1 қазаннан 2 қазанға қараған түні Бейнеу-Маңғышлақ пойызының жолаушылары ерекше оқиғаның куәгерлері атанды. Айы күні жетіп отырған бейнеулік келіншек жол бойында сәбилі болды. Бұл туралы келіншекпен сапарлас болған жолаушылар хабарлады.
Тұрсынай Айтжанова босану үшін Ақтау қаласына бет алған. Жол бойында сәбиі жарық дүниеге асыққанда көрші вагоннан дәрігерлер де табыла кетіпті.
Оны босандырған бейнеулік терапевт дәрігерлер, апалы-сіңлілі Салима Дүйсенқызы мен Бағила Дүйсенқызы қалаға жолаушылап бара жатқан екен.
Бригадир Пернегүл Жалғасова мен жолсерік Мұратбай Тұрманов дәрігерлерді шақырып, медициналық қобдишаны жеткізіп, өз тараптарынан бар көмекті көрсеткен.
Сөйтіп вагондағы жолаушылар түнгі 2:30-да Тұрсынайдың туыстарына сүйінші хабар жеткізген.
Жедел жәрдем көлігі келіншекті ұлымен Шетпе стансасынан күтіп алып, сондағы ауруханаға орналастырды. Жолаушылар қылыстаяңда көмекке келген апалы-сіңлілі дәрігерлерге алғысын білдірді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Сурет куәгерден келді
Тағы оқыңыздар: Ақтауда Абай өлеңдері оқылып, әндері шырқалды