Маңғыстау ауданына қарасты Шайыр мектебінің мұғалімі Орынгүл Қызылғұлова М.Мақатаев оқуларында «Шеше, сен бақыттысың» өлеңіне қойылым дайындады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұртшылықты ерекше туындысымен таңқалдырған шайырлық ұстаз бас жүлдені жеңіп алды.
«Өзім география пәнінің мұғалімі болсам да осы сайысқа неге қатысып көрмеске деген ой келді. Себебі әдебиетке жақын болғандықтан кішкентайымнан мәнерлеп өлең оқуды ұнатамын. «Шеше, сен бақыттысың» өлеңіндегі көлеңкелі қойылымының сценарийін сол жерде жаздым. Енем, жолдасым, баламмен бірге композицияны 2 сағаттың ішінде түсірдік. Әділқазылар тың дүниение деп оң бағасын бергенде расымен қуандым. Өнер бағаланса өнерпаз үшін одан артық марапат жоқ.»,-деді Орынгүл Қызылғұлова.
Орынгүл Қызылғұлованың айтуынша, көлеңкелі қойылымын жарыққа шығаруға Шайыр мәдениет үйі мен режиссер жолдасы Серікболсын Әділбайдың негізгі идеясынан туған. Жас режиссер бұған дейін Мұқағали Мақатаевтың "Аққулар ұйықтағанда" поэмасы желісінде дайындаған қойылымдары көрерменнің жүрегіне жол тапқан. Өнерлі жұп алдағы уақытта жаңа бағыттағы туындылар дайындауды жоспарлап жатыр.