Кәсіпкер Ақылбек Жайылбаев пандемияға қарамастан пенопласт өндіру кәсібін бастады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау ауылында орналасқан цехта күніне 60 м3 пенопласт шығарады. Шикізатты Ресейден сатып алып, Атырау, Ақтөбе, Қостанай мен Шымкентке экспорттайды. Маңғыстау облысында пенопласқа деген сұраныста аз емес.
«Негізі пенопласты түріктер өндіреді әрі оны құрылыс саласында әуелден қолданады. Тұрғын үйлердің сыртқы фасадына бауырлас ел пенопласты әсемдеп, әрлеп, жабыстырады. Соңғы жылдары Ақтау қаласында құрылыс қарқын алды. Жергілікті құрылыс компаниялары да осы тәсілді қолдана бастады. Негізі пеноплас әрі пайдалы, әрі арзан. Өйткены бұл материал қыста үйдің жылуын сақтап тұрса, жазда ыстық өткізбей, үй салқын болады», - деді цехтың өндіріс саласына жауапты маман Абдулла Ақмұрзаев.
Бүгінгі күні жеке кәсіпкер 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цех басшылары жақын арада цехтың өндіріс көлемін арттырып, тағы 10-12 азаматты жұмысқа қабылдауға әзір екендігін жеткізді. Сондай-ақ жақын арада дәл осындай тағы бір цех іске қосылмақ.
«Кәсіптің осы түрін біздің облысқа, оның ішінде Мұнайлы ауданына алып келіп, өндіріс саласына өз үлесімді қосқым келді. Ойымды жүзеге асыру үшін "Нұр капитал" бағдарламасымен 22 миллион теңге алып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Ісім өрге домалап келеді», - деді жеке кәсіпкер Ақылбек Жайылбаев.