Мұнайлы ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар дауыс берді.
Қызылтөбе ауылында 1-топ мүгедегі Жарылғап Жиенбаев сайлау учаскесіне өзі келіп, таңдауын жасады. Оның айтуынша, әр адам сайлауға қатысу - парызым деп
санау керек.
- Сайлауға әр адам келу керек. Себебі, ұлттың болашағы, елдің болашағы өз қолымызда. “Жаңа Қазақстан” құруға атсалысатын халық үнін тыңдайтын адамды біз таңдаймыз,-деді Жарылғап Жиенбай.
Сондай-ақ, Маңғыстау ауылында тұратын Құлжаевтар отбасы өз таңдауын жасады.
74 жастағы Тағыберді Құлжаев пен оның жары 68 жастағы Гүлзираш Есетаева көп балалы отбасы. Биыл олардың отау құрғанына 50 жыл толмақ.
- Еліміз тәуелсіздік алғалы бері барлық сайлауға қатысып келеміз. Президентті, Парламентті сайлау науқандарында белсенді болып дауыс бердік. Осы сайлау да әділ өтеді деп сенеміз. Ел ертеңін сеніп табыстаймыз. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Барша халқымды мерекемен құттықтаймын! - деді жетпісті алқымдаған Тағыберді Құлжаев.