«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашылған Маңғыстау ауданының сервистік әкімдігінде жыл басынан бері 147 тұрғынға кеңес берілді. Бұл туралы Antikor.live жобасы аясында өткен тікелей эфирде аудан әкімі Тілек Көшмағанбетов мәлім етті.
Аудан әкімінің сөзінше, сервистік әкімдікте көрсетілетін мемлекеттік қызметтің мақсаты- халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мен сыбайлас жемқорлық деректеріне жол бермеу. Сондай-ақ, әкімдік қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және білім беруді қалыптастыру бағытында семинар, тренингтеріне қатысу, заңнамалық түсіндіру шаралары мен ақпараттық анықтамаларды тарату жұмыстары жиі жүргізілетінін атап өтті.
Тікелей эфир барысында Тілек Жеткізгенұлы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, эфирде комплаенс қызметі жұмысын ұйымдастыру шаралары сөз болды.
«Қазіргі таңда комплаенс қызметі бойынша түсіндіру үшін ақпараттық хаттар жолданды. Әкімдікке қарасты 6 мекемеде комплаенс қызметіне жауапты маман бекітілді» деді Тілек Көшмағанбетов.
Бұдан бөлек, эфирде Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен аудандағы шешілмей келе жатқан күрделі мәселелер де талқыланды. Тұрғындар тарапынан келген сұрақтарға аудан әкімі жауап берді.
Жармыш ауылына су тарту мәселесіндегі кедергілер мен жұмыстың аяқталмай қалу себептері туралы баяндаған әкім құбыр тарту жұмыстары биыл басталады деп сендірді.
Сондай-ақ, аудан әкімі қазіргі таңда қоғамда қызу талқыланып жатқан жем-шөп жетіспеушілігі туралы мәселелі сұраққа қатысты атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Тілек Жеткізгенұлының сөзінше, Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары арасында шөп жеткізу бойынша меморандум бар.
«Меморандум аясында Ақтөбе обылысынан жем-шөп жеткізіліп отыр. Одан бөлек, ауданда 7 кәсіпкер жем-шөп жеткізумен айналысып келеді» деді Тілек Көшмағанбетов.