиын кезде жергілікті өндіріс иесі болу оңайға соқпағанын байқадық. Шыдадыңыз, күрестіңіз, іздендіңіз, ақыры өзіңіз күткен ұнамды нәтижелерге қол жеткізудің жолына түстіңіз...
- «Мекенін көркейткен адамның өзі де көркейеді» деген сөзді әкем Сали үнемі айтып отырушы еді. Әкемнің осындайсөздері, осы сөздеріне сай жасаған жұмысы санама әбден сіңіп қалыпты. Бұл қасиетімнен зиян көрмедім. Өте ауыр болған екі-үш жылды артқа тастағасын елдің еңсесін басқан тоқырау бұлты серпіліп, өндірісте табыстың көкжиегі көзге шалынды. Біздің кен орнымызда жұмыс жанданды. Еліміздің көптеген аймақтарынан тапсырыс берушілер көбейді. Бейнеу тұрғындарының, ауылымызға шет елден лек-лек болып көшіп келіп жатқан қандастарымыздың ұлутасқа деген сұранысы артты. Тәулік бойы екі-үш ауысымда жұмыс жасасақ та тапсырыстарды әрең үлгеріп, орындап жүрдік. 2000-2010 жылдар аралығында жылына 40 мың текше метрге дейін ұлутас өндірдік, бұл деген рекордтық көрсеткіш еді. Әрбір жылды мол пайда алумен аяқтап жүрдік. Пайдамыз салық төлемдерін төлеуден, өндірістік шығындарымызды өтеуден ауысып, шағын өндірісімізді кеңейтіп, заманауи техникалармен жабдықтауға мол жетті.
Даму жолына түстік дегенімізбен қиындықтар жоқ емес.Теміржолмен жүк тасу құнының шарықтауы жұмысымызға кері әсерін тигізгені байқала бастады. Байтақ Қазақстанды, көршілес Ресейді айтпағанның өзінде Еуропаның көптеген елдерінің сәулетшілері мен құрылысшылары Жетібай мен Бейнеудің ұлутастарына қызығушылық танытып, қомақты көлемде тапсырыс беріп, біз оларға вагон-вагон ұлутас жөнелтіп тұрдық. Мен Украинаға барғанымда Жетібайдың ұлутасын орталық көшелеріндегі ғимараттардың тұғырлары мен қабырғаларының сәндік қаптамасына пайдаланғанын көріп, бойымды мақтаныш билеп, көңілім асқақтаған сәтті ұмыта алмаймын. Теміржолдағы тасымал бағасының қымбаттауы тапсырыс берушілеріміздің жолын байлап отыр . Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деп сенеміз.
- Елбасымыздың биылғы Жолдауында алдымызға қойылған міндеттерді орындаудағы нақты істеріңізге тоқтап, алдағы жобаларыңыз жайлы айтып өтсеңіз?
- Елбасымыздың Жолдауымен жете таныстым. Алдымызда жауапкершілігі зор міндеттер тұрғанына көзім жетіп отыр. Өндірісті автоматтандыру, роботтандырудың өндіріс орнына берер пайдасы мол екені анық. Ғылым жетістіктерінің игілігін көруге бет алған кезде заман талабынан артта қалып қоймаудың шараларын қолға алдық.
«Ақтаста» бүгінгі таңда Қытайда жасалған қуатты техникалар мен жиырманың төңірегіндегі жұмысшылар жұмыс жасауда.Техника мен еңбек қауіпсіздігін сақтауға баса мән береміз.Шағын асхана, жуынып- шайынатын арнаулы орын бар. Еңбек ақыларын уақытылы төлеп, айтулы күндерде сыйақы, қажет кезде материалдық көмек беріп тұрмыз.Бұлар өндірісті тұрақты дамытудың басты шарттары.
- Сізден, Бейнеудің 45 жылдық мерейлі мерекесіне лебізіңізді естісек...
- Рахмет. Ежелден құт қонған Бейнеу аудан мәртебесін алған 45 жылда Үстірт төсіндегі шамшырақтай жайнап, ұлы Самдағы көрікті мекенге айналғанына куә болып отырмыз. Басымызға қонған бақ баянды болғай! Халқымыз толағай табыстарды қолға кіргізіп, азаматтарымыздың абыройы асқақтай берсін!
Сұхбаттасқан Қартбай ҚОЖАЕВ