©
Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжановтың қатысуымен 6-сайланған облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма алтыншы сессиясы болып өтті. Онда күн тәртібіндегі төрт мәселе қаралды. Атап айтар болсақ, 2019–2021 жылдарға арналған облыс бюджетіне, көші-қон процестерін реттеу қағидаларына, өңірдегі ортақ су пайдаланудың қағидаларына және облыстық мәслихаттың 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына енген өзгерістер мен толықтырулар туралы талқыланды. Сессияға депутаттар, басқарма басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев баяндап өтті. Оның айтуынша, 2019 жылдың басынан бері бюджет бір рет нақтыланып, бүгінгі таңда облыс бюджетінің көлемі 205 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл былтырға қарағанда жоғары. Бөлінген қаржы аймақтың даму сатысына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, көп балалы аналар мен күн көріс деңгейі төмен отбасылардың баспаналы болуына, сонымен қатар Жаңазен қаласын дамытуға жұмсалады. Осы орайда депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылып, сұрақтар қойылды. №24 сайлау округінің депутаты Н.Сәрсенбай Маңғыстау ауданына қарасты Қызан ауылының жолын тілге тиек етсе, №15 сайлау округінің депутаты Ж.Дәрменов «Ата жолының» құрылысына бөлінген қаржыны арттыруға және қазіргі таңда аурулардың көбеюіне байланысты әлеуметтік желілерде көмек сұраушы азаматтардың мәселесін шешу бойынша тегін дәрі-дәрмектердің тізіміне кірмейтін өзге де препараттарды жергілікті бюджеттен қаржыландыру бойынша ұсыныс тастады. Одан соң жоғарыда айтылған тақырыптарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар дауысқа салынып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Облыстық мәслихаттың келесі сессиясының төрағасы болып №4 сайлау округінің депутаты Ш.Бейсенбайұлы сайланды.Айгүл ОРЫНБАЕВА