Наурыз айы тамаша мерекелерге бай. Ең басты мерекенің бірі Ұлыстың ұлы күні мейрамы да келіп жетті. Шығыс күнтізбесі бойынша осы күндерден табиғаттың оянуы басталады, ол өзімен бірге көптен күткен жылу, мейірім және көктемді әкеледі. Бұл мереке әрбір елді мекенде, мекемеде ерекше қарқынмен, шаттықпен аталып келеді.
Орталық аудандық кітапхана да бұдан қалыс қалған жоқ. Бұл күні Наурыз мерекесін қарсы алуға келген оқырмандар үшін кітапхана есігі айқара ашық болды. Қонақтар арасында руханият ордасында бірнеше жыл қызмет атқарған еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер болды. Қазақи құндылықтармен безендірілген оқырман залының бір жағына қонақтар жайғасты. Кітапхана директоры Г.Қасымова, «Көктеммен келген ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын. Жыл басы жақсылықпен басталып, басымыз аман, бауырымыз бүтін болып, жылдан-жылға жете берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деп мерекелік құттықтауын жеткізді.
Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық, халық өмірінің айнасы. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей, тәрбиелей білген. Шара барысында «Тұсау кесер» дәстүрі көрсетілді. Тұсауы кесілген сәбидің қадамына сәттілік тілеп, үлкендер батасын берді.
Мұнан соң қазақтың ұлттық құндылықтарын ұрпақ жадында жаңғырту үшін кітапхананың жас оқырмандарына шашақ жасау, ұршық иіру, құрақ тігу өнерлерінен шеберлік сыныбы көрсетілді. Қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық киімі, тағамы, ою өрнегі шараның шырайын аша түсті. Мерекелік көңіл-күй сыйлап, қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрдің айшықты бейнесі көрсетілген шарада қонақтар мен ақ жаулықты аналар лебіздерін білдірді.
Дина УТЕПБЕРГЕНОВА