©
Менің 2001 жылы Алматы қаласының «РОСТ» баспасынан сол кездегі облыстық білім бөлімінің қолдауымен мың дана мөлшерінде шыққан «Адайдың жеті қайқысы» кітапшамның әлі шықпаған кезі. Баспа беттерінен, ауызекі ел арасынан мәлімет, естеліктерді өзімше жинақтап жүрген болатынмын.
Сол кезде жеті қайқының бірі - Әділдің тумаластары Ақтөбе облысының Сағыз бекетінде тұрады екен деген хабар құлағыма тиді. Бірақ «қолдан келер қайран жоқ, іш қазандай қайнайды» деген, өзім білгім, барғым келгенмен, жанұялық, әлеуметтік жағдайыма байланысты тек қиялдағаннан артық іске бара алмадым. Әрі мен тек саз маманы болғаным болмаса, өнер зерттеушісі, не әдебиетші, тарихшы да емеспін. Әрине ізденіп кеткен адамға бұл кедергі де емес болар. Не де болса, мен соған бара алмадым. Сөйтіп жүргенде «жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген, біздің Есір атындағы орта мектепке тарих маманы болып Сұлтанбек Құдайберген деген баламыз келе қалды. Сонымен не керек, ол сол Сағызға барып, Әділ туралы мәлімет алып келді. Сол сапарында ма, әлде соңынан тағы әдейі барып келді ме, ойламаған жерден Қожантай Қойбас туралы мен үшін бейнетаспа жазып әкелген екен, сау болғыр! Сұлтанбек бейнетаспаны алып келгенімен, тек ондағы ауызша суреттеумен Қойбас бейнесін салатындығымды айттым. Алайда Қойбас туралы деректі жариялайтынымды айттым ба, жоқ па, есте қалмапты. Ол жігіттің өзі біздің мектептен кейін облыстық телеорталықта, кейін «Үш қиян» газетінде қызметте болды.
Сонымен не керек, атақты «Адайдың бес жүйрігінің» бірі Аралбай ақын «Жұт жылы» шығармасында айтқандай,
Артыма үш жыл қарап жалтақтадым, Айтар деп оқиғаны жас балдардан. Жас балдар оқиғаны айтпағасын Азырақ, тыңдасаңыз, жоспалдадым...- деген, ол бейнетаспа келгелі де оншақты жылға таяп қалды. Бүгін сол бейнетаспаны қолға алып, Қожантай Қойбас туралы жаз- бақпын.
Әңгіме желісін, Құлсары кентінің тұрғыны, руы Жетімек жары Әбдіров Ідіріс Оразұлының зайыбы, 1923 жылы туған Қойбастың тумаласы Тәуірбалақызы Балтөре апамыздың есте қалғандары бойынша баяндауға тырысайын. Тек алдын ала ескерте кетуге тура келеді, Балтөре апай да, жолдасы да ел арасы, ағайын ортасында отырмағаннан болуы керек, көптеген деректерді ұмытқан екен. Анда-санда ағайын арасы біреу сұрап, біреу айтып, еске түсіріп, бір-жар рет қайталанып отырмаған соң ұмытылады, не шатасып қалатыны белгілі ғой, қарапайым пенденің. Бейнетаспа жазылған кезде апамыздың жасы да жетпістен асып кеткендіктен, тіпті осы әңгімесіне де алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Сонымен Қойбас ел арасында айтылып жүргендей, қожантай ұрпағы. Қожантайдан Ақайдар, Бекайдар, Төбет болады екен. Қойбас - Бекайдардан таралатын Тұрымбет (Тұрмамбет болуы да мүмкін). Жалбыр, Садық, Дауылбай, Коректірдің Жалбырының баласы. Бейнетаспадағы мәліметтерден менің түсінгенім, Қойбас Жалбырдың ұлы.
Енді Қойбас туралы бір-екі ауыз баспа беттеріндегі жазбаларға сүйенсек, Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетіне шыққан Нұралы Орзабекұлының «Алыстағы ағайындар» деген мақаласында: «....Жангелдин мен Тобанияз Адайларды Ақтөбе облысының Терісаққан, Қобда өзені бойынан жер алып беріп, Қожантай, Мөңке, әнші Қойбас бастап, 200 үй көшеді. Сол көштің ішінде Қалша Байлыхан, Молдаш, Сарлық, Қали, Шабайлар Қобда ауданы Еңбекшіадайдағы совхозда болады» делінген. Шежірені 1945 жылы Жақыптан жазып алғандығын баяндайды. (Ол уақытта совхоз жоқ, ТОЗ болуы керек А.Т.).
Балтөре апайдың естелігі де осы жерден басталады. Қойбастар Жылойдан Терісаққан суының бойына келіп, «Ұшқынды» ТОЗ-ын құрады. Терісаққанның арғы беті шағыл екен. Ол жер ноғайлармен ұрыс болған жер болса керек, сол шағыл беттен беймәлім нәрселер көрініп, кейде адамдардың дауыстары шығады дейді. Көшіп келген ел «Еңбекшіадай» ТОЗ-ын құрып, («Ұшқындыны» өзгертсе керек) егін шаруашылығымен айналысады. Қойбас 1932-1933 жылдары Алматыға шақырылып, филармонияға алынады. Осы Алматыда жүрген кезде Ғарифоллаға дәріс бергенін, ұстазы болғандығын да Балтөре апай арасында айтып кетеді. Ақыры 1-2 жылдан соң арызданып, сұранып, Қойбас ауылына қайтып келеді. Елде сол егін бригадирі болып жүрген кезде 1937 жылы «Тобанияздың айбалтасын ұтады» деген айыппен бір түнде ұсталады. Осы кезде Қойбас тумаластарының үйлерінде жаппай тінту болады, бірақ айбалта табылмайды. Себебі, айбалта бұдан сәл ертерек бұрын тығылып тасталынады. Әнші ұсталып, Ақтөбе, Қарағанды түрмелерінде екі жылдай болып, Балтөре апай айтқандай, «Дальный Востокқа» (Владивосток болуы керек А.Ж.) түрмеге айдалады. Владивостокта (Комсомольск на Амуре болса кім білсін, не болса да ірі қала болуы керек А.Т.) қызық болғанда түрме бастығы Адай жігіті болып, түрмедегі жігіттерге осындай әнші, өнерпаз Қойбас деген ағамыз келді деп таныстырып, Қойбастың өзінен қалмайтын қара домбырасына қосып айтқан ән-термелерін түнімен тыңдап, мәре-сәре болады. Түрмедегі жағдай сірә, белгілі, оған қоса аштық, суық әсерінен Қойбас ауырып қалады. Осы кезде түрме бастығы Адай жігіт Қойбасты ауруханаға жатқызып, ем- детіп, тіпті кейде өз үйіне жасырын апарып, тамақтап, жазып алады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Қазақ жырының ҚадырыБірақ «аңдыған алмай қоймайды» деген, Қойбас іш ауруының ауырлау түрімен ауырып, сол түрмеде қайтыс болады.
Адай жігіт: «Ағамызды барымызша арулап, мұсылманша жерлейміз» деп орысы бар, қазағы бар соңғы сапарға шығарып салады.
Ал, Қойбастан Балтөре апайдың айтуы бойынша, ұрпақ қалмаған. Қойбастың әйелі Қаракемпір (Шатпакөл, Айнакөл маңындағы Шеркеш руынан) Жұмаш деген әйелінен екі бала, бір қыз болған, бірақ бәрі де жастайынан қайтыс болған көрінеді.
Сонымен Қойбас Жалбырұлы (Балтөре әңгімелерінде «Қойбас Жалбыров» деген әңгіме айтылып қалады), шамамен, 1939 жылдары қайтыс болған болуы керек. Себебі, естелікте Ұлы Отан соғысы туралы айтылмайды. 1937 жылдары ұсталған адамның бір-екі жылы Ақтөбе, Қарағанды түрмелерінде болса, естелікте жаңа түрмеде ұзақ өмір сүргені аталмайды.
Қойбас тек әнші емес, ақпа ақын да болуы керек. Деректерге қарағанда айтыскер де болған. Осы бейнетаспада Қойбастың Ақтөбенің Ойылында Кетенің қызымен ай- тысып, жеңгендігі айтылады. Ал, әндеріне келсек, өзім естімедім, бірақ Қаламқас Ора- шева айтып жүр дейді, мүмкін зер салмаған да болармын. Қойбастың «Нарқыз» деген әні бар делінеді. Менің естіген екінші бір әнім - К.Тасболатұлы орындайтын «Дәлейшім» деген ән. Дұрыс аты - «Қиқым көл» болуы керек. Соңғы кезде арагідік орындалады. Соның ішінде менің шәкіртім Ниязтұрлы Бектұровтың да ән қорынан орын алған «Маңғыстау сені тастап қалай кетем?» әні. Басқа әндері де бар болар, Маңғыстау әншілері болсын, ақын-жыраулары болсын, әркім тіршілік тауқыметімен, тағдыр-талайымен көрші Атырау, Ақтөбе облыстарының аумағында өмір сүрген. Мысалы, Нұрым, Ақтан ақындар Маңғыстауда туып-өскенімен, осы өңірлерде өмір сүріп, өмірден өткені белгілі. Бұл тізімге атақты адамдардан Әділ, Досаттарды да қосуға болады. Міне, осы жағдайға байланысты көптеген шығармалары басқа біреулерге таңылып кетуі де әбден мүмкін! Мысалы, бұрын Мұхиттың әні деп жүрген «Жайма қоңыр» әні Әділ Өтеғұлұлынікі екені анықталғанын мен «Адайдың жеті қайқысы» кітабына нотаға түсіріп, Әділдің әні екенін жазғанмын. Міне, осындай жағдайлар бар екенін жұрттың бәрі де білетін болуы керек. Жақында теледидардан А.В.Затаевичтің 1925 жылы Орынборда басылып шыққан «Қазақтың 1000 ән-күйі» кітабы баспадан қайта шығады дегенді естіген сияқтымын. Егер ол шыға қойса, жоғалтқан әнші, күйшілеріміздің шығармаларының барлығы болмағанымен, кейбіреулері табылары хақ. Біз ол кітаптың атын естігеніміз болмаса, тысын да көрген жоқпыз ғой. Тек бұйыртып, қолға түссін деңіз.
Осы жоғарыдағы Қойбас шығармалары ішінде «Маңғыстау сені тастап қалай кетем?» шығармасы әнші өмірінен көп мәлімет беретін шығарма екені анық. Оны анықтау үшін ән сөздерін әр жолы бойынша талдау жасауды қажет ететін және талдауға тұрарлық шығарма екеніне мен кәміл сенемін. Ән-ұланғайыр өлкеміздей өте кең тыныспен, нәзік сезіммен, ән сөзіне терең түсіне орындалмаса, кез-келген әнші орындай ала қояды деп айта алмаймын.
Мен жоғарыда Қойбас өмірі, не шығармалары туралы біздің Маңғыстау баспаларында кітаптың басылмағандығын, тіпті жоққа тән екендігін айтқан болатынмын. Баспа бетінен кездескен осы мақаланың басындағы әншінің қалай Ақтөбе облысына қоныс аударғаны туралы 2-3 сөйлем, Қойбас туралы екінші деректе «Жаңа өмір» газетінде 8 қыркүйек, 1993 жылы Жетібай Тастеміртегі жариялаған «Қожантай Қойбастың термесі» деген мақаланы алғы сөзімен сол күйінде жарияламақпын.
«Бұл термені мен биылғы шілденің 18-інде Тұщықұдық жерінде халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлына орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатында өлкеміздің танымал әншісі К.Тасболатовтың «Сәттіғұлдың термесі» деп орындағанын жазып алғанмын. Жақында Сәттіғұл атамыздың сөздерін іздестіріп жүрген сапарда Ақтау қаласына іргелес Водник кентінде тұратын ағамыз Салманов Өтегеннің үйінде жыршы, бүгінде тоқсаннан асқан Бүркітбай қарттың 1982 жылғы үнтаспаға өзі орындап жазылған 5-6 шығармасын көшіріп алып отырғанда, осы термені кезінде Бүкең қожантай Қойбастың термесі деп орындапты. Мен оны да көшіріп алдым. Күріштің орындауындағы шығарма екі еседей қысқа болып шықты. Сәттіғұл шығармаларын жақсы білетін, ауылдас інісі Бүкеңнің бұл термені Қойбастың термесі деуіне қарағанда, солай сияқты және терме- де оқырмандар назарын аударатын «Отыз екі түрлі әнім бар, ішінен таңдап бірін ал..» деген жолдар ақын Сәттіғұлдан гөрі әнші Қойбас аузынан шықты деуге келіңкірейді.
Осы термені жариялату арқылы түбегіміздің әйгілі әнші-термешісі Қойбастың басқа да шығармаларын тауып алуға септігі тиер ме екен деген ойға келдім».
Бұл Жетібай ағамыздың Қойбастың осы термесін жариялағандағы алғы сөзі болатын.
Енді Қойбас шығармалары, іздеп жүргенде жаңағы: «Отыз екі түрлі әнім бар.., ішінен таңдап бірін ал...» деген жолдар да мені селт еткізді. Себебі мен де осы уақыттарда жинаған қағаз, кітаптарымды ақтарып, үнтаспа тыңдағанымда кездескен сөздер тізбегі екені есіме сап ете түсті. Сөйтіп, қағаз, кітап, үнтаспаны ақтарып, «Қай шығармада кімдікі еді?» - деп жүргенде таптым-ау, әйтеуір. Әрине, өте ұқсас сөз тізбектері, теңеулер кейбір ақындарда кейде бірдей болып келетінін көріп, біліп жүрміз ғой. Міне, бұл жолы да солай болып шықты. Бұл ұқсас сөз тізбектері жорық ақыны Қалнияз Шопықұлының (1816-1902) «Ер Қармыс» батырлық дастанынан 1990 жылы Мұрын Сеңгірбайұлының 130 жылдық мерейтойына жыршы, шәкірт дайындаған да кездескені есіме түсті. Тек жоғарыдағы осы бес жолдан басқалары тіпті де бір-біріне ұқсау түгілі, жуыспайды екен. Ал басқа ақындарда мұндай жолдар кездеспейді де. Сондықтан бұл терменің Қойбастың шығармасы екендігіне менің де күмәнім қалмады.
Сонымен Жалбырұлы Қойбастың термесі төмендегідей болып өріледі:
Қарындас, келдің қаумалап, Сөйлеймін сөзді саумалап, Сен де сөйле дегесін, Атасы арзан жел сөзді, Төгейін енді қауғалап. Іркілейін несіне Арғы жағын қаладан Пұл жіберіп базардан, Алғаным жоқ саудалап. Жылқы ішінде шұбармын, Шұбарға таққан тұмармын. Өзім шұбар болғасын, Әрі-бері сөйлеп қызғасын Топтан ойнап шығармын. Қалағандарың ән болса, Керектерің жыр болса, Отыз екі түрлі әнім бар, Бірі-айыр, бірі-нар, Бірі – қайың, бірі – тал, Бірі – шекер, бірі – бал, Бірі – жая, бірі – жал, Алқалаған ағайын, Алдарыңа салайын, Ішінен таңдап, бірін ал. Әуелі Алла өзіңнен, Өзіңнің берген деміңмен, Қаршыға торға ілінер, Бір жейтұғын жемінен. Сахидың қолы тартылар Айдарға малдың кеңінен, Қаумалаған қайран көп, Домбыра бердің сөйле деп, Сендер сөйле дегесін, Мен сөйлейін термелеп, Тәңірдің берген жел сөзді, Шығарайын өрмелеп. Мен-жүйріктің сойымын, Шыныменен шырпынсам. Ұстай алмай қаларсың, Екі қолың сермелеп. Мысал етіп қарасаң, Жайық болып тасқандай, Кімдер бар мұнан сасқандай. Осындай топтың ішінде, Сөз айтамын жасқанбай. Сөз мағыналы болмайды Алқалы жерде мақтанбай. Бай баласы мақтанса, Парадан шапан кидім дер. Дария шалқар мақтанса, Астында тартар құрдым бар. Асыл, шешен мақтанса, Алқалаған ортада Өзінен зорға жолығар, Сөйтіп көңілі торығар. Қаса байлар мақтанса, Жиюлы жатқан қоры бар. Ақсұңқар құстың баласы Ілгірмін деп мақтанса, Құрулы жатқан торы бар. Жақсы жігіт мақтанса, Маңдайының соры бар. Буырыл түлкі мақтанса, Жеті атасы аң алған Құйрықтары шұбалған, Құбарланға жолығар. Ақ киіктің лағы Жүйрікпін деп мақтанса, Қазулы жатқан оры бар. Ақмаралдың лағы Жүйрікпін деп мақтанса, Жылғаменен жылысқан Жауырындары құнысқан Сұр мергенге жолығар. Әр кемелге – бір зауал, Пікір етсең жігіттер, Содан да көңілің торығар.Міне, табылып тұрған Қойбас шығармалары осындай. Мүмкін, тағы шығармалары болса, оқырмандар үн қосар.
Алтынбек ТІЛЕГЕНОВ, Жыңғылды ауылы «Үш қиян» 2006 жыл