Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қалиева мәлім етті.
«Аудандағы білім беру ұйымдарында кадрлармен қамтамасыз ету бойынша мәселе жоқ. Жалпы алғанда аудандағы педагог саны 1 719 адамды құрайды. Өткен жылдың соңында химия, музыка, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне 9 қажеттілік болды. Дегенмен биылғы бітірген жас мамандарды жұмысқа қабылдау бойынша іріктеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті кадрлар жұмысқа қабылданды», - деді Светлана Қалиева.
Спикердің айтуынша, жаңа оқу жылында 3 бастауыш, 1 мектеп-интернат, 1 мектеп-бөбекжай кешені, 17 жалпы білім беретін мектеп, 30 балабақша өз жұмысын бастайды. Барлық білім беру ұйымында «Ashyq» бағдарламасы енгізілді. Аудан мектептерінде дезинфекциялық туннельдер, сұйықтықтар, санитарлық құралдар орнатылған.
«1 қыркүйекте өтетін салтанатты шара дәстүрлі форматта мектеп аумағында 1 сынып оқушылары үшін ұйымдастырылады. Оларға салтанатты түрде «Әліппе» табысталады. Ал, 2-11 сынып оқушылары бекітілген кабинеттерге барып тақырыптық сынып сағаттарына қатысатын болады. Биылғы оқу жылының ерекшелігі сол әр сыныпта 20-25 оқушыдан асырмай дәстүрлі форматта ұйымдастырылады. Аудан бойынша биылғы оқу жылына 1-11 сынып арасында 8600 оқушы, 1 сыныпқа 918 оқушы және мектеп алды даярлық тобына 840 оқушы келеді деп жоспарланды. Биылғы оқу жылында сатып алынатын оқулықтар түгелдей мектептерге жеткізіліп, оқушыларға таратылды», - деді Светлана Қалиева.