Мұнайлы ауданындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орталық мәдениет үйінде қазақтың батыры Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай «Сөз сөйлеймін термелеп» атты термешілер байқауы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара мақсаты - ұлт мұрасы – жыраулық өнердің тінін жалғап, дәріптеп жүрген жас жырауларды халық алдына шығарып, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдау және жан-жақты қолдау көрсету болып отыр.
Жыр додасына 19 оқушы өтінім білдіріп, 18 өнерпаз қатысып, бақ сынады. Жас жыраулар алдымен, Махамбет Өтемісұлының шығармаларынан бір терме-толғау орындаса, екінші кезеңде оларға тақырып еркіндігі берілді.
- “Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады”, демекші өнерпаздардың қай-қайсы да өте жақсы дайындықпен келген. М.Өтемісұлының жырлары рухты, жігерді қажет етеді. Сондықтан жанарында от жанған жалынды жастарымыз мақамына келтіріп орындай білді. Әрқайсы да қошеметке лайық. Киелі өнердің тарихын тереңнен толғай келе, жыр тұлпарын тақымдап келген жас жыраулардың додада шаң қауып қалмай, бірі-бірімен қапталаса шапқанына сүйсініп, олардың болашағынан көп үміт күтеміз,- деді Фариза Оңғарсынова атындағы мәдениет үйінің директоры Ақмарал Нәрембаева.
Қазылар алқасының шешімі бойынша І - орынға Рамазан Орынбасар, ІІ - орынға Илесбай Бақдаулет, Ақыл Дүйсен, Ұланғайыр Аманкелді, ІІІ - орынға Ерұлан Ислам, Дарын Дүйсенғали, Алихан Ұқшамбаев, Жансұлу Әбдімәжит, Мөлдір Бағлашова иеленсе, қалған 9 қатысушы аталған байқауға қатысқаны үшін алғыс хаттармен марапатталды.