Баутин ауылында спорт кешені ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты жиынға Түпқараған ауданының әкімі Р. Елтизаров, Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ. Жұмабаев, аудан ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиынның шымылдығын ашқан аудан әкімі Рахат Тезекбайұлы Елтизаров тұрғындарды мерекемен құттықтап, спорт кешенінің жұмысына сәттілік тіледі.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында дене шынықтыру мен спорт әр қазақстандықтың денсаулық негізі деп атап, саламатты өмірді дамытуға аса назар аударуда. Президентіміздің бұл саясатын жүзеге асыру мақсатында біздің ауданда да бірнеше жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауданымыздың спортшылары халықаралық, республикалық, додаларға қатысып, жеңістерге жетіп, ауданымыздың атын асқақтатып, көк Туымызды желбіретіп жүр. Спорттық кешендер спорттық құрал –жабдықтармен толық жабдықталған. Қала, ауыл тұрғындарына тегін спортпен шұғылдануға жағдай жасалған. Бүгін өздеріңіздің қатысуларыңызбен тағы бір спорт кешенін тұрғындар игілігіне бергелі отырмыз. Спорттың қай саласы болмасын спортты дамыту арқылы салауатты ұрпақ тәрбиелеу басты міндеттеріміздің бірі болып табылады. Спортты серік еткен күнде ғана ертеңіміз жарқын, болашағымыз айқын болары сөзсіз. Баршаңызды спортты серік етуге шақыра отырып, болашағымыздың бүгіннен басталатынын және болашақтың тізгінін ұстар өскелең ұрпақ сау да салауатты болып тәрбиеленуін ұмытпағанымыз жөн деп есептеймін. Мереке құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін», - деді аудан әкімі Р. Елтизаров.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға спорт шеберлігіне үміткер куәлігін табыстады.
Салтанатты түрде лента қию құрметі спорт саласының ардагері, "Дене шынықтыру және спорт саласына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгісінің иегері Нұргелді Демеуов, спорт ардагері, "Ауыл Еңбегі" медалінің иегері Қуантқан Төлегенов және жақын арада кикбоксингтан ҚР чемпионатында топ жарып, әлем чемпионатына жолдама алған жас спортшы Аманбек Ерікұлына берілді.
Баутин ауылы мен Аташ елді мекеніне ортақ спорт кешені «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жергілікті бюджет қаражатына салынды. Сыйымдылығы 100 орынға шақталған спорт кешенінің құрылыс жұмысы былтыр сәуір айында басталды. Онда 10 спорт түрі бойынша үйірме жұмыс істейді. Үйірме қатарында футбол, волейбол, баскетбол, дзюдо, қазақша күрес, бокс, қол күресі, бес тас, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары бар. Ауыл жастары тегін жаттыға алады.