«Елім!» деп еңіреген халық батыры Сайын Нәдірұлы Шапағатов есімі әрқашанда халық жүрегінде. Есіл ер егер тірі болғанда бүгін, қаңтардың 4-і күні 78 жасқа толар еді.
«Менің мынау баба далам,
Жаралған ар намыстан,
Тұлпарлары тарпысқанда
тұяғынан тас ұшқан...
Тектілерім бөлек тұрпат,
бөлек бітім келісті,
Тайсалдырмас от жүрегін,
Айбарлың да – Арыстан» деп жерлесіміз Ғалым Әріпов жырлағандай, Маңғыстау топырағы талай таланттыларды түлеп ұшырды. Солардың бірі қара қылды қақ жарған қайсар азамат, баба даланың батыр ұлы Сайын Нәдірұлы Шапағатов 1940 жылы 4-інші қаңтарда Түпқараған ауданы, бұрынғы Тельман елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Нәдір ақсақал кезінде Маңғыстаудың оқу-ағарту, мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасы қалған, өлкеге белгілі азаматтардың бірі болды. Алғаш Форт-Шевченко қаласынан Тельман ауылына директор етіп жібергенде ешкіммен ақылдаспай-ақ бұл жердің болашағын дәлелдеп, Қазақстан үкіметінен қаржы бөлдіртіп, тез арада мектеп тұрғызуға басшылық жасаған да осы Нәдір ақсақал еді. Халық Комиссарлары Советінің төрағасы Нұртас Оңдасынов 1938 жылдың бюджетіне Тельманнан мектеп салу үшін сол кездегі ақшамен 161 мың сом бөлдіртеді. Материалдарды Астраханнан кемемен алдыртып, небәрі 3 айдың ішінде жаңа мектеп өз оқушыларына есігін ашқан еді. Осы мектепте Сайын дүниеге келді.
Бала Сайын оқушы кезінен-ақ алғыр, қоғамдық істерге белсене араласып, болашағынан үлкен үміт күттірген шәкірт болды. Мектепті үздік бітірген соң, 1957 жылы Алматыдағы тау-кен институтына түседі. Институтта оқып жүргенде ол өзінің білімдарлығымен, еңбеккорлығымен көзге түседі. Жаңа игеріліп жатқан Қазақстан тыңына барған кезіндегі жалын атқан жанқиярлық еңбегі жоғары бағаланатын 1958 жылы тау-кен институтының 2-курс студенті Сайын Шапағатов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы советі Президиумының, Республика Министерлер Кеңесінің және Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет хатымен марапатталды. Бұл шындығында да екінің біріне көрсетіле бермейтін зор құрмет еді. Екі жылдан кейін берілген Қостанай облысындағы Тобыл ауданының комсомол комитетінің грамотасы да Сайынның Қазақстан тыңында да өз қолтаңбасының қалғанын көрсетеді.
Сайынды көрген, онымен жұмыстас, мүлделес болған адамдар оның жан-жақты, сегіз қырлы бір сырлы азамат екенін айтады. Өмірінің соңына дейін жолдас еткен, оның өлке жерінде дамуына көмегін тигізген «Спорт» атты әлемге ол сонау студент кезінен-ақ араласқан. Алматы қалалық және облыстық жарыстарында самбо күресінен ол талай рет институт намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болды. Сонымен бірге ол қазақша күрес жөнінде нұсқаушы, білгер маман екендігін де көпшілікке көрсете білді.
Институтты 1962 жылы ойдағыдай бітіріп, сүйікті жары Фаридамен қол ұстасып, туған жеріне келген Сайын Ақтау қаласындағы Каспий тау-кен комбинатында жұмысқа кіріседі. Ол кез, өлкедегі осы бір беделді мекеменің жергілікті ұлттық кадрлерге әуестігі жоқ болатын. Істей қалған күннің өзінде де оларға сенімсіздікпен қарап, көзге шыққан сүйелдей қылатын. Бірақ Сайын өзін де, өзге ұлттастарын да қорлауға жол бергізбеді, сөзге салса тіресті, күшке салса күресті. Өндірісте озат, сөзге шешен, қоғам ісіне белсене араласатын жігерлі жасты көп кешікпей Ақтау қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметіне сайлады. Туа біткен қайсарлығы, әділет үшін жанын беруге әзір тұратын бірбеткейлігі мен күрескерлігі тоғышарлар мен бюрократтар мекемесінде көп тұрақтатпады. Халықпен, даламен біте қайнасқан Сайын көп ұзамай сұранып, мұнай саласына қызметке кетті. Дөң үстінен ызғи соққан бораны да, шілденің миды тесіп өтер ыстығы да оны мойытпады, оның жанары жасқанбады. Содан болар 1966 жылы Сайынның бригадасы Жетібай мұнайын игеру тарихында қалды.
1971 жылға дейін мұнай саласында оператор, жер асты жөндеу жұмыстарының шебері, учаске бастығы, Өзен, Жетібай кеніштерінде, «Манғышлақнефть» бірлестігінде инженерлік жұмыстарында болды. Мұнай саласының жетік маманы ретінде қалалық, облыстық дәрежедегі марапаттаулармен қатар ҚСРО Мұнай министерлігінің Құрмет грамоталарымен де марапатталды.
1971 жылдан 1977 жылға дейін Жаңаөзен қалалық және Маңғыстау облыстық партия комитеттерінде өндірістік-транспорт бөлімдерінде істеді. 1977-1980 жылдар аралығында «Маңғышлақнефть» бірлестігінің партком хатшысы, 1980-1984 жылдары кәсіподақ ұйымының төрағасы, 1984 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін осы бірлестіктің құпия бөлімін басқарды.
Сайын алғаш рет Ақтау қаласында өткен Каспий жағалауында орналасқан елдерді қамтитын «Каспий – достық теңізі» фестивалін ұйымдастырып, халықтар достығының, өнерінің қалыптасып, дамуына зор еңбегін сіңірді. Мұнан басқа да Сайын Қазақстаннның 60 жылдығына арналған фольклорлық шаралардың өтуіне, мұнай және газ өнеркәсібінде істеген әйелдердің бірінші слетінің өтуіне, қаламызда алғашқы Наурыз, Амал мейрамының өткізілуіне бастама көтеріп, олардың ұйымдастырылуына көп еңбегін сіңірді. Сонымен қатар еліміздің өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болуына алғышарттар жасаған дарабоз тұлғаның бірі де бірегейі осы Сайын Шапағатов болды.
Ол қоғам алдындағы борышын дұрыс түсінді. Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы болып есептелінетін Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы, Өзен оқиғалары еркіндікке ұмтылудың бастамасы болды. Осы Өзен оқиғасы тұсында Сайынның өзі бас болып, Ақтауда үлкен митингі өткізді. Ол құрған Қазақстандағы алғашқы демократиялық ұйым «Парасат» осы кезде өмірге келді. Үлкен бедел жинады. 1989 жылғы 1-ші шілде күні қала жұртшылығының өкілдері қатысқан құрылтайда қабылданған «Парасат» ұйымының 14 баптан тұратын бағдарламасында: ана тілін үйрену, жергілікті халықпен тікелей араласатын басқа ұлт өкілдерінің оны білуі, туған өлке тарихын білу, әдеби мұраны жинақтау, ежелгі салт-дәстүрлерді жаңғырту, тарихи ескерткіштерді қорғау, әулие аталарымызды құрметтеу, дәстүрлі дінді дамыту, мешіттер салу, ұлттық мектептер мен бала-бақшалар салып, дамыту, бюрократизмге қарсы күрес, халықтар достығы айрықша атап көрсетілді.
Маңғыстауға келген ирандық қазақтарды қарсы алуда, Ақтау қаласына бұрынғы атауының қайта қойылуына оның тынымсыз сіңірген еңбегі ұшан – теңіз. Ол сонымен қатар Мәскеуге халық депутаттарының съезіне, сол кездегі жоғарғы басшыларға (Горбачевке, Колбинге, Назарбаевқа, Бекбосыновқа) үсті-үстіне жеделхаттар мен халықтың талап-тілегін, қолын жинап жіберіп, ел ішіндегі ахуалды, бұхара жұртшылыққа қажетті үрдістерді баян етіп, оның орындалуын талап етіп отырды.
Сайынның ұлан-ғайыр істеген жұмыстарын санамалап жату мүмкін емес. Бекет Ата басына жұртшылықты жинап, көлік ұйымдастырып, алғашқы сапар ұйымдастырудың басында да Сайын болатын.Сол кездегі өңірдегі газет «Маңғыстаудың» жабылып қалып, қайта ашылғанда оның кең көлемде таралуына кедергі болғандарға қарсы күресіп, шырқырап араға түскен де Сайын еді.
Қорыта айтсақ, Сайын Шапағатов өлкеміздің дамуына, тәуелсіздіктің көк байрағының желбіреп, өз алдымызға ел болуымызға бар болмысы, жан дүниесімен еңбектенген туған өлкенің данышпан ұлы, қазақ елінің қоғам қайраткері. Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбай ағамыз айтқандай «Ол өзінің аз ғана ғұмырында бүтін бір ұрпақтың жүрегінде өшпестей із қалдырған, өз халқына қызмет етуде барлық жаңалықтар мен жақсылықтар үшін үлгі болған үлкен тұлға». Тәуелсіздігіміздің керегесін жайып, уығын шанышқан ел батыры қашанда халық жүрегінде.
Айсағали НҰҒМАНОВ
Тағы оқыңыздар: Facebook адамдардың түр-келбетін анықтайтын жаңа функцияны іске қосады