- Мен 1940 жылдың наурызында Каспий теңiзi жағасындағы Қараманды елдi мекенiнде дүниеге келiппiн. Кеңес үкіметі кезінде Тельман аталған бұл елдi мекен қазір Сайын ауылы деп аталады. Әкем менi бiрiншi сыныпқа Форт-Шевенко қаласындағы Көк мектепке алып барды. Шымыров Базаржан деген мұғалiм қарсы алып, менi алдыңғы партадағы баланың қасына отырғызды. Ол Шапағатов Сайын еді. Екеуміз де кейін геолог-барлаушы, инженер- мұнайшы болып, туған жеріміздің қазына байлығын ел игілігіне арнауға ат салыстық. Әлгі мен және ол туған ауыл қазір сол кісінің атымен аталады...
Үшінші класқа дейін Форттағы, үшiншi кластан 7 класқа дейiн Қарамандыдағы, 810 кластарды қайтадан Форттағы интернатта жатып оқыдым. 1957 жылы Фортта «Маңғышлақнефтегазразведка» тресі құрылған бойда мектепте жоғары сынып оқушыларын бұрғылаубарлау мамандықтарына дайындайтын курстар ашылды. Мен моторист мамандығын алып шығып, бір топ бала комсомолдық жолдамамен «Қошақ» бұрғылау алаңына моторист болып орналастым. Алматыдан институтты бітіріп, геолог мамандығын алып шыққан соң Қараманды қасындағы Доңға алаңында коллектор болдым.
Әңгімесін осылай бастаған «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясын тәуелсіздіктің ілкі таңында нарық заңымен 10 жыл басқарған Қырымқұлов Сағын Ерқасұлы сабырлы қалпын бұзбай сәл кідіріп қалды. Ойын жүйелеп алғысы келген болар. Өйткені менің білгім келетін басты мәселем – ел мен жердің тарихы, дәлірек айтсам, мына көк теңізді жағалай қоныстанған аққу қала Ақтаудың, оның маңайындағы елді мекендердің тарихи оқиғалары болатын. Өйткені оның атасы Қырымқұлдың да, әкесі Ерқастың да, өзінің де барлық өмір жолдары дәл осы аймақтың төсінде сайрап жатыр.
Жыл сайын көктемнің көгілдір сәтінде бір топ бала кішкентай ғана Қараманды ауылынан шығып, ҚошқарАта көліне келіп, құстардың жұмыртқасын жинайтын. Қар, жаңбыр суынан жиналатын көлде құстың неше түрі кездесетін. Қызыл шақа балапандар өріп жүретін. Ол кезде Ақтау қаласының орны «Қолтық» деп, аталатын, мал жайылатын ашық алаңқай еді, біржар ескі бейіттердің құлпытастары ғана қалқиып, менмұндалап тұратын. Жер атаулары бес саусағындай Сәкеңнің ойында әлі сайрап тұр. Ақшұқыр, Қошқар–Ата, Қолтық, Илі, Жамбауыл, Ащыбас, Доңға, Әлмұрат, Жабағы, Кебіркөл, Торты, Темірше, Соркөл, т.б. ол дүниеге келген Қарамандыдан 550 шақырым аралығындағы қашықтықтарда орналасқан өңірлер.
Тобанияз серігі – Қырымқұл
Қырымқұл атам Жеменей болысының болысы болған. Әлiби Жангелдиннің интернационалдық отряды келіп Маңғыстау ревкомын құрып, оған Тобанияз Әлниязұлын төрағалыққа сайлағанда Қырымқұл бірден жаңа үкіметті қолдап, Тобанияздың сенімді серіктерінің біріне айналған. Ел арасын бүлдірушілерге басу айтып, халықты жаңа заман талабына сай құрылымдар құруға үндеген. Осы әрекеті үкіметке қарсыларға ұнамай, ақыры солардың қолшоқпарларының қолынан қаза табады.
Әңгімеге сараң Сайын аға атасы жайлы бір әңгіменің ұшын осылай қылтитты да, әржағын жалғастырмай қойды. Мені Қырымқұл оқиғасы қызықтыра түсті. Өйткені осы тәрізді оқиғаны, яғни, Қырымқұл қаза болғаннан кейін оның отбасына үкімет тарапынан жәрдем ақы төленіп тұрғаны жайлы Әбілқайыр Спанның мақаласынан оқығаным есіме түскені. Көп ұзамай оның бүгешүгесін толық білетін адамды таптым. Ол Ақшұқыр ауылының тұрғыны, түбектің алғашқы ардагер ұстаздарының бірі Толыбеков Бөрібай Темірхасұлы еді. Ол кезінде сол оқиғалардың бел ортасында болған куәгерлер Қызылбаев Жазмағанбеттің, Төреханұлы Хасеннің, өз анасы Исенбайқызы Бибатпаның айтуларын жүйелей келіп, бізге былай деген еді:
- Қырымқұл ақсақал 1930 жылдың желтоқсан айының екінші жартысында күзгі жайлаудан ҚошқарАта сорының ішкі бетіндегі орта құмға көшіп келіп қыстайды. Ол кездерде ҚошқарАта сорының ішкі бетіндегі бас құмды, орта құмды, кішкене құмды отырықшы ел шөбі қалың және ойдымойдым ықтысынын пайдаланып, қыстаққа айналдырса керек. Осы кезде жаңа құрылған үкіметке қарсы шыққан көтерілісшілердің хабары елденелге тарап жатқан. Көтерілісшілер құрылған үкіметті қолдаған, жақтап сөйлеген азаматтардың малдарын тартып алып, кейбірін елдің көзінше сабап, таяққа жығып кету жағдайлары кездесіп тұрған. Әсіресе олар елге шыққан аудан өкілдеріне, ауыл ішінде үкіметке жұмыс жасап жүргендерге тіс қайрай бастаған. Аудан басшыларының өкімімен Саура, Қараманды, Ащықұдық жерлерінен жазғытұрым маусымдық балық аулаумен айналысатын балықшылар үшін ашылған дүкендерді тонап, қиратып кеткен сорақылықтары да болған.
Көктемеде Қырымқұл ақсақал ауылын қыстақтан шығарып, Қарамандының солтүстік батысындағы «Илі» құмақшығының алдыңғы бетіндегі жұмсақтыққа қондырады. Жер көк. Бірақ елде «Көтерілісшілер малымызды қуып кете ме» деген алаңдаушылық та бар. 1931 жылғы сәуір айының аяғы болса керек, ауылға кешкілік «Ауданнан шыққан өкілмін» деп Қызылбаев Жазмағанбет келеді. Ол Қырымқұл ақсақалдың үйіне қонып, елдің жағдайын сұрап, әңгімелесіп, біраз жәйттарға қанығады. Таңертең тұрғасын Қырымқұл ақсақалға: «Қараманды ауыл Советіне барып, елді жинап, жиналыс өткіземін, мүмкіншілігіңіз болса, сіз де қатысыңыз»деп, аттанады. Қырымқұл ақсақал шаруа жағдайымен Қызылбаевтың шақырған жиналысына бара алмай қалады.
Ертесіне кешке қарай биелерді саудырып болып, құлындарды ағытқалы жатса, Қараманды бетінен біреудің «Өлдім! Өлдім!» деп айқайлап шауып келе жатқанын ауыл адамдары көріп, бие саудырып жүрген Қырымқұл ақсақалға айқайлайды. Соның арасынша аржағындағы төбенің мінберінен қуып келе жатқан 10 шақты атты адамдар да шыға келеді. Аралары 300 – 400 метр шамасында. Қашып келе жатқан Ж.Қызылбаев екен. Астындағы аты болдырған. Текіректен аса алмай келеді. Ал қуғыншылардың аттарының аяғы ширақ. Енді болмаса қашқынға жетері күмәнсіз. Осы жәйтті тез барлап, байқаған Қырымқұл ақсақал ширақ қимылдап, көктеме көгімен кермеде жарап тұрған үйір айғырына дереу жүген салып, беліне тоқым тартып, Жазмағанбеттің алдына көлденең тосады. Жазмағанбет қол созым жерге келгенде, оны атынан көтеріп алып, айғырға мінгізеді де: «Кетікке тура тарт, барғасын айғырды жүгенін, тоқымын сыпырып ал да, босатып қоя бер, таң атқанша үйіріне өзі қайтып келеді» деп, айтып қалады. Сол бойда қуғыншыларда келіп, Қырымқұл ақсақалды балағаттап, тиіседі. Қырымқұл ақсақал қуғыншыларға: «Ол өздеріңдей азаматтың 19 жасар жалғыз баласы. Оны өлтіргенде, не сабап өлімші қылғанда қандай мұратқа жетесіңдер. Онымен үкіметтен кектерің қайта ма?! Оны аудан басшылары тапсырмамен осы елге жұмсады. Келді. Оның қандай кінәсі бар?!»дейді. Сонда қуғыншылардың бірі қызарақтап: «Қырымқұл, сен үнемі үкіметті жақтайсың, келген өкілдерді қорғайсың. Темірхас ініңді де осы үкіметтің жұмысына беріп қойып отырсың. Жалпы сенің көзіңді құрту керек»деп, ызалана сөйлейді. Сес көрсеткен олар Жамбауылға қарай жөңкіліп шаба жөнелді.
Ертеңіне таң белгі бере жаңбыр жауа бастайды. Күн ұзақ жауады. Ертесіне жауған уақытында барып басылады. Бірер күннен кейін жер дегдігесін Қырымқұл ақсақал Жамбауыл, Торты, Кебіркөл, Жабағы, Әлмұрат алқабының қонысын, жауған жаңбырдың ізін байқап келуге қасына сыбайласының бірін ертіп, аттанып кетеді. Ауылға қайтып оралған соң ауыл адамдарына: «Жаңбыр тегіс екен. Ащыбас – Торты, Әлмұрат алқабының қоңырдаңдары, сайсала, тақырлар түгелдей қақ суына толыпты. Кемінде екі ай ішетін бос су бар. Қазіргі отырған жеріміз жағалыққа тым жақын. Жүргіншілердің жолы. Кеше көрдіңдердер ғой, Жазмағанбетті қорғаймыз деп тентектердің айқайынан қаншама пәлеге қалдық»деп, сөзін аяқтады да, өзінің үйін жықтыра бастады.
Сол күні ертесіне «Бегеш» қыратының күншығыс жақ етегіне жамбоз тақтасының Айым-шақа ауылдарымен қанаттас болып отыра кетеді. Айым-шақа ауылдарында да құлынды биелерімен бір үйір жылқы, Қырымқұл ақсақалда да құлынды биелерімен бір үйір жылқы болатын. Оның үстіне өкілдердің аманат етіп қосқан 56 саяқ аттары тағы бар. Бұрынғыдай емес, көтерілісшілердің жүрістұрысы тым жиілеп кетеді. Кейбір ожар, тентек топтар өздерінің басшысын «хан» деп атайды. Ауылдарға келгенде өктем, оңаша жатқан мал болса, кімдікі болса да, қуып кетіп олжалайтынды да шығарған. Көтерілісшілердің сыңайын бақылап отырған ел өз малдарын күзете бастады. Қырымқұл ақсақал да Айы-шақа ауылдарымен жылқыларын бірлесіп, күзетіп жүреді.
1931 жылдың маусым айының бас кезінде аудан басшыларының тапсырмасымен жүрген Әміреев Қуан мен інісі Толыбеков Темірхас ауылға келіп 2–3 күн тыныққаннан кейін, түс қайта Қарамандыға аттанады. Екеуі әңгімелесіп, жай жүріп келе жатады. Қарамандыға оншақты шақырым жер қалғанда, арттарынан бір топ аттылардың куып келе жатқандығын байқайды. Бұлар тура Қарамандыға қарай қашады. «Қалипан» қауымының күншығыс бетінен шауып, құлап келе жатқан екі аттыны қуып келе жатқан көп аттыны теңіз жағасында ауларын жайып, кептіріп жүрген балықшылар байқап қалады. Қашып келе жатқан екеуді құтқару үшін балықшылар қос желкенді бір қайықты тездетіп жағадан сүйреп, теңізге салып, дайындап қояды. Мұны осылайша ұйымдастырған Қарайдарұлы Нөкен деген азамат болса керек. Екі атты жағаға жетісімен аттарының ер-тұрманын сыпырып алып, аттарын босатады да, ертұрманын қайыққа салып Форт Александровск (Кетік) бағытына қарай жүзе жөнеледі. Ізінен қуғыншыларда келіп, мылтықтарымен жүзіп бара жатқан қайықты атқылайды. Бірақ қайық олардың қолындағы шиті мылтықтың оғы жетпейтін жерге қашықтап кеткен болатын.
Сол кеште Қырымқұл ақсақал көршісі, жас жігіт Төреханұлы Хасенді ертіп, жылқыларын күзетуге оңашалық «Шағылды жұртқа» қарай алып шығады. Іңірде тамақтарын ішіп, жылқы тоқтап жайылған жерге жата кетеді. Таңертең күн шыға тұрып төңірекке көз салса, екі айғырдың үйірі екі жақ бетте, аттар бөлек құбыла бетте дауыс естім қашықтықта жайылып жат қандарын байқайды. Бұлар аттарына мініп, жылқыларды жиыстырып, ауылға қарай айдайды.
Ауылға жақындағанда Қақпақты бетінен бір топ аттының шауып келе жатқандығын, бұларға бағыштап, жақындап қалғанын көреді. Қырымқұл ақсақал Хасенге: «Сен жылқыларды ауылға айдай бер, мен келе жатқандарға алдынан шығып жолығайын» дейді. Он алты жасар Хасен жылқыларды қақпалап айдай бастайды. Қырымқұл ақсақал әлгілердің алдынан шығып жолығысады.
Бір мезетте Қырымқұл ақсақалдың дауысы көтеріңкілеу шығып, оның: «Мына жүрістерің не жүріс, ауылдағы қатынқалаш, балашағаның зәресін алып, қорағашпен кімді қиратасыңдар. Ызғындай бесатармен қаруланған үкімет ешкімді беттетпейді, ешкімнен қорықпайды. Ой, жүрістерің құрысын!» деген сөздері апайқын естіледі. Сонда топтың ішінен де біреудің сөзі қатты шығады. Ол айқай салып: «Айтып тұрған сөзін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер ғой. Бұл орысқа шоқынған адам. Жаңа үкіметке берілген. Бұларды атып тастау керек. Атдегесін Атдеймін!» деп тістене сөйлейді.
Таңертеңгі дауыс саңқып алысқа естіледі емес пе?! Сол бойда тарс еткен мылтықтың дауысы шығады да, Қырымқұл ақсақал атынан құлап түседі. Үйүйден сыртқа шығып, қарап тұрған қатындар «ойбайды» салып тұра жүгіріседі. Келе жатқан көтерлісшілерден қорқып, сайға жасырынған 34 ер адам да келіп жетеді. Хасен қорқып кетіп, айдап келе жатқан жылқысын тастай беріп ауылға шабады. Көтерілісшілер барлық жылқыны Ащыбасқа қарай қуа жөнелген.
Қырымқұл ақсақалдың жұбайы Қуанбайқызы Болған шешеміз келе азаматының кеудесіне қолын салып жіберіп: «Қырымқұл! Қырымқұл!» деп, 34 рет дауыстап, қозғаған. Бірақ сес болмаған. «Иттер, өлтіріп кеткен екен ғой» дейді де, басындағы жаулығын мойнына орай салып, Қырымқұл ақсақалдың қолында бүлдіргісі өткізулі жатқан сегіз өрмелі қамшыны сыпырып алып, ұшып жатқан Қырымқұлдың төбесі мақпал, дөңгелек қара елтірі бөрігін басына киіп, шылбырын шұбатып тұрған тарлан көкке мінеді де көтерілісшілердің артынан қуып кетеді. Кебіркөлдің сары тақырының арғы басына жеткізбейақ қуып жетеді де, алдарын орап тұра қалады.
Тегістік жер. Ауыл адамдары көріп тұр. Бірақ баруға дәрмен жоқ. «Қырымқұлға жасағанын бізге де жасайды, атып кетеді»деп, қорқып тұр. Болған шеше сүт пісірімдей жолықты. Бір кезде көтерілісшілер жылқыларды да, Болған шешені де тастай сала әрмен қарай шаба жөнеледі. Болған шеше жылқыларды ауылға қарай айдай бастағанда көріп тұрған ауыл адамдары 23 баланы шаптырып, Болған шешені ауылға жіберіп, жылқыны айдатып алған. Қырымқұлдың өлімін Кетікке, Қарамандыға, төңіректегі ауылдарға хабарлап, «Бегеш» қауымына жерлеуге ұйғарым жасалынады. Кетікке жіберілген хабаршы інісі Темірхасқа Қызылбаев Жазмағанбеттің үйінде отырған жерінде естірткен. Темірхас естіген бойда аудандық милицияға, прокуратураға талапарыз түсірген. Аудандық милиция бастығы мен прокуратура сол топты түгел ұстауға тапсырма беріп, төрт милиция қызметкерін бөлген. Олар Толыбекұлы Темірхасқа еріп келіп, Қырымқұл ақсақалдың жұбайы Болған шешемен кездесу жасағанда, Болған шеше сол топтың барлық адамының аты-жөнін түгелдей айтып берген және «Мен малды алып қалайын деп оларды қуғаным жоқ, азаматымды өлтіріп кеткендердің кімдер екенін біліп қалайын деп қудым» деді батыр анамыз. Көп ұзамайақ қылмыскер топ ұсталып, сотталған.
Атақты атбегі – Ерқас
Ерқас әкесі Қырымқұл мен ағасы Темірхастың беделінің арқасында бұлалау өсті. Жастайынан ат баптауға үйір еді. Өзі шексіз берілген осы бір «ермегі» атын шығарып, оны Маңғыстауға әйгілі «Ерқас атбегі» етті. Әсіресе құлын күнінен сүт пен сұлы беріп баққан көк құнан, одан көк дөненге, одан көк бестіге айналып, соңында «Ерқаскөк» атанды. Көк атсыз Ерқас, ал Ерқассыз көк ат тұра алмайтындай дәрежеге жетті. Өйткені олар бірбірін қапысыз түсінетін. «Ерқаскөк» жалғыз иесінің ғана емес, бүкіл Маңғыстаудың атағын шығарды. Форт–Шевченко қаласында, Таушық кентінде түбектің тұлпарлары қатыстырылып өткізілген аламан бәйгелер аттың да, иесінің де бағын ашқан болатын. Маңғыстау аумағындағы бәйге жеңістерінен кейін шашасына шаң тимеген жүйріктің жанған бағы көп ұзамай сорына айналды. Сайын даланың жел қанатты еркесі, қарақұйрық атаулыны аттатпайтын сәйгүлікке қызығушы атқа мінерлер көбейді. Олар «Ерқаскөкті» тақымдарына қалай басудың амалдарын ойластыра бастады. Оның да амалын келтірді. Ол – ортаға мал жинау науқанының басталуы еді. Ортаның есебіне көк атта ілікті. Ерқас болса, қалай да көк атты бермей алып қалудың жолын қарастырып, оның орнына балашағасына азық үшін сауып отырған боталы түйесін беріп жіберген.
Ерқастың бұл қылығын естіген немере ағасы Темірхас келді үйіне. Темірхас №4 ауылдың төрағасы болатын. Аға ініге ақыл айтты: «Ер қанаты – жақсы атты мен де ұнатамын. Мініп жүргім келеді. Бірақ тамақ керек емес пе?! Жалғыз сауын түйеңді беріп жіберіпсің, отбасыңды немен асырайсың?! Кеңес басшыларының ішінде көк атқа қызығушылар көп. Бәрібір оны саған мінгізіп қоймайды. Бүгін болмаса ертең тартып алады. Мен саған қорған бола алмаймын. Менің міндетім де – мал жинау. Көк атты апарып тапсыр да, боталы түйеңді қайтып ал!» Інінің аға ақылын тыңдамасқа амалы қалмады. Сөйтіп көк ат қолдан кетіп, көзден бұлбұл ұшқан.
Көк ат тақымына тиген белсенді ойына келгенін істеп, қоян қуды, түлкі қуды, қарақұйрық қуды. Ақыры індігешке омақаса құлатып аяғын сындырды. Ең соңында «Ат арыса – тулақ» дегендей, ақсақ ат ешкімге де керексіз болып қалды. Ерқастың ауырып өлген көк аттың басын кесіп алып, арулап жерлеуге ғана шамасы келген.
«Ерқаскөктің» талайды таңғалдырған шабысын аңсап, ішкен асы бойына батпай жүрген әкесінің тағы бір жүйрікті назарына іліктіріп, оны иесінен қалап алып бәйгеге қалай қосқанын Сағын Ерқасұлы былайша еске алады:
Арбаға жегілген бәйгеторы
Форт-Шевченко қаласында бiрiншi сыныпта оқып жүрген кезiмде әкем Ерқас өзiнiң немере інісi Нұрбосынов Атажан ағамның үйiне қыдырып келдi. Ағайдың зайыбы Бекжанова Мәкеш жеңгем азық-түлiк дүкенiнде қызмет ететiн. Аталмыш дүкен Баутино елдi мекенiнде орналасқан болатын, оған жеңгем ат арбамен барып-келiп тұратын.
Әкемнің келгенiн естiп, жеңгем Мәкеш ат арбасымен түскi асқа үйге келдi. Тамақ желiнiп, шай iшiлгесiн әкем тысқа шығып келдi де: «Жарықтық мына арбаға жегiлген жылқы бәйгеге шабатын атқа ұқсайды, жүйрiк аттың дене бітімі көрiнiп тұр, әттең, арбаға жегiлiп, ыңыршағы шығып қор болып жүр екен», - дедi. Бұл сөздi естiсiмен жең- гем Мәкеш әкеме: «Ағаеке, бiздiң бастығымыз Нысанбаев Iзтұрған ғой, сол кiсiге сiздiң айтқаныңызды жеткiзейiн, мүмкiн атты ауыстырып алып, жаратып, майда болатын бәйгеге қосарсыз», - дедi.
Әкем: «Мәкеш, аттың күйi нашар екен, май мейрамына жарату асығыстық болуы мүмкiн, дегенмен тәуекелге барып, жарықтықты жемдеп, баптап бағып, бәйгеге дайындайын, егер Iзтұрған бастығың рұхсат берсе»-деген. Жеңгем кешкiсiн жұмыстан келген соң:
«Ерекең атақты атбегi ғой, тор атты арбадан босатып берiңдер-дептi», - деп хабар жеткiздi. Әкем сонда балаша қуанып, атты алып ауылға кеттi. «Аманшылық болса, торы атты бәйгеге қосуға сәуірдiң 25-терiне келермiн», - дедi.
Айтқан уақытында әкем тор атты баптап, жабулап, Ақкетiкке келдi. Қызылөзен ауылында тұратын әрi домбырашы, әрi сейiс құрдасы Жолдасбаев Тұржан екеуi бiр жетi дайындықтарын жасап, 1 мамыр мерекесiне арналған бәйгеге қосты. Керме ба- сында 40 шақты бәйге аттары ауыздықтарымен алысып, қандары қызып, жер тарпып ойнақтап тұр. Торыға мен шабатын болдым. Ат үстiндегi бәйге балалары аттарының басына әлдерi зорға келiп әбiгерленуде. Бiр уақытта ескi телеграфтың маңындағы сорды 11 айналатынымызды, әр айналым 3 шақырым, барлығы 33 шақырым екені хабарланды да, жарыс басталып кеттi.
Әкем қалай шабу тәсiлдерiн тәптiштеп айтып үйреткен болатын. Алғашқысында iлгерi шығып кетерсiң де, атты өз еркiне жiберерсiң, көп озып кетсең тежеп отырарсың - деген болатын. Төртiншi айналымда артыма қарасам, жалғыз өзiм шауып келеді екенмін, кейiнiректе 10 шақты ат келедi. Атым еркiн тыныстайды. 7-шi айналымды өткенде мен барлық аттардан 1,5 шақырымдай озып шығыппын. Кенет неге екенін біл- медім, бауырым қатты ауырып кетті. Жаным қиналды, әрi қарай жарысты жалғастыра алмайтыныма көзiм жеттi де атымның басын тартым, құсқым келгендей, әзер шыдап келемін. Манағы шаңыма көміліп, соңымда келе жатқан аттар енді шаңдарына мені көмiп басып оза бастады. Бұны байқап тұрған әкем жанасып келiп, атты тоқтатты да, ерiн алып жiберiп, көрермендердiң қатарында тұрған, әскерден жаңа келген 25 жасар ағам Матайды отырғызды. Бұл кезде бәйге аттардың көбi бiраз iлгерi кетiп қалған болатын, ал кейбiреулерi тiптi жайылып қалған. Дегенмен де торы ат өзiнiң өрен жүйрiк екендiгiн дәлелдеп, iлгерi кеткен көп аттарды қайтадан басып озып, үшiншi орынға жеткенде 11 айналым бiтiп кеттi.
Егер он екiншi айналымға рұқсат етілгенде торы аттың бiрiншi орын алуы сөзсiз едi. Мен әкемнiң нағыз атбегi екенiне сонда көзiм жеттi.
Жалпы оң жаға бетте атақты атбегiлер көп болды, олар бiр-бiрiмен барлық уақытта байланыста болатын. Бала кезiмде көрiп, талай қона жатып келгенде, аттарын әкелiп берiп, алғысын алған Төремұратов Бек, Жолдасбаев Тұржан, Шағыров Жаңбырбай, Сисенбаев Жүсiп, оның балалары Шүкiр және Мизам әлi көз алдымда.
Адам танымастай өзгерген Қолтық
Ақтау қаласының бұрынғы орнының кескін-кейпін Сағын Ерқасұлы былайша еске алады: 1957 жылға дейін Ақтау қаласының бүгінгі орналасқан жері Қолтық деп аталды. Біз көргенде бұл жерде тарап кеткен Ералиев атындағы колхоздан қалған 4-5 қана үй болатын.
Олар: төрт кластық бастауыш мектеп үйі; колхоз кеңсесі; механикалық шеберхана ғимараты және колхоз басқарма төрағасының отырған үйі еді.
1957 жылдың наурыз айының ішінде Ақшұқыр ауылындағы дүкеннің алдына бір УАЗ жеңіл машина келіп тоқтайды да, ішінен 4-5 адам түседі. Жиналған жұрттан бір нәрселерді сұраса, олардың орысша сұрағына түсініп, жауап беретін адам табыла қоймапты. Сонда көпшіліктің ішінен біреу: «Жақында әскерден оралған, орысшаны тәуір білетін Қырымқұлов Төлек деген жігіт бар. Қазір апасы Мәдемханның үйінде, сол жігітпен кездестірелік»-дейді. Шынында да Төлек орысшаны жақсы білетін болуы керек, әлгілер онымен сөйлескеніне мәз болысып, машинасына қайтадан отырып, жүріп кетіпті. Төлек жиналып, ауыздарын ашып, аңырып тұрған жұртқа орыстардың жүрістерінің мән-жайын түсіндірсе, олар су іздеуші гидрогеологтар екен. Қолтықты сілтетіп алып: «сол жерге базамызды жасақтап, одан әрі іздестіру жұмыстарына кіріссек...» -депті. Төлекті жұмысқа шақырыпты.
Сөйтіп, Қолтықта «Кольцовская-45» партиясының базасы орналасып оған Пятигорскіден, Минеральные водыдан, Ставропольдан жұмысшылар құрал–жабдық, бұрғылау техникаларымен ағылып келе бастайды. Ақтау қаласының осы күнгі 3-ші шағын ауданының орнында олардың палаткалы шағын қалашығы тұрады. Жұмысқа тартылған жергілікті қазақтар жертөле қазап алып қоныстанады. Алғашқы қоныстанушылардың қатарында Рахов Төлесін мен Төлеубайдың, Беков Бердіханның, Келдібаев Бәшейдің, Қырымқұлов Төлектің отбасылары, т.б. болады. Қолтық атауы кейін Гурьев-20, Ақтау, Шевченко, қайтадан Ақтау болып бірнеше өзгерістерге түсті.
Қолтық 50 жылда адам танымастай өзгеріске еніп, Ақтау атты сәнді де, сәулетті, талай халықаралық сыйлықтарға ие болған, Маңғыстау облысының әкімшілік және мәдени орталығы, әдемі қалаға айналса, оны Маңғыстау мұнайын ел игілігіне жаратушы мұнайшылардың жасампаз еңбегінің арқасы деп түсінген жөн...
Автордан: Мұнайшылар жайлы шығармамнан Түпқараған ауданының елді-мекендеріне қатысты тұстарын ғана қысқартып бергенімді оқырмандарға есертемін.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Тағы оқыңыздар: Есірткіні метадонмен алмастырғандар не дейді?