Маңғыстау станциясында вокзалдан таяқ тастам жерде алыстан ағарып қақпа көрінеді. Төбесінде үйі жоқ, айдалада есік тұр. Қос қанаты айқара ашылған, жабылмайтын «қорған» темір жолды жағалай жүрген кім кімнің де назарын аудартпай қоймайды. Ерекше ескерткіш пе деп қаласың…
Алғашында маған да түсініксіздеу болды. Жақындаған сайын есіктің не үшін ашық тұрғанына көз жете түсті. Ұзап кеткенше артқа қарай бердім, бірақ кірген де, шыққан кісі қарасы кездеспеді. Есіктің құрылысы ұлутастан, сырты ақталып, өрнектелген. Оң жағында ашық аспан астында жайлауға қоныстанған қазақ ауылдарын елестететін ағаш үй, алдында ұлттық үлгіде киінген әйел қолымен «Қош келдіңіз!» деп тұрғандай бейнеленген. Сол жақ сыртында да ауыл, сылағы түсіп, суреті жойылып бара жатса да бұлттар арасынан күлімдеген күн, домбыра ұстаған ер адам бейнесі байқалады. Теміржолды жағалай жүрген жүргіншіге мұның бәрі таңсық болса керек. Қызық. Сыры кетсе де сыланбаған бұл нысан қанша уақыттан бері тұр, қашан, не үшін, кімнің қолымен салынды, деген сұрақтар туындамай тұрмайды.
–Қателеспесем 1997 жылдың сенбі күндерінің бірі болатын. Есікті сенбілікке шыққан жұмысшылар асарлатып салды. Ол кезде халық мотоциклмен, арбамен де жүретін. Сонысымен темір жолдан жолаушы өтуге белгіленген орыннан да өте беретін. Мұнысы станцияның кейбір тұрғындарының наразылығын тудырып, шағыммен келетін. Сондықтан жол қауіпсіздігін сақтау және темір жол жиегінің әсемдігі үшін өтерліктің екі жағынан осылай есік қою жөнінде Маңғыстау жол дистанциясы басшысының сол кездегі орынбасары марқұм Өтеш Жұмағазиев ойын айтқан еді. Жұмысшылар қолдап, бір күнде тұрғызылды. Сенбілікке мен де қатысқанмын, онда жол дистанциясында жол шеберімін. 10 жылдан бері денсаулығыма байланысты мүгедектікке шықтым,– дейді Сәуірбек Отаров.
Шахида ЖҰМАН
Тағы оқыңыздар:Ақтауда латын әліпбиіне қатысты республикалық конференция өтті