Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының мектеп оқушысы Райхан Қасымқызы «Қазақстан балалары шексіз әлемде» атты балалар кинофестивалінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Республикалық байқауда Маңғыстау қоржынына күміс жүлде салған Райхан Қасымқызы «Анимациялық кино» номинациясы бойынша бақ сынады. Ол М. Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназиясының 9-сыныбында оқиды. Өнерлі жастың анимациямен шұғылданып жүргеніне екі жылға жуықтады.
«Фестивальге мамандық таңдаудың маңыздылығын көрсететін анимациялық фильміммен бақ сынадым. 1000 кадрден тұрады. Осы туындыға ең ұзақ уақыт пен көп күш жұмсадым. Анимациялық киноларымды «Procreate» бағдарламасымен жасаймын. Бұл – классикалық анимация жасау стилі. Анимацияның атасы саналатын Хаяо Миядзаки мен Макото Синкайды үлгі тұтамын. Болашағымды осы саламен байланыстырамын», - деді Райхан Қасымқызы.