Маңғыстау облысында құрғақшылық салдарынан малдың қырылуына байланысты жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Маңғыстау облысындағы мәселе бұл өңірде жем-шөп өсірілмейтіндіктен туындап отыр. Мәселен, 2020 жылы жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында қыс ішінде басқа өңірлерден 28 мың тоннадан астам шөп және 33 мың тоннаға жуық дайын жем жеткізілген болатын.
Маңғыстау өңірінде соңғы 2-3 жылда жауын-шашынның аздығынан құрғақшылық болып келеді. Құрғақшылық әсіресе биыл ерекше. Соның салдарынан мал шығындалды.
Осыған байланысты биыл 21 мамырда Ауыл шаруашылығы министрінің №168 бұйрығымен Маңғыстау облысындағы ауыл шаруашылығы секторының проблемалық мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы 26-30 мамыр аралығында аймаққа барып, тұрғындармен және фермерлермен кездесті, жедел шаралар қабылдау үшін ұсыныстар дайындалуда», - деді министрліктен.
Сондай-ақ, арнайы штаб құрылып, көршілес облыстардың әкімдіктерімен Маңғыстау облысының малын қажетті жем-шөп қорымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Каспий» ӘКК арқылы қысқы мал азығы қорын жинау үшін облыстық мәслихаттың шешімімен жергілікті бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Сондай-ақ, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ арқылы 1,7 мың тонна арзандатылған арпа жеткізу мәселесі пысықталуда.
ҚР АШМ-нен мәлім еткендей, Қазақстанда мал азығының жеткілікті мөлшері дайындалып келеді. Алайда бірқатар өңірде жергілікті ерекшеліктерге байланысты жем-шөптің тапшылығы мен қымбаттағаны байқалып отыр.
Осы ретте министрлік ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Мемлекет басшысының жеке қосалқы шаруашылықтар мен фермерлік шаруашылықтар үшін жем-шөптің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, министрлік Агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне инвестициялық субсидия ретінде қолдау көрсетеді.
Мысалы, инвестиция салғанда АӨК субъектісі шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау Ережелерінде ауыл шаруашылығы техникасын, машиналар мен жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ құрама жем зауытын іске қосуға жұмсалған шығындардың 25% қайтару қарастырылған.
Бұдан бөлек, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау Ережелері бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен малдың аналық басын өсіру үшін жем-шөп сатып алуға және дайындауға арналған шығындардың құны өтелуі тиіс.
Сүтті және сүтті-етті бағыттағы ірі қара мал үшін норматив бойынша бір басқа 120 мың теңге, ірі қара малдың бір басына 30 мың теңге, ұсақ мал басына 5 мың теңге, жылқы мен түйенің бір басына 20 мың теңгеден субсидия беру қарастырылған.
Осы және басқа да қолдау шаралары АӨК дамытудың қолданыстағы мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген және бұл жем-шөппен қамтамасыз ету арқылы жалпы жағдайдың тұрақтылығын сақтауға жеткілікті.
Мысалы, 2020 жылы Қазақстанда 22,7 млн тонна шөп (қажеттіліктен 106%), 1,6 млн тонна сенаж (100%), 2,6 млн тонна силос (97%) және 4,9 млн тонна сабан (104%) дайындалды. Айта кету керек, бүгінгі таңда елімізде құрама жем өндіретін 120-ға жуық ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ, министрліктің портфелінде осы салада жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша жоспарланған инвестициялық жобалар бар.
«Алайда, бірқатар аймақта жергілікті нақты жағдайларға байланысты жем бағасының өскені және жетіспеушілігі байқалады.
Биыл климаттық жағдайларға байланысты кейбір облыстарда жем-шөп дайындау үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл қолда бар мал басының, әсіресе жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал санының азаюына әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Қызылорда облысының әкімдігі жергілікті тұрғындар мен фермерлік шаруашылықтарға шабындық және егістік жерлерден жем-шөп дайындаап алуға қосымша көмек көрсетеді. Айта кетейік, әкімдік өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жеке қосалқы шаруашылықтар үшін нарық бағасынан 10-15%-ға төмен сатылатын 70 азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Баға тұрақтылығын сақтау үшін жем-шөп тапшылығының алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Негізгі шаралардың бірі – жем-шөп дақылдарын егетін жердің көлемін ұлғайтып, жалпы егіс алқаптарын әртараптандыру», - деді министрліктен.
Сондай-ақ мәлім етілгендей, пайдаланылмай жатқан жайылымдық және шабындық жерлерді анықтау жұмыстары да ұйымдастырылды. 2020 жылы конкурстық жолмен жалпы ауданы 48,1 мың гектар болатын 185 жер учаскесі азаматтарға беріліп, айналымға енгізілді.
«Түркістан облысында да осындай шешімдер қабылданды. Бірақ малды азықпен қамтамасыз ету проблемалары басқа да себептерден туындап отыр. Мәселен, соңғы 20 жылда өңірдегі мал саны 3 есеге артып, 6 миллионнан асқан.
Осыған байланысты өңірде өткен жылдан бастап жем-шөп дақылдарына басымдық беріліп келеді. Биыл жем-шөп дақылдарын егу алаңына тағы 4 мың гектар қосылып, 216,8 мың гектарға дейін ұлғайды.
Агроқұрылымдарды ынталандырудың қосымша шаралары бар. Жем-шөп дақылдарын егу және мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Мәселен, жоңышқа, жүгері тұқымдарын және минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алған шығындарының 50%-ын өтеу қарастырылған», - делінген ведомство ақпаратында.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен мал азығы құнының 30%-ын тікелей субсидиялауға қаражат қарастырылған.
Қосымша шара ретінде Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының әкімдіктері арасында қолжетімді мал азығымен қамтамасыз ету туралы меморандум жасасу жоспарлануда.