Бүгін аудан әкімі Ержан Күмісқалиев Мұнайлы ауданының автобус паркіне 13 дана қоғамдық көліктің кілтін табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Автобустар Қостанай облысының «СарыАрқаАвтоПром» АҚ-ның зауытында құрастырылған. «Анкай» және «Вектор Некс» маркалы көліктер экологиялық таза дизель отынымен жүреді. Еуро-5 стандарттарына сәйкес келетін газ қозғалтқыштарымен жабдықталған.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін төмен еденді етіп құрастырылып, арнайы көтергіш құралы орнатылған. Жаңа қоғамдық көліктерде қауіпсіздік шарасы да қарастырылған. Бейнебақылаумен жабдықталған. Жазда тұрғындарға ыңғайлы болу үшін салқындатқыш қойылған.
Аудан әкімі тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, жаңа қоғамдық көліктер мұнайлылықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттылған маңызды қадам екенін атап өтті.
- Бұл Мұнайлы ауданының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық! Себебі Қызылтөбе, Батыр ауылынан Ақтауға қатынайтын жолаушылар көптен бері жаңа автобусты күткен. 2024 жылдың соңына дейін Мұнайлы ауданынан қатынайтын барлық қоғамдық көлікті толықтай жаңарту жоспарланып отыр,-деді Ержан Күмісқалиев.
Айта кетейік, 8 автобус 103 “Ақтау-Қызылтөбе-Ақтау” және 104 “Ақтау-Атамекен-Ақтау” маршруттарына берілді
Жаңа Тасымалдаушы мекеме - “Каспий Транс Корпоррейшн” ЖШС.
Ал, 5 автобус “Ақтау-Қызылтөбе 2 - Ақтау” және “Ақтау-Батыр-Ақтау” маршрутына қосылды. Тасымалдаушы мекеме - Жеке кәсіпкер Сырлыбай Бисенұлы Айғарақов.
Жаңа автобустарға Қызылтөбе және Батыр тұрғындары дән риза.
- Бұл жаңалыққа қуанып тұрмын. Өзім Қызылтөбеден қалаға қатынаймын. Ескі автобустар шаң, тар, жазда тіптен ыстықтан адамдар құлап қалатын кездер болатын еді. Көптен бері сұрап келе жатырмыз. Енді автобустарымыз жаңарды. Әкімдікке рахмет,-деді Қызылтөбе тұрғыны Айнаш Көбегенова.
Басқарма тарапынан 2024 жылдың соңына дейін Ақтау қаласынан Мұнайлы ауданына қатынайтын барлық қоғамдық көлік маршруттарындағы автобустарды толықтай жаңарту жоспарланған.