«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бірер күнде артықшылық берілген акцияларды сатып алу туралы хабарлаған болатын. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев аталмыш процедураның қалай жүзеге асатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
– Дәурен Сапарғалиұлы, 13 тамызда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ артықшылықты акцияларды кері сатып алу туралы хабарлады. Осы жайында толығырақ айта кетсеңіз.
– Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (ҚМГ БӨ) жаһандық депозиттік қолхаттар (ЖДҚ) мен қарапайым акцияларын кері сатып алу туралы ұсыныс жасаған болатын. Артықшылықты акциялар ол кезде бағдарламаға енгізілмеген болатын, өйткені ЖДҚ мен қарапайым акцияларды кері сатып алу сәтті жүзеге асатынына толық сенім болмаған еді. Алайда қарапайым акциялар мен ЖДҚ-ны кері сатып алу акционерлер арасында қызығушылық тудырды, акция иелерінің басым бөлігі өздеріне тиесілі ЖДҚ мен акцияларды сатып алуға өз еріктерін білдірді.
Менің ойымша, бұл – нарықтық жағдайды, компанияның алдағы даму мүмкіндіктері ескере отырып қабылданған шешім. Қарапайым акциялар мен ЖДҚ-ларды сатып алу нәтижесі бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның ҚМГ БӨ-дегі үлесі 63%-дан 95,4% дейін өсті.
Қарапайым акциялар мен ЖДҚ-ны сатып алу сәтті жүзеге асырылғаннан кейін компания артықшылық берілген акцияларды сатып алу туралы ұсыныс жасаған болатын. Мұндай акциялары барлар үшін бұл тиімді ұсыныс. Олар өз иелігіндегі акцияларды тиімді бағамен сатуға және осылайша инвестицияларын ақшаға аударуға мүмкіндік алады.
Сатып алу компания үшін белгілі бір артық капиталдың қайтарылуы. Ол компанияның капитал құрылымын оңтайландыруға және ҚМГ тобындағы компанияларды қайта құрудың бұдан арғы жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өйткені, ҚМГ БӨ операциялық қызмет атқармайды, тек ҚМГ тобындағы компаниялардың өндірістік активтеріне иелік етеді. ҚМГ тобындағы компанияларды ауқымды оңтайландырылуын ескере отырып, ҚМГ БӨ рөлі қайта қарастырылды. Қазіргі таңда ҚМГ БӨ-ні одан әрі қызметінің түрлі нұсқалары қарастырылуда. Осыған байланысты бұл кезеңде артықшылық берілген акцияларды сатып алу акция иелері үшін де, компания үшін де тартымды нұсқа.
Атап өту керек, кері сатып алуға қатысу акционерлер үшін ерікті болып табылады. Артықшылықты акцияларды ұстаушылар көптеген факторларды – ағымдағы нарықтық жағдайды, компания қызметінің одан әрі перспективасын, тәуекелдерді және ең соңында әр акционердің жеке өзіне тән жағдайын есепке ала отырып сатуға не сатпауға шешім қабылдауы тиіс.
– Артықшылық берілген акциялардың бағасы қандай?
– Басымдығы бар акцияның біреуі 12 800 теңгені құрайды. Соңғы айдағы орташа баға 10 292 теңгені құрап отырғанын есепке ала отырып, нарық бағасының үстемақысы 24.4% болып отыр. Атап өтерлігі, 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың наурызы аралығы қарапайым акция сатып алғандағы үстемақы 23.7% болды. Одан бөлек жуырда кей акционерлер компанияға оларға тиесілі артықшылығы бар акцияларды сатып алу туралы өтінішпен хабарласты. Олардағы артықшылығы бар акцияны сатып алу құны 12 115 теңгені құрады. Компания артықшылығы бар акция иелері – жеке тұлғалардың трансфер-агент және брокер ретіндегі «Қазпошта» АҚ қызметіне кететін шығындарын өзіне алады.
– Артықшылығы бар акция иелері кімдер?
– Акцияның 86% жеке тұлғаларға тиеслі. Бұл 15 мыңға жуық адам. Негізгі бөлігі «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ бұрынғы және бүгінгі қызметкерлері. Қалған 14% артықшылығы бар акция иелері заңды тұлғалардың еншісінде.
– Артықшылығы бар акцияларды сату процедурасы қандай?
– Қайта сатып алуға брокер немесе трансфер-агент арқылы қатысуға болады. Толық кеңесті call-орталықтарда, аймақтардағы трансфер-агенттердің кеңселерінде, брокерлер мен компанияда алуға болады. Қайта сатып алу 2018 жылдың 16 қарашасына дейін созылады. Бұл артықшылығы бар акция иелеріне тиісті шешім қабылдап, барлық құжаттарды рәсімдеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
– Акцияларды қайта сатып алуға қатысты алдын ала болжам жасай аласыз ба?
– Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Себебі, ұсыныс енді ғана жасалды. Өз тарапымыздан біз ашық диалогқа түсіп, акционерлерді толғандыратын сұрақтарға жауап беруге әзірміз.
Атап өткім келетіні, ҚМГ БӨ мен оған қарасты компанияның кез келген қадамы алдымен мемлекетке мейлінше мол пайда әкелетін пәрменді компания құруға бағытталған.
/А/