Биыл Мұнайлыда 1000-нан астам мүгедектігі бар тұрғын қажетті құралдармен қамтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Азамат Жаппаровтың айтуынша, биыл 1 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар қажетті құрал жабдықпен қамтылған, оның ішінде кресло арба, протездік-ортопедиялық құралдар бар.
- Атап айтсақ, жыл басынан бері 47 бүлдіршін кресло арбамен, 350 бала қыстық және жаздық аяқ киім, жүріс арбасы (ходунок) және туторлар сынды протездік-ортопедиялық құралдармен қамтылды. Бұдан бөлек, 364 мүгедектігі бар балаларға жөргек, жаялық сынды жеке гигиеналық заттар берілді,- деді Азамат Жаппаров.
Көмек алған Басқұдық ауылының тұрғыны өз рахметін айтты.
- Менің 2 мүгедек балам бар. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан оларға арналған гигиеналық және ортопедиялық құралдарды уақытында алып отырмыз. Қызмет көрсетіп отырған мамандарға айтар алғысым шексіз,- деді тұрғын.
Сондай-ақ, жыл басынан бері 106 мүгедектігі бар бала 1-шағынаудандағы оңалту орталығына жіберілген. Онда невропатологтар, функционалды медициналық оңалту (ФМО) мамандары, психологтар, логопедтер, массаж терапевтері, жаттығу терапиясы және физиотерапия нұсқаушылары балаларға көмек көрсетеді.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, арнайы жабдықталған дене шынықтыру бөлмелері балалардың денсаулығын тез қалпына келтіруге көмектеседі. Ал монтессори педагогикасын қолдану өздігінен дамуға септігін тигізеді. Орталықтың ерекшелігі әрбір баланы оңалту жеке бағдарлама бойынша жүргізіледі және облыстың басқа аудандарынан келген балаларға барлық жағдайлар бар.
Келесі жылы да 100-ден астам баланы орталыққа жіберу жоспарланған.