Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязов бастаған жұмыс тобы бүгін "Кендірлі-Қаясан" мемлекеттік қорығына қарасты Набар будақ, Тайғыр, Бопай бекеттері маңында шабындық жұмыстарын жүргізуші шаруа қожалықтарының жұмысымен танысу үшін арнайы барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жұмыс тобының құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Қалдығұл, аудан әкімі Қ.Беков, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Құсайынов бар.
Жұмыс тобы алдымен қорық аумағынан шабындық жұмыстарын жүргізіп жатырған "Жанболат" шаруа қожалығының жұмыстарымен танысып, содан соң, "ДЕТК" және "Ержан" шаруа қожалықтарының шөп шабу қарқынын көріп жоғары бағалады. Аталған кәсіпкерлер жұмысшы күші мен арнайы техникаларды пайдаланып, бір күнде 1000-ға тарта түк шабындық жүргізіп, Бостан, Құланды, Сенек ауылдарына жүк көлігімен тасымалдап жатыр.
Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары күн тәртібінен түспей отырған мәселенің шешілуіне, шілденің шіліңгір ыстығында мал азығын дайындауға үлес қосып жатырған шаруаларға алғысын жеткізді.