Биыл Мұнайлы ауданының орталығы, Маңғыстау ауылындағы екі қабатты 12 үйдің қасбеті мен шатыры жөнделді.
Атап айтсақ, 16, 17, 18, 19-шы үйлерге жөндеу жұмыстары мамыр айының басында басталып, тамызда біткен болатын. Үйлердің қасбеті тұрғындардың сұранысы бойынша сары түске боялып, шатыры металлға ауыстырылды.
- Осыған дейін тұрғындардың сұранысымен жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, бюджеттік өтінім берілген болатын. Ол қолдау тауып, қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып-алу конкурсында мердігер мекеме “ҚазСтройГрупп” ЖШС жеңіп алып, 16, 17, 18, 19-үйлердің жөндеуін аяқтады. Әрі қарай ескі үйлердің сыртын жаңарту жалғасты,-деді ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Мақсат Созақбаев.
Қазан айында #2,3,4,5, 6, 8, 10-үйлерге де жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер мекеме “Ясира групп” ЖШС қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмысы 90%-ке аяқталып, бітіп тұр.
Аталған өзгеріске тұрғындар дән риза. Олар көптен бері жаңартуды сұрағанын айтады.
- Жаңбыр кезінде үйден су кететін еді. Үнемі жаңбыр жаумаса екен деп тілейтінбіз. Енді міне, уайым болмайды. Жалпы, бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген үйлер ғой. Әкімге ризамыз,-деді тұрғын Айткүл Жұбанова.
Құрылыс барысын аудан әкімі Ержан Күмісқалиев үнемі қадағалауда ұстады. Ол мердігер мекеме басшысы және ауыл әкіміне жұмыстарды тиянақты, сапалы жасауды, уақытына сәйкес бітіруді тапсырған болатын.