©
Облыс басшысының орынбасары Әлихан Қыраубаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында 2019 жылдың қаңтар–сәуір айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сонымен қатар жергілікті және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы мәселелер қаралды. Қазіргі таңда облыс бойынша қаңтар–сәуір аралығындағы экономикалық көрсеткіш 97,9%-ға тең. Бұл жөнінде облыстық экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Гүлбахыт Ахметова айтты. «Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 916,3 млрд. теңгеге тең. Өткен жылы бұл көрсеткіш 910,0 млрд. теңге болған. Тау-кен өнеркәсібінің өнімі 825,8 млрд. теңгені құрап отыр. Былтыр 101,6 млрд. теңге болған. Бұл салада өсім өте жоғары деп айтуға болады. Алайда мұнай өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен са- лыстырғанда 0,8 пайызға төмендеп кетті. Атап айтар болсақ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 0,3%, «Бозашы Оперейтинг» ЖШС – 8,9%, «Доңға» – 9,8% және «Қарақұдықмұнай» 12,9%-ға азайды. Сонымен қатар экономиканың кейбір салаларында өсім бар. Мәселен, минералды өнімдер өндіруде – 15,4%, машина жасауда 28,2%-ға өсу байқалады. Тағы бір айта кетерлігі, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жыл соңына дейін инвестиция көлемін ұлғайту жоспарланып отыр», – дейді Г.Ахметова. Мұнай саласындағы көрсеткіштердің төмендеуіне байланысты Ә.Сұлтанмұратұлы тиісті қызметкерлерге тапсырма беріп, олқылықтардың орнын толтыруды жүктеді. Биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдау негізінде өңірде құны 11,7 млрд. теңгені құрайтын 6 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олар: полимерлік қаптама өндіретін «Достық Полимер» ЖШС зауыты, кабельдер мен трансформаторларды өңдейтін «Ақтау-ЭнергоМаш» ЖШС зауыты, күн және жел электр станцияларына арналған «Best Group NS» ЖШС, Түпқараған ауданында жем-шөп комбинатына арналған «Жамалбек» ЖШС және осы аудандағы «Ақтау-Агро» ЖШС құс фабрикасы мен қант зауыты. Енді құрылыс саласына келетін болсақ, қарқыны жаман емес. 1,4 пайызға өсім бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығының жал- пы өнім көрсеткіші 100,1 пайызға тең болып, 3,4 млрд.теңгені құрап отыр (өткен жылы 2,9 млрд. теңгені құраған). Ағымдағы жылдың сәуір айында тұтыну бағаларының индексі мен тарифтері жоғарылаған. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы – 104,6%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 101,4%-ға, ақылы қызмет көрсету 99,9%-ға өскен. Атап айтар болсақ, ет өнімдері – 3,6%, сүт өнімдері – 2,5%, жұмыртқа – 1,2%, май өнімдері – 2,8%, кондитерлік өнімдер – 5,1%, алкогольсіз сусындар – 3,1%, темекі өнімдері – 5,2%, сонымен бірге азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде, дәрі-дәрмектердің бағасы 6,6%-ға көтерілген. «Бұл жерде бағаның көтерілуіне бірден-бір себеп, доллардың өсуі болып отыр», – дейді Г.Қайыржанқызы. Жергілікті және республикалық бюджеттің атқарылуына келетін болсақ, мамыр айының ақпараты бойынша қазіргі таңда облыстық бюджетке 41,3 млрд. теңге қаржы түскен. Бұл есепті кезеңдегі жоспардың 90,9 пайызының орындалғанын көрсетеді. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Жаңагүл Ұланова айтып өтті. «Кірістердің жалпы көлемі бойынша Қарақия (105,7%) және Жаңаөзен қаласы (113,3%) жоспарлы кезеңді орындап отыр. Қалған аудандар мен Ақтау қаласы 80%-дан 97%-ға дейін орындады», – дейді Ж.Ұланова. Бюджет көзін толықтыру бойынша облыс әкімінің орынбасары тиісті аудан және қала әкімдеріне бюджеттік кірісті тиісті деңгейде орындауды тапсырды.