Мұнайла ауданындағы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 мектепте аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жаңа жылдық кешке аудандағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 250 бала қатысты. «Жаңа жылға саяхат» деп аталатын мерекелік ертеңгілікке аудан әкімі Ержан Күмісқалиев қатысты. Шараға жиналған бүлдіршіндерді құттықтап, арнайы сыйлық табыстады.
Аудан басшысы жаңа жыл барлығы күтетін ғажайып және әр бала үшін жаңа арманға толы көңілді мейрам екенін атап өтті. Аудандық мәдениет үйі жанындағы хореография кіші би тобының қатысушылары, вокал үйірмесінің тәрбиеленушілері балаларға өз өнерлерін көрсетті.
Балақайлар безендірілген мерекелік шыршаның жанында Аяз ата және Ақшақармен бірге би билеп, ән салды. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары алуан түрлі ертегі кейіпкерлерін сомдап, кеш көңілді бағдарламамен жалғасты.